Бүгінде Шымкент қаласындағы мемлекеттік мекемелердің барлығында іс-қағаздары толық қазақ тілінде жүргізіледі. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуімен қатар ағылшын және орыс тілін меңгеруге шымқалалықтардың сұранысы артқан. Сонымен бірге ересек жастағылар жаңа инновациялық технологияларды пайдалана отырып аз уақыт ішінде тіл білу мүмкіндігіне ие болған. Бұл нәтижелі жұмыстар Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының 20 жыл ішінде қол жеткізген жетістігі деуге болады.
Қазақстандағы тұңғыш орталыққа - 20 жыл
1997 жылы «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығы» болып құрылған мекеме 20 жылдық тарихты артқа тастады. 2009 жылы «Шымкент қалалық қазақ тілін оқыту, салт-дәстүрді және өнерді насихаттау орталығы» деп атауы өзгертілсе, 2012 жылы «Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесі болып қайта құрылады. Орталықтың атауы қанша рет өзгерсе де халыққа көрсететін қызметі айқын. Ол облыстық, қалалық мемлекеттік органдардың, кәсіпорындардың, ұйымдар мен мекемелердің қызметкерлеріне, жеке азаматтарға қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытуды ұйымдастырып, тілдерді үйрену мен іс-қағаз жүргізуге қажетті көмекші әдістемелік оқу құралдарын әзірлеу.
– Осы жылдар аралығында бұл орталықта 20 мыңнан астам азамат оқып шықты. Әрине, тоқсаныншы жылдардың аяғында жұртшылық тарапынан мемлекеттік тілді үйренуге деген ықыластың басымдығы байқалса, 2000 жылдан бері қазақ, орыс тілдерімен бірге ағылшын тілін меңгеруге деген қызығушылық артуда. Бүгінде орталықтың қызмет көрсету аясы кеңейді. Жекеменшік нысандар, шетелден келген саяхатшылардың сұранысына сай құжат айналымы мен қызмет көрсетуді үш тілде ұсынуда мамандардың біліктілігі жетеді. Яғни, тілдерді меңгеруге деген ниет күн санап еселеп, артып келеді, – дейді орталық директоры Нұрила Серікбайқызы.
Мархабат БАЙҒҰТ, халықаралық «Алаш» және
«Түркі әлеміне қызметі үшін» сыйлықтарының лауреаты, жазушы:
– Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының 20 жылдық өмірі оңай болған жоқ. Бұл мекемеде тілдерді оқытып, үйретудің өзіндік өзгешеліктері қат-қабат. Мұнда негізінен ересектер және алуан түрлі мамандықтардың иелері келеді. Қиындықтың көкесі осыдан басталады. Бәрін ежіктеп айтпай-ақ қоялық. Ойға салып байқаған адам бірталай нәрселерге көз жеткізер. Орталықта жұмыс істейтін мұғалімдердің иықтарына артылар жүк те аса ауыр.
Шымкент қалалық орталығының ізденістері мен ұмтылыстары, «Ана тілі мен отбасы», Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлері байқауын өткізудегі өзіндік өзгеше талпыныстары, тағы басқа да құлшыныстары құптарлық. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы мақсаттармен үйлесім табатыны қуантады. Іс-шараларды өткізуде де ізденістер бар.
20 жылдық мерекелерімен құттықтай отырып, орталық туралы аз-кем ғана пікірімізді білдірдік. Алдағы уақытта да жоғары жауапкершілікпен, жаңашылдықпен жұмыс істей отырып, биіктерге беттей береді деген сенімдеміз. Әлбетте, орталыққа қалтқысыз қамқорлықтар да қажет екені біз айтпасақ та, аян-дүр.
Бүгінде оқыту орталығын елімізде тұңғыш ашылған мамандандырылған кешен деп айтуымызға толық негіз бар. Орталықта қызмет ететін 14 оқытушының еңбегі ұшан-теңіз. Олардың міндетіне қазақ тілін оқытуға арналған типтік бағдарламаны әзірлеу, тұрғындарға тілдерді көпдеңгейлік бағдарлама негізінде тегін оқыту, тілдерді қолдану мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында жоспарланған түрлі бағыттағы іс-шараларды ұйымдастыру мен үйлестіру кіреді. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелерге етене таныс «Қазтест» бойынша диагностикалық және сертификаттық тестілеулер өткізу де осы орталықтың маңызды жұмыстарының бірі.
Жеті жұрттың тілін біл...
Дана, хакім Абай: «Басқа халықтың тілі мен мәдениетін білу адамды сол халықпен тең етеді» деген. Президент Н.Назарбаев әлем елдері қауымдастығына кіруіміз үшін біздің әрбіріміз бәсекеге қабілетті болуымыз керек екенін айта келе, «Ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің аса маңызды шарты – бұл әлемдік бәсекелестік үдерісінде табысқа жетуге мүмкіндік беретін күшті рух пен білім» деген болатын. Осыған орай, елімізде тіл үйренуге барлық жағдай қарастырылған. Тек ниет болса болғаны.
– Орталық қазақ, орыс, ағылшын тілдері ақысыз үйретіледі. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерден арнайы парақша ашып, тіл үйренушілермен байланысты нығайттық. Тыңдаушылардың ұсыныс-пікірлерін назарға алып, ай сайын тілдерді меңгеруге ынталы түрлі әлеуметтік топтарға кіретін тұрғындар арасында жиі іс-шаралар ұйымдастырылады.
Бір сөзбен айтқанда, тыңдаушылар санын арттыру бағытында орталық қызметінде заманауи ақпараттық технологиялар мен жарнамалық тың әдістер қолданылуда. Нәтиже әзірге жаман емес. Тіл үйренушілердің саны жылдан жылға артып отырғаны осыны дәлелдейді, – дейді мекеме директоры.
ҚАЗТЕСТ: мемлекеттік қызметкерлер сынағы
Орталық мемлекеттік тілді білу деңгейін бағалаудың жалпыға ортақ отандық жүйесі – ҚАЗТЕСТ бағдарламасын, орыс және ағылшын тілдерін мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес бес деңгей бойынша ақысыз оқытады.
Мұндағы мақсат – мемлекеттік тілді меңгермеген азаматтарды деңгейлік курстардан өткізіп, олардың сөйлеу, жазу, ойын жеткізу сынды өлшемдер негізінде тілдік қоры мен білімін жетілдіру. «ҚАЗТЕСТ» ұғымы мемлекеттік қызметпен тығыз байланысты. Сондықтан біздің өңірде тестілеуден өткендердің басым бөлігін мемлекеттік қызметшілер құрайды. Мәселен, өткен жылы жүйенің А2, В1 деңгейлері бойынша сертификаттық тестілеуден өткен 116 адамның 55-і сертификатқа ие болды.
1997 жылы мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығында бар-жоғы 445 тіл үйренуші мемлекеттік тілді үйренсе, 2017 жылы қазақ, орыс, ағылшын тілдерін меңгерген ересек азаматтар саны екі мыңнан асып, 20 жылда 20 357-ге жеткен.
Бұл тұста орталық мамандарының еңбегін айтпай кетпеуге болмас. Орталық оқытушылары М.Жолдасова Швейцарияның "Монтре" бизнес мектебінде ғылыми тағылымдамадан өтсе, Н.Амандықова Ұлыбританиядағы «Simply the Best» мектебінде екі айлық арнайы курсқа қатысып, біліктілігін арттырған.
Сонымен бірге мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетілдіру мақсатында ҚР мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті «Үздік сабақ» байқауын жариялайды. Байқауға келіп түскен 500-ге жуық материалдың 300-і ғана іріктеліп алынып, қорытындысында Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі оқытушысы Гүлнар Қалдыбаева І орынды иеленген.
Лингвистикалық орталық
Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығы шымқалалықтарға тілді үйретуде жасына қарамастан оңтайлы әдіс-тәсілдерді қолдануға тырысады. Қызметкерлерді өз ғимаратында оқытуға тапсырыс бергенде, мамандарды топқа бөліп, мейлінше қызықты да тың әдістермен үйретеді.
– Мекемелерде топтар жасақтау барысында да бірқатар мәселелер кездеседі. Өйткені, түрлі кәсіп бойынша жұмыс істейтін 18-60 жас аралығындағы ересек азаматтарға тілдерді оқыту, үйрету оңай емес. Белгілі бір мекемеде қызмет атқаратын азаматтың жұмыстан түбегейлі босатылмайтыны тағы бар. Қызметкерлер кез келген уақытта іссапарға немесе еңбек демалысына шығып кетіп, сабаққа қатыспайтын кездер де жиі кездеседі. Осындай жағдайдың бәрін ескеріп, тіл үйренушілермен тығыз жұмыс істейтін оқытушыға артылар жүк пен жауапкершіліктің салмағы ауыр, – дейді орталық директоры.
Орталық ұжымы 20 жылда бағындырған белесінің өзі бір төбе екенін мақтанышпен жеткізеді. Бұлай деуіне негіз де бар. Себебі, алда латын қарпіндегі қазақ әліпбиін үйрету жұмысы күтіп тұр.