Редакция таңдауы

«Абайды түпнұсқадан оқысаң, бойыңды керемет сезім билейді»

Сүйінші хабар! М. Әуезов атындағы ОҚЗУ жанындағы «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығында хакім Абайдың 180 жылдығына орай тың туынды «Абай. Мүрсейіт қолжазбаларына сүйеніп жасалған транскрипция» атты жаңа кітап жарық көрді.

М.Әуезов атындағы ОҚЗУ «Мұхтартану» ғылыми орталығының
басшысы,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент
Ақжол ҚАЛШАБЕК:

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжол Қалшабек пен PhD докторанты Әзімхан Исабектің авторлығымен жарық көрген бұл еңбек – Абай шығармаларының тарихи қолжазбалық нұсқаларын текстологиялық және терминологиялық тұрғыдан салыстыра зерделеген іргелі зерттеу. Кітапқа Мүрсейіт Бікіұлы, Рахым Жандыбаев және Оразке Уақбайұлы қолжазбалары негіз етіп алынған. Сонымен қатар, онда Абайдың інісі Халиоллаға жазған хатының түпнұсқасы мен транскрипциясы алғаш рет жарияланып отыр.

Туындының тағы бір құндылығы – Абай шығармаларының 1910 жылғы қолжазба факсимилесінің толық нұсқасы ғылыми айналымға енгізілгені. Бұл еңбек – Абайтану ғылымындағы маңызды әрі салмақты жаңалықтардың бірі саналады. Жаңа кітап жайлы толығырақ білу үшін «Мұхтартану» ғылыми орталығының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ақжол Қалшабекпен сұхбаттасқан едік.

 

– Ақжол аға, алдымен бұл еңбекті жазу идеясы қалай туды? Әңгімемізді осыдан бастасақ.

– «Абай. Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбаларына сүйеніп жасалған транскрипция» атты еңбек тұтастай алғанда соңғы он жыл көлемінде жазылған дүние. Ғылыми еңбек жазардан бұрын әуелі идея пайда болатыны белгілі. Абайтануға жақын баруымызға ұстазымыз профессор Мекемтас Мырзахметұлының ықпалы зор болды. Мен ол кісінің жанында 2000 жылдан бері жүріп, жақын араластым. Шәкірті болдым. Ғылыми орта, абайтану, ұлттық идея деген ұғымдарды сырттай емес, іштей сол кісіден қабылдадым. Абайтанудың ішкі қыртыстары мен қыр-сырларына сол кісінің арқасында қанық болдым. Одан соң профессор Әуелбек Қоңыратбаев, Мұздыбай Бейсенбаев, Тәкен Әлімқұлов, Рабиға Сыздықова т.б. еңбектерімен жастай әр уақытта таныс болып жүрдім. Бұл авторлардың еңбектері маған сол кезде өте креативті болып көрінді. Яғни, абайтанудың қатып қалған емес, жанды тірі клеткалары бар нәрсе екенін аңғардым. Асқар Сүлейменовтің «Келер қазақтың да ішер уы мен балы –  Абай» деген афоризмінің өзі жадымда өшпестей боп жатталды. Қысқаша айтқанда, менің Абайды айналшықтауым осылай бірте-бірте басталған сияқты. Нақты кітапқа келсек, әуелі бізді Абайдың «Китәбу тасдиқ» атты еңбегі қызықтырды. Бұл еңбекке мені тартқан бәлкім Ә.Қоңыратбаевтың: «Абайдың ең қиын-қыстау ойларының бірі 38-інші қара сөзі. Бұған әзірге ешкімнің тісі батпай жүр. Мұны түсіну үшін араб тілін білу жетімсіз, сонымен бірге ислам философиясын да білу қажет» деген сөзі болса керек. Кейін Абайдың осы еңбегін шәкіртім Әзімхан Исабекке дипломдық жұмыс ретінде бердім. Кейіннен Абай тақырыбына кіріп, осы күнге шейінгі дайын мәтіндерді оқып қана қоймай, түпнұсқа қолжазбаларды көру керек екен деген мазасыз ой пайда болды. Одан соңғы он жыл сол қолжазбаларды табу, іздеу, қолға түсіру, одан соң оны оқу деген жұмыстармен кетті. Ақыры Абай мәтінін толық түпнұсқа қолжазбалармен салыстырып шығу керек деген мақсатымызға жеттік. Құдайға шүкір, мынау кітап – сол ізденістердің жемісі. Осынша күрделі, қомақты, 700 беттен тұратын еңбекті жарыққа шығару оңай шаруа емес. Кітапты жазу бар, жарыққа шығару бар. Оны жарыққа шығаруға бір топ азамат қол ұшын берді. Олар кімдер десеңіз, қазақтың жоғын жоқтап жүрген жандар.

 

– Аға, енді кітаптың ішіндегі деректерге тереңірек тоқталсақ. Мүрсейіт
Бікіұлы, Рахым Жандыбаев пен Оразке Уақбайұлының қолжазбалары бір-бірінен несімен ерекшеленеді? Сіз үшін олардың ішінде ең сенімдісі қайсысы болды?

– Жұмыс барысында біз Кәкітайдың 1909 жылы Санкт-Петербургтан шығарған тұңғыш кітабының литографиясын, Мүрсейіт Бікіұлының 1905, 1907, 1910 жылғы және бір кейін табылған төртінші қолжазбасын, Тұрағұлдың қолжазбасын (жылы белгісіз), Рахым Жандыбаев, Оразке Уақбайұлының қолжазбаларын, Абайдың өзі жазды деп саналатын «Біраз сөз қазақдұң қайдан чыққанлығы туралы» тарихи еңбегінің қолжазбасын, Абайдың баласы Мағауия мен інісі Халиоллаға жазған хаттарының түпнұсқаларын пайдаландық. Бұл қолжазбалардың әрқайсысының өзіндік орны, ерекшелігі бар. Ал, ең маңыздысы ол – Мүрсейіт Бікіұлы қолжазбалары. Сондықтан да кітаптың аты «Абай. Мүрсейіт Бікіұлының қолжазбаларына сүйеніп жасалған транскрипция» деп аталады. Мүрсейіт қолжазбаларының ішіндегі ең негізгісі – 1910 жылғы қолжазба. Мүрсейіт қолжазбаларын біз Алматыдан (ҚР БжҒМ ғылым комитеті. «Ғылым ордасы» РМК. Орталық ғылыми кітапханадан –ред.), қалған қолжазбаларды Семей архивінен алдырдық.

Жұмыс барысы оңай болған жоқ. Көгерген, ескірген, бір жері анық, бір жері бұлыңғыр, көмескі, бір жері сау, бір жері бүлінген, жыртық-жамау ескі қолжазбаларды ежіктеп оқу оңай іс емес. Өте қиын азапты шаруа. Жұмыс барысында біз мәтінді ғана оқыған жоқпыз. Әр жолды, әр әріпті, әр дыбысты, әр үтір, нүктені оқыдық. Бірақ, бір ғажайып нәрсе бар. Абайды түпнұсқадан оқысаң, бойыңды керемет сезім билейді. Ерекше күй кешесің. Абайды жақында тұрғандай сезінесің. Бұл күйді тек түпнұсқадан оқығанда ғана байқауға болады. Сол Абайдың бөлекше рухани қалпын қалың жұртқа мүмкіндігінше дәл жеткізу үшін қолжазбаларды транскрипция жасадық.

 

– Абайдың Халиоллаға жазған хаты – осы еңбектегі бірегей жаңалықтардың бірі. Бұл хаттың ғылыми, тарихи, әдеби құндылығы туралы не айтасыз?

– Абайдың Халиоллаға жазған хатын алғаш рет архивтен тауып жариялаған – академик Әлкей Марғұлан. Біз сол Әлекең тапқан хаттың қолжазбасын архивтен алып, қайта қарап шықтық. Көп емес, аздаған түзетулер енгіздік. Және тұңғыш рет осы хаттың факсимелесін жарияладық. Дәл осындай түрде Амантай Исин тапқан Абайдың баласы Мағауияға жазған хатының да мәтінін бердік. Факсимилесін сапасы онша болмаған соң жарияламадық.

 

– Абайдың 1910 жылғы қолжазба факсимилесі алғаш рет толық жарық көріп отыр. Осы дерек Абайтануға қандай жаңа бағыт немесе ой қосады деп ойлайсыз?

– Иә, Мүрсейіттің 1910 жылғы қолжазбасының факсимелесі осы кітапта тұңғыш рет беріліп отыр. Ол Абайдың текстологиясымен айналысатын зерттеушілер үшін құнды құжат, әрі қызықты дерек деп ойлаймыз.

– Бұл кітап Абайтану ғылымындағы қандай олқылықтың орнын толтырады деп есептейсіз? Жалпы, Абай шығармаларын транскрипциялау барысында бұрынғы басылымдарда орын алған қателіктер байқалмады ма?

– Біздің жұмысымыздың ерекшелігін кітаптың тақырыбы айқындап тұр. Яғни, біз Абайдың еңбектерін толық түрде түпнұсқадан транскрипция жасап шықтық. Бұрынғы басылымдарда бұлай жасалынбаған. Өйткені, транскрипция жасаудың өзіндік қалыптасқан ережелері бар. Транскрипция, қарапайым тілмен айтқанда, қаламгердің қолжазбасын әр әріп, әр дыбысты, әр сөйлемді түпнұсқадан ауытқымай дәл бере білу.

Ал, енді «не айырмашылық бар?» деген сұраққа келсек, Абайдың «Китәбу тасдиқ» шығармасынан бір үзінді келтірейін. Өзіңіз өзге басылымдармен салыстырып көріңіз:

«Ъақл көзі менен қара: күн қыздырұб, деңізден булут чығарады екен. Ол булутлардан йағмур йауыб, жер йүзінде нече түрлі данәләрні өстіріб, йемішлерні өндүрүб, көзге көрік, көңілге рахат гул -байчечакләрні, ағач-йафрақларны, қант – қамысларны өндүрүб, нече түрлі нәбәтәтләрні  өстіріб, хайуанларны  сақлатыб, бұлақлар ағұзұб,  өзен болұб, өзенлер ағұб, дариа   болұб, хайуанларға, құсқа, малға сусұн, балықларға орұн болұб жатыр екен. Жер мақтасұн, кендірін, йемішін, кенүн; гүлләр гүлін; құслар жүнүн, етін, йумырқасун; хайуанлар етін, сүтін, күчін, көркін, терісін; сулар балығын; балықлар икрасын; һәттә ара балын, балауызын; құрт  ифәгін – һәммәсі адам баласының файдасына йасалыб, һеч бірінде бұл менікі дерлік бір нәрсе йоқ, бәрі – адам баласының таусылмас азығы. Мілион хикмәт бірлән йасалған машина – фабрикләр  адам баласының рахаты, файдасы үчүн йасалса, бұл Йасаучы мухаббәт бірлән адам баласын сүйгенлігі емес бе?»

 

– Жас зерттеушілер мен болашақ абайтанушыларға қандай кеңес берер едіңіз? Енді олар қай бағытта терең ізденгені абзал?

– Жас зерттеушілер Абайға бару үшін жан-жақты болу керек. Батыс пен шығыстан фундаментальды түрде хабары болу керек.

 

– Абайдың шығармаларын ғылыми тұрғыдан зерттеген кезде өзіңіз үшін тағы қандай жаңалық аштыңыз? Болашақта осы бағытта жалғасатын тағы да зерттеу жобаларыңыз бар ма? 

– Болашақта да Абайдан түбегейлі бет бұрмайтын шығармын. Абай уақытша тақырып емес. Абайтанушылар көп, бүтіндей бір армия десе болады. Бірақ, Абайға өмірін арнаған мен білетін үш адам бар. Олар: Мұхтар Әуезов,
Қайым Мұхамедханов, Мекемтас Мырзахметұлы.

 

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет! Осы қазынадан әр ұрпақ ілім алсын дейік!

Сұхбаттасқан  Дилара БИМЕНОВА

Соңғы жаңалықтар