Редакция таңдауы

«Цирк – талант пен талапты үйлестіретін өнер»

Цирк бала үшін ғажайып әлем, ал ересектерге балалық шаққа саяхат сыйлайтын сахна. Цирк өнері заманмен бірге дамып, көрерменімен бірге өсіп келеді. Шымкент қаласындағы цирк ұжымы да жыл өткен сайын жан-жақты ізденіп, шыңдалып, гастрольдік сапарларын көбейтіп, жас әртістерді тәрбиелеуді жүйелі жолға қойған. Өнер ұжымындағы соңғы өзгерістер, тыныс-тіршілігі жайлы білу мақсатында «Шымкент цирк» МКҚК директоры Нұрлан Ыдырысұлымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Шымкент-Циркі бүгінде қай бағытта дамып келеді?

– Біздің цирк бүгінде жануарсыз қойылым қою бағытына көшті. Бұл — халықаралық тәжірибеге сай келетін, гуманистік жүйеге негізделген шешім. Біз бұл бағытты «театрландырылған цирк» деп атаймыз. Қазіргі сахналық қойылымдар арқылы көрерменге жаңа эстетикалық тәжірибе ұсына аламыз. Өзім бала күнімнен цирктегі жануарларды көріп өстім, олардың күтімі, шығыны, тіпті, қаупі қандай болатынын да жақсы білемін. Жалпы, цирк ғимараты мен инфрақұрылымы да бұл бағытқа сай келмейді. Ескі қора-жайлар, дұрыс жұмыс істемейтін желдеткіш жүйесі, көрермен залындағы ыңғайсыздықтар – барлығы да қазіргі заман талаптарына жауап бермейді. Осыған байланысты біз 2021 жылы арнайы концепция әзірледік. Осыдан кейін «аңсыз цирк» туралы қоғамдық пікірлер жиі көтеріле бастады. Біреулер қарсылық танытса, енді біреулер қолдады. 2021 жылғы қабылданған концепцияға сай, қойылымдарды театрландырылған формада ұсынып жүрміз. Мысалы, биыл «Наурыз–думан» атты бағдарлама дайындадық. Онда қазақтың жеті салт-дәстүрі — бесікке салу, тұсаукесер, беташар секілді ұлттық ғұрыптарды жеті минуттық цирктік көріністер арқылы көрерменге жеткіздік. Барлығы әнмен сүйемелденіп, сахналық шешіммен көркемделді. Бұл —әртістердің жоғары кәсіби деңгейін айқындайтын дәлел. Қолымызда қазір бар болғаны 5 ат пен 3 пони ғана бар. Бірақ, олар да цирктік қойылымға тартылмайды. Біз жануарларды цирктің негізгі элементі ретінде емес, тек сахналық фон немесе эпизодтық көріністер үшін ғана пайдаланамыз. Негізгі бағыт – қимыл, музыка және акробатикаға негізделген театрландырылыған қойылымдар.

 

– Цирк өнерінде түрлі жанр қолданылып жатады. Өзіңіз басқарып отырған ұжым солардың қай түріне басымдық беріп отыр?

– Жалпы, цирк саласында сегіз негізгі бағыт бар: акробатика, гимнастика, шабандоздық, жонглерлік, эквилибристика, иллюзия, клоунада және дрессура. Әрбір бағдарламадан осы жанрлардың элеменеттерін кездестіре аласыз. Яғни, Шымкент-Цирк осы сегіз жанрдың барлығын дерлік қамтып отыр. Соның ішінде шабандоздық пен клоунада жақсы дамыған. Айталық, клоун Ержан Таңатов – ерекше талант иесі. Ол шымкенттік балалардың мінезін, күлкісін, реакциясын жақсы біледі. Клоунада – цирктегі ең қымбат жанрлардың бірі. Себебі, ол көрерменнің көңілін көтеріп қана қоймай, сахна сыртындағы дайындықтарға уақыт береді. Яғни, әр нөмір арасындағы байланысты ұстап тұрады.

 

 – Бүгінгі көрерменнің талғамы өзгерді ме?

– Әрине, көрерменнің талғамы өзгерген. Қазір жұрт жай акробатиканы көріп, таңдай қақпайды. Кинотеатрдағыдай әсер күтеді. Музыка, жарық, костюм – бәрі кәсіби деңгейде болуы керек. Әр секунд есепте. Әрбір әрекет жаттығуда бірнеше мәрте пысықталады. Репетицияда жарық, дыбыс, сахна — бәрі үйлесіп, толық синхронмен жұмыс істеуін қадағалаймыз. Бізде қойылымда сөз жоқ. Ән айтылмайды. Бәрі – визуал, бәрі сезім арқылы беріледі. Сол үшін атмосфера маңызды. Әр трюк, әр трост, әр қозғалыс көрермен эмоциясымен үндес болуы шарт. Циркте балалар залды толтырып отырады. Мектептер топтасып келеді. Сол балалардың таза, шынайы эмоциясы – біздің ұжымға берілген баға. Театр да, кино да олай әсер бере алмайды.

 

– Цирк қойылымдарында қолданылатын реквизиттерді қайдан аласыздар? Тапсырыспен ұсталарға соқтырасыздар ма, әлде сатып аласыздар ма?

– Қазақстанда циркке арналған құрал-жабдық дайындайтын арнайы өндіріс орны жоқ. Бірақ, бұрын цирк саласында істеген, қолынан іс келетін жекелеген ұсталар бар. Бізде қолданылып жүрген барлық трост, арнайы реквизиттер, сахналық конструкциялар шетелден алынады. Кейде өзіміз қолдан жасап аламыз. Кәсіби қауіпсіздік пен сапа үшін тексерілген жабдық қажет. Көп жағдай – әртістің өзіне, шеберлігіне байланысты. Яғни, цирк – талант пен талапты үйлестіретін өнер.  Кейбір трюктерді талант қана алып шығады, ал ондай өнер – шектеусіз. Бір қарапайым арқанның өзі Италияда арнайы жасалады. Канат, трост, темір құрылғылар – бұлардың бәрін Ташкенттегі кәсіби зауыттардан жасатамыз. Себебі, олар сапа мен беріктікті қамтамасыз етеді. Техникалық жабдықтар халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сай болуы тиіс.

 

– Қазір сахнада бір сәтте киім ауыстыратын, затты жоқ жерден шығаратын қойылымдар жиі кездеседі. Бұл фокустардың сыры неде?

– Бұл – цирктің шын сиқыры. Бір-ақ сәтте кейіпкер костюмін ауыстырып, келесі образға өтіп кетеді. Бірақ, оның артында үлкен дайындық, инженерлік есеп, арнайы реквизит жасыру әдісі тұрады. Бұл трюктердің көпшілігі сырт көзге байқалмайды. Барлық қозғалыс – дәлдікпен орындалады. Бір деталь қате кетсе, көрермен алдындағы әсері жоғалады.

– Әртістер сахнада биікке шығып, отпен ойнап, қауіпті трюктер орындайды. Сахнадағы қауіпсіздік мәселесі қалай шешілген?

— Цирктегі кез келген қойылым – бұл жай ғана сахналық көрініс емес, бірнеше айлық еңбектің нәтижесі. Мысалы, орта есеппен 3-4 минуттық нөмірдің өзін дайындауға кейде 3-4 ай қажет. Кейде тіпті, 1 жыл. Себебі, әртіс физикалық жағынан дайын болса да, қауіпті трюктерді пісіру, техниканы меңгеру, серіктесімен жұмыс үйлестіру – күрделі процесс. Қауіпсіздікке келсек, бізде қатаң ішкі регламент бар. Әр нөмірдің өз жауапты жетекшісі болады. Қойылымға тек толық дайын болғанда ғана рұқсат беріледі. Бұдан бөлек, ай сайын арнайы көркемдік кеңесте әртістер өз нөмірін көрсете отырып, өзгерістер мен жетілдіру ұсыныстарын тыңдайды. Қауіпті трюктерге рұқсат бірден берілмейді. Егер орындау техникасы мен қорғанысы пісіп жетілмесе, уақытша тыйым салынады. Мысалы, әр қойылым секундына дейін есептеліп, әр адамның қай жерде, қандай сәтте тұруы керек екені нақты белгіленеді. Мәселен, сахнаға жарық түсіп тұрған сәтте әртіс қай жерге баруы керек, қай жерден қай уақытта өтуі керек – барлығы алдын ала нақтыланады. Жоғарыда ілулі тұрған әртістер ұзақ тұра алмайды, сол себепті жарық, музыка, дыбыс, тіпті желдеткіш қосу секілді жұмыстар дәл үйлесуі тиіс. Техника қауіпсіздігі бойынша манеж инспекторы, қойылым жетекшісі, техникалық бөлімнің басшысы, жарық пен дыбыс мамандары бірлесе жұмыс істейді. Жыл сайын барлық қолданылатын құрал-жабдықтар – арқан, тросс, сақтандыру белбеулері – жаңартылып немесе тексеруден өткізіліп отырады. Қауіп туындаса, әртіске «шығуға болмайды» деген шешім де қабылданады. Қауіпсіздік – эмоция мен шоудан жоғары тұратын, шегелеп бекітілген қағида.

 

– Цирктің қазіргі қаржылық жағдайы қандай? Жылдық табысы мен даму көрсеткіштері жайлы айтып өтсеңіз.

– Кейінгі уақытта Шымкент–Цирктің қаржылық көрсеткіштері біршама өсті. Мәселен, бұған дейін жылдық жоспар 35 миллион теңге болса, қазір бұл көрсеткіш 60 миллион теңгеге жетті. Бұл — көрермен санының артуымен, қойылым сапасының жақсарғанымен, ішкі ұйымдастырудың дұрыс жүргізілуімен тікелей байланысты. Циркке жаңа басшылық келгелі бері, атқора жаңартылып, әртістердің жұмыс істеуіне мүмкіндік артты. Бұрынғы қатал стереотиптер мен тәртіптер өзгеріп, шығармашылыққа еркіндік берілді. Осы өзгерістер өз жемісін беріп, көрермен саны артты, ең бастысы, циркке деген сұраныс артты.

 

– Цирк әртістерінің еңбекақысы, әлеуметтік жағдайы көңілден шыға ма? Мемлекеттік қолдау жеткілікті деңгейде ме?

– Қызметкерлердің еңбекақысы әлі де өзекті мәселе. Жалпы, цирк қызметкерлерінің айлығы мардымсыз. Бұл — тек Шымкентте емес, Қазақстандағы мәдениет саласына ортақ мәселе. Жоғарыдағылар «бәріне бірдей» деген ұстанымда. Бірақ өнер — бірдей өлшемге сыймайтын сала. Әртістеріміздің кәсіби деңгейі өте жоғары, көпшілігі шетелдік сахналарда өнер көрсетіп жүр, сұраныс бар. Қазірдің өзінде 55 әртістің ішінен 15–18-і Қытайда немесе өзге елдерде келісімшартпен жұмыс істеп жүр. Бұл – бір жағынан біздің елдің өнерін танытса, екінші жағынан әртістер үшін қаржылай қолдау. Бірақ, шетелдік табыспен ішкі еңбекақыны салыстыруға келмейді. Сондықтан бізге мемлекет тарапынан мақсатты түрде арнайы қолдау керек.
Цирк — жай ғана ойын-сауық емес, ол — ұлттық мәдениеттің, рухани тәрбие мен отансүйгіштіктің бір өзегі.

 

– Жас буынды тәрбиелеу, дарынды балаларды циркке тарту бойынша қандай жоспарларыңыз бар?

– Біз бұрын осы бағытта жақсы жұмыс істедік. Қазір біраз тоқтап тұр. Циркке тума таланттар керек. Ауылда атқа шаба алатын, сахнада өзін ұстай алатын балалар бар. Олар циркке лайық. Бірақ бәрі айналып келгенде қаржыға тіреледі. Колледж бітіргеннен кейінгі жастар жеткіліксіз. Сондықтан биыл күзге қарай халықаралық балалар цирк фестивалін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ең үлкен ерекшелігі – әділдік. Біз алдын ала айтып отырмыз, тек бірінші, екінші, үшінші орындар ғана беріледі. Артық мақтау, медаль таратпаймыз. Гран-при де нақты талантқа беріледі. Әділ бағалаумен талантты балаларды іріктеп аламыз. Тағы бір ерекшелігі – жеңімпаздарды Шымкент циркінің кәсіби бағдарламасына қосу. Яғни ертеңгі күні жеңіп шыққан бала сол сахнада нақты өнер көрсетеді. Бұл – нағыз мотивация, нағыз мүмкіндік. Фестивальге Ташкент, Бішкек, Алматы, Тараз, тіпті Моңғолия мен Тәжікстаннан келуі мүмкін. Қатысушылар саны 50-60-қа жетсе, бұл – жақсы нәтиже. Солардың ішінен біз болашағы бар шынайы таланттарды іріктеп аламыз.

 

– Ұжымның шет елдермен байланысы қандай?

– Ресми меморандумдар емес, бірақ  біраз келісімшарт бар. Қазір біз Қытай, Ресей, Украина цирктерімен жұмыс істейміз. Ол жақтағы мықты әртістермен байланыстамыз. Ал Қазақстанда үш негізгі цирк бар – Алматы, Астана және Шымкент. Осы үшеуміз бір-бірімізге режиссер, әртіс жағынан қолдау көрсетеміз. Қарағандыда цирк ғимараты бар, бірақ штаты жоқ. Шымкентте гастрольге жағдай жасалғанымен, мысалы, жатақхана секілді қосымша инфрақұрылым жетіспейді. Бұл – шетелден талантты әртістер тартуға кедергі.

 

– Жетістіктеріңіз жайлы айтып өтсеңіз…

– Ең үлкен жетістігіміз – көрерменіміздің бар екені. Бұл – кез келген өнер ордасы үшін үлкен көрсеткіш. Бізде тұрақты көрермен қалыптасты. Балалармен де, ересектермен де, шетелдіктермен де жұмыс істейміз. «Тұран» атты шабандоздар тобы бар, оны әрі қарай дамытуды көздеп отырмыз. Қазір топ жетекшілері жиі ауысады, атты өнер иелерінің де мінезі күрделі. Бірақ бәріне қарамастан, біздің ұжым жұмыс істеп тұр. Цирк өнері – тірі организм: үнемі қозғалыста, ізденісте болуы керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар