Жиынға ақын С.Нұрман, Д.Танабаев, К.Айдарбекова, «Жас қаламгер» ақындар клубының мүшелері қатысты.
— Қала тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, қазақ әдебиетінің інжу-маржандарын қолжетімді ету мақсатында буккроссинг бұрыштары ұйымдастырылуда. Шілде айында қаладағы ауруханалар мен оңалту орталықтарында ашылған болатын. Енді Қаратау ауданы аумағында, С.Бәйтереков ескерткіші мен №130 жалпы орта мектеп маңында ұйымдастырылып отыр. Бұйыртса, алдағы аптада қаланың басқа аудандарында да ұйымдастырмақпыз, – дейді Абай атындағы орталық кітапхананың меңгерушісі Нүрила Жұманова.
Көшедегі кітап сөресі қала тұрғындарын әдебиет оқуға баулып қана қоймай, адам бойындағы жауапкершілік, адалдық, тазалық сынды қасиеттерді де қалыптастыра түсері сөзсіз. Себебі, кітап сөресі еш бақылаусыз, ашық алаңда орналасқан.
Н.Жұманованың айтуынша, кез келген қала тұрғыны сөредегі қызықтарған кітапты оқуға алып, қайта орнына әкелсе болды. Сондай-ақ, үйіндегі оқылған әдебиеттерін буккроссинг бұрышына сыйға да қалдыра алады.