Театрдың 87-ші маусымы «Шымкент 2020 – ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылы аясында «Аманат» толғауының премьерасымен ашылып, көп ұзамай қоғам дерті – сыбайлас жемқорлық жайында С.Қасымбектің «Қол» психологиялық драмасының премьерасы, ұлы даланың ұлы тұлғасы, ұлтымыздың мақтанышы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған Ш.Құсайыновтың «Әбу Насыр әл-Фараби» тарихи драмасы, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» музыкалық драмасы, М.Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Мұқағали» /инсц.Қ.Қасымов/ монодрамасының премьералары сахналанды. Бұнымен тоқтамады, Шымкент қаласының 2200 жылдығы мен Әз-Наурыз мейрамына арналған С.Қасымбектің «Наурыз көне Шымқалада» таңғажайып хикаятының премьерасы және осы секілді ғажайып жаңа премьералар театр көрермендерінің жүрегінен орын тапты. Жалпы жыл бойына 7 премьера көрермен назарына ұсынылды.
Театр – сахна өнеріне тер төккен режиссер, суретші, гример, бутафор сынды кәсіби сахна мамандарының еңбегімен халықтың ықыласына бөленген өнер ордасы. Қазақ театры кезекті демалыстан кейін тың идея, ерекше қойылымдармен жаңа маусымның шымылдығын ашады. Ендеше, театрдың жаңа маусымында жүздескенше!