Редакция таңдауы

Дина жасаған бұйымдар дүниежүзіне танылмақ

Әр дәуірдің өз бұйымы болады. Мәселен, бүгінгінің қазағына шәйді самаурынға от жағып, қайнатып алып кел дей алмайсыз. Дегенмен, арада қаншама жыл, тіпті, ғасыр өтсе де қолданыстан шықпаған тұрмыстық заттар бар. Солардың бірі – қыштан жасалған ыдыстар мен құмыралар.

Кейіпкеріміз Дина Тұрдыбай қыштан түрлі бұйым жасаудың жолдарын меңгеріп келе жатқан жас. Ол Шымкент қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы №65 гимназия мектебінде 9 сыныпта оқиды. Осыдан екі жыл бұрын оны анасы Зере Әділбекова «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан Оқушылар сарайындағы керамикалық бұйымдар үйірмесіне алып барған екен. Міне, содан бері Дина жетекшісі Әзиза Бақтыбайқызынан қыш өнерінің қыр-сырын үйреніп, көненің көзін жаңғыртуға өз үлесін қосып келеді.
–Мен үш қыздың анасымын. Үлкенім кәсіби спортшы. Одан кейінгі перзентім осы Дина. Ол кішкентайынан өнерге, шығармашылыққа бейім бала болып өсті. Сахнада ән де айтып, би де билей біледі. Сурет үйірмесіне де барған. Алайда, олардың бірде-біреуі Динаны бүгінгідей қызықтырып, құлшындыра түскен жоқ. Динаны осы үйірмеге жетектеп алып келгенімде, оны тағы бір рет сынап көрейін деп ойлағанмын. Бұл өнер қызымның шабытын шыңдап, шарықтата түсті десем болады. Алғашқы күннен-ақ оның алғырлығын байқаған ұстаздары қосымша тапсырма беріп, қолын шынықтыруға кірісті. Мен оның саз балшықтан бұйым жасауға ерекше ден қойғанына шексіз қуанышты болдым.
Екі жылдың жүзі болды. Қызым халықаралық, республикалық, облыстық және қала көлемінде өткізілген байқауларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді, — дейді анасы Зере Әділбекова.
Айталық, биыл елімізде өткізілген «Қазақстан таланттары» байқауында Гран-при иегері атанып, халықаралық байқауға сертификат ұтып алды. Сөйтіп, Ташкент, Катар, Грузия, Бішкек, Түркия елдерінде өнер көрсетті. Биыл «Жұлдыздар әлемі» деп аталған халықаралық байқау екі рет ұйымдастырылды. Соның біріншісінде кейіпкеріміз Бас жүлдені жеңіп алған болса, екіншісінде І орынды иеленді. Сонымен қатар, Өзбекстан республикасы Ташкент қаласында ұйымдастырылған «Дарынды жұлдыздар» халықаралық фестивальде І орыннан көрінді. Түркі елдерінің мәдени астанасы Түркістан қаласында өткен «Тұран дала» республикалық өнер байқауында «Қолөнер» жанры бойынша 11-13 жас аралығындағы қатысушылар арасында үздік өнер көрсеткені үшін арнайы дипломмен марапатталды. Аз уақыт ішінде осындай жетістіктерге жеткен Дина бұйыртса келер жылдың ақпан айында Біріккен Араб Әмірліктері Дубай қаласында, наурыз айында Түркия мемлекеті Стамбул қаласында, сәуір айында Өзбекстан мемлекеті Ташкент қаласында өтетін халықаралық байқауларға қатысуға жолдама алды.
Құмыра жасау үшін адамға ең алдымен шыдамдылық, ыждағаттылық және үлкен ниет керек. Сырт көзге қыштан құмыра жасау оңай дүние секілді көрінгенімен, шын мәнінде оның өзіндік қиындықтары кездеседі. Жасайтын құмыраңыздың көлемі қаншалықты үлкен болса, оның жасалуы да соншалықты күрделене түседі екен. Бұл туралы бізге Дина Өркенқызы былай әңгімелеп берді.
«Құмыра жасау үшін бізге ең алдымен көзеші ұршығы (гончарный круг), одан кейін су, қармақ бауы (леска) қажет. Іске кіріспес бұрын сазды жақсылап июін қандырып, дайындап алу керек. Мұндай кезде саздың ішінде ауаның қалмауына айрықша мән берген жөн. Егер де ауа қалатын болса, онда бұйымның күйдіріліп жатқан кезде жарылып кетуі мүмкін. Одан кейін саз балшықты көзе ұршығының ортасына қойып, дөңгелек формаға келтіреміз. Құмыраның жасалу технологиясы өзгешелеу. Сазды цилиндр тәріздес етіп созуымыз қажет. Оған форма беріп, өнімді айналдыра отырып, жан-жақтарын тегістейміз. Осы кезде саусақтың қимылдап кетпеуі керек. Олай ететін болсақ, құмыраның пішіні өзгеріп аламыз. Ұршықпен жұмыс істеп отырған кезде ары-бері қозғалып, тыпыршып кетуге де болмайды. Ыдыстың не құмыраның пішіні мінсіз болуы – қақ ортасына байланысты. Сондықтан, барынша ыждағаттылық танытқан дұрыс.
Осы процестердің барлығын жасап болғаннан кейін құмыраны түбіне қылмен кесіп алып, өнімді сумен шаямыз. Кептіріп, қызып тұрған пеште 90-120 градус аралығында күйдіреміз. Міне, осыдан кейін ыдысты тұрмыста еркін қолдана беруге болады. Ал, сыртын әркім өз қиялына қарай безендіреді».
Саз балшықтан бұйым жасау өнері өте ертеден келе жатыр. Сондықтан, өлкемізден табылған керамикалық құмыралар біздің тарихымызды танытатын негізгі жәдігер ретінде археологиялық зерттеуге жиі алынады. Оның философиялық мәні де өте тереңде. Дина болашақта ата-бабамыздан мұра болып жеткен асыл өнерді қатарластарына үйретіп, ары қарай тереңірек меңгеруге күш салуды мақсат етіп отыр.

Дилара ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ

Соңғы жаңалықтар