ЖАҢАЛЫҚТЫ ЖАТЫРҚАМАУ КЕРЕК Избранное

Пятница, 26 Январь 2024 05:29 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 2450 раз

Әлеуметтік сала мамандары қаңтар айын жаңалықпен бастады. Яғни, жыл басынан шымкенттік зейнеткерлер денсаулық жағдайына байланысты шипажай кезегіне арнайы портал арқылы өтініш беріп, кезегін онлайн бақылайды. Алайда, барлық ақпарат көздерінде шипажай кезегіне тұру автоматтандырылғаны туралы хабар таралғанымен, жүйедегі жаңалықты жатырқай қабылдап жатқан қариялар жетерлік. Тіпті, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына келушілердің қарасы көбейген.
Мәселенің мән-жайын білмекке сала мамандарымен тілдесіп, шипажай кезегіне онлайн тіркелу үшін қандай құжаттар қажет екенін және әрекет кезеңін анықтап қайттық.

aleumet

 

Онлайн тіркеу қаншалықты қажет?

Шымкент қаласында 89 926 зейнеткер тұрады. Оның ішінде 2 Ұлы Отан соғысы ардагері мен 1950 тыл еңбеккері бар. Сондай-ақ, 80 жастан асқан 132 жалғызілікті қарт тіркелген.
– Бүгінде елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында цифрлық технологияларды қолдану есебінен әрбір азаматтың тұрмыс деңгейін арттырып, жұмысын оңтайландыру көзделгені баршаға мәлім. Іске қосылған зейнеткерлерді қашықтан кезекке қою жүйесі – осы бағыттағы қадамдардың бірі. Қазақстанда зейнеткерлерге мемлекет тарапынан белгіленген төлемақылардан бөлек, жергілікті билік қаржысынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау түрлері бар. Яғни, жергілікті бюджеттен қаралған қаржы мәслихаттың шешімімен белгілі бір қызмет түріне бағытталады. Мәселен, еліміздің бір өңірінде зейнеткерлер қоғамдық көлік қызметін тегін пайдаланса, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының зейнеткерлері кезекпен шипажайда ем алады. Шымкентте жыл сайын зейнет жасындағы азаматтарды санаторлық емдеумен қамтамасыз ету мақсатында 5000-ға жуық орын беріледі. Биыл оған қосымша «Ізетті зейнеткер» орталығына тағы 2000 зейнеткерді қамту көзделіп отыр. Зейнеткерлер онлайн тіркелу арқылы шипажай кезегін үйінде отырып-ақ бақылай алады, – дейді Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ардагерлермен жұмыс жүргізу жөніндегі бас маманы Ұлдана Бекбау.
Мамандар шипажай кезегіне онлайн тіркеу зейнеткерлер тарапынан түсетін арыз-шағымды да азайтады деген сенімде. Себебі, бүгінге дейін зейнеткерлер арасында кезектің жылжымауына қатысты наразылықтар орын алған.

«Кезекке қалай тұрамыз?»

Бұл шипажай кезегіне тұруға ниетті зейнеткерлердің көкейіндегі сауал. Зейнет жасындағы азаматтар шипажайларға кезекке тұру үшін бұған дейін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына арнайы барса, бұдан былай geo-shym.kz порталы арқылы өтініш бере алады. Мамандардың айтуынша, жыл сайын шипажайларда ем қабылдауға 13 мыңға жуық зейнеткерден өтініш түседі. Қазіргі таңда 22 мыңнан астам азамат шипажай кезегінде тұр.
– Шипажайда тегін ем алу барлығына бірдей бұйыра бермейді. Ол үшін зейнеткерге шипажай емі керек екенін растайтын учаскелік дәрігердің №068/у формасындағы анықтамасы қажет. Зейнеткер 1 жыл мерзімге жарамды №068/у анықтаманы, жеке куәлігі мен өтініш берушінің мәртебесін растайтын құжаттың электронды нұсқасын алып, geo-shym.kz порталына өтініш беру кезінде жүктейді, – дейді Ұ.Бекбау.
Ескеретін жәйт, шипажай кезегіне онлайн тіркелуге, ең әуелі, интернет желісіне қосылған және NCA Layer бағдарламасы орнатылған дербес компьютер қажет. Интернет желісі арқылы geo-shym.kz порталын ашсаңыз, NCA Layer бағдарламасы электронды қолтаңбаны қолдануға мүмкіндік береді.
– Дербес компьютер тілін түсінбейтін қариялар да бар. Мұндай жағдайда үйдегі техника тілін білетін ұл-қыздары көмекке келеді деген сенімдеміз. Енді кезекке тұру барысын баяндасақ. Әуелі, geo-shym.kz порталын ашып, беттің төменгі бөлігінде орналасқан «Денсаулық жағдайына байланысты зейнеткерлерді санаторий-курорттық көмек алу үшін кезекке қою» белсенді терезесіндегі «өтініш беру» батырмасын басады. Ашылған терезеге ешқандай мәліметті енгізбей, төменгі бөліктегі «Сертификатты таңдау» (суретте) командасын орындайды. Портал осы кезде кезекке тұруға ниетті зейнеткердің электронды қолтаңбасын сұрайды. Дербес компьютердегі қордан ЭЦҚ арқылы келісім береді. Осыдан соң порталда 3 кезеңнен тұратын «Санаторийге жолдама алу үшін кезекке тұру» терезесі ашылады. Алғашқы кезеңде зейнеткердің жеке деректері енгізіледі: аты-жөні, ЖСН, тұрғылықты ауданы, байланыс телефоны және өтініш берушінің мәртебесі (ҰОС ардагер, зейнеткер, т.б). Бірінші кезеңдегі сауалнама терезелері толтырылған соң, «Құру» батырмасын басып, екінші кезеңге өтеді. Онда №068/у анықтамасы, жеке куәлік және алушының жеке мәртебесін дәлелдейтін құжаттардың сканерленген нұсқасын жүктейсіз. Құжаттар толық жүктелген соң, «келесі» батырмасын басып, ЭЦҚ арқылы қол қоясыз. Зейнеткер қашықтан шипажай кезегіне тұрған соң, ұялы телефонға шипажай кезегіне тіркелгені жөнінде хабарлама келеді, – деп, басқарма өкілі Ұ.Бекбау кезекке тұру әрекетін кезең-кезеңімен түсіндірді.
Кезекке тұрған зейнеткер хабарлама алған соң, geo-shym.kz порталын ашып, кез-келген уақытта ЖСН арқылы кезектің жылжуын бақылай алады. Мамандар тұрғындар электронды кезекке тұруды толық меңгергенге дейін Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының жауапты қызметкерлері көмек беретінін алға тартты. Бір ай ішінде 1500-ден астам зейнеткер онлайн кезекке тіркеліп үлгеріпті. Алайда, мамандар бұған дейін кезекке тұрған 22 мың зейнеткердің кезек реті сақталғанын және оларға қайта құжат тапсырудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді.

Иә, технология қарыштап дамыған заманда компьютердің құлағында ойнайтындар үшін онлайн кезекке тұру еш қиындық туғызбасы анық. Алайда, егде жастағы қарияларға ұл-қызы жәрдемші болмаса, «әп» дегеннен техника тілін меңгеріп кету оңай шаруа емес. Дейтұрғанмен, жүйедегі жаңалықты жатырқамай, сала мамандарының бастамасы жемісті боларына сенейік.