Биыл орыстың әйгілі ақыны А.С.Пушкиннің туғанына - 220 жыл. Шымкенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында «Мен халықтың жадында мәңгі қаламын» шығармашылық кеші өтті.
Кешке қалалық Ассамблея мен білім басқармасының басшылығы, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, этно-мәдени бірлестіктердің жетекшілері, студент жастар мен оқушылар қатысты. Шымкенттік театрлардың кәсіби әртістері мен мектеп оқушылары Пушкин поэзиясын қазақ, орыс және басқа тілдерде мәнерлеп оқумен қатар ақынның шығармаларына жазылған әндер мен романстарды орындады.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов қоғамда ізгілікті қалыптастырудағы поэзияның рөліне тоқталып, қаладағы этно-мәдени бірлестіктер жанында әдебиет клубын ашуды ұсынды. Жастар жылында қолға алынатын игі бастама жас ұрпақтың бойында рухани-адамгершілікті қалыптастыруға зор ықпал ететінін айтты.
Бұған дейін ақынның мерейтойына орай жастар арасында ұйымдастырылған байқаудың жеңімпаздары осы кеште арнайы сыйлықтармен марапатталды.