Версия для печати

САҚТАНДЫРЫЛМАҒАН АЗАМАТТАРДЫ да МЕМЛЕКЕТ ҚАРАУСЫЗ ҚАЛДЫРМАЙДЫ Избранное

Среда, 09 Февраль 2022 04:00 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3274 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Биыл медициналық сақтандыруға төленетін жарна мен аударымдар жүйесінде өзгерістер енгізілді. Әр азамат сапалы медициналық қызмет, тегін дәрі-дәрмектің қолжетімділігі мен қорға құйып жатқан қаржысын қалай бақылай алады? Осы және өзге де сауалдармен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директорының орынбасары Арапкүл ІЗБАСАРОВАМЕН сұхбаттасқан едік.

207

 

– Арапкүл Өскенбайқызы, 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына жарна аударылып келеді. Осы мерзімнен бастап елдің медицина саласына қандай өзгерістер байқалды? Қолдану алгоритмі қалай?
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (әрі қарай – МӘМС) денсаулық сақтау саласындағы тұрғындардың денсаулығына қатысты мүдделерін әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі. Бұл жүйе еліміде сақтандырылған азаматтарының жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне және табысына қарамай әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен медициналық және дәрілік көмекке теңдей қолжетімділікке кепілдік береді. МӘМС енгізу арқылы денсаулық сақтаудың тиімді баламасын байқадық. Халықтың өз қалтасынан аса шығындалмай әлеуметтік құралдарды алуға, қымбат тұратын медициналық қызметтерді көрсетуге мүмкіндік береді. Мәселен, медициналық сақтандыру жүйесін ендірудің нәтижесінде компьютерлік томография, магниттік резонанстық томография тексерулер, тізбекті полимеразды реакция талдауларын жүргізу сияқты бірқатар қымбат тұратын тексерулермен қатар ғылым мен техниканың заманауи жетістіктеріне негізделген, жоғары білікті медицина кадрларының көмегімен орындалатын медициналық көмектің, пациенттерді оңалту және қалпына келтіру емінің (оңалту) үшінші сатысы пайдалану көрсеткіші артты. Сақтандырудың тиімділігін мына мысал арқылы түсіндірейін. Әр жеке тұлға ай сайын 3000 теңге жарна төлесе, бір жылда 36 000 теңге жиналады. Осы жинақталатын соманың мөлшеріне қарамай, сақтандыру есебінен бағасы бірнеше есе қымбат тұратын медициналық көмекті ала алады. Мысалы, жүрекке, миға, бауыр-бүйрекке және т.б. жасалатын оталар. Осындай күрделі әрі қымбат отаны жасатуға кез келген тұрғынның шамасы жетпейтіні белгілі. Ал медициналық сақтандыру қоры бұл мүмкіндіктерді халыққа ұсынып отыр. Сонымен қатар, МӘМС енгізу нәтижесінде биыл амбулаториялық деңгейде берілетін дәрі-дәрмектер тізбесі толықтырылды.
– Дәрі-дәрмектердің тегін берілетіні жөнінінде айтып өтсеңіз.
– МӘМС жүйесі енгелі қазіргі таңға емханалардан рецептпен тегін дәрі берілетін сырқаттың саны да, емдеу шараларына берілетін тегін дәрі-дәрмектің көлемі де артты. Жалпы, 131 сырқат түрі бойынша 424 дәрілік зат тегін үлестіріледі. Соның ішінде, тыныс алу жолдарының қабынуынан бастап әлеуметтік маңызы бар дерттермен қатар динамикалық бақылауды қажет ететін созылмалы аурлар бар. Туберкулез, иммун тапшылығы вирусынан туындаған ауру мен созылмалы вирустық гепатитпен ауыратындар, қатерлі ісік, қант диабеті мен психикалық дерт, балалардың церебралды сал ауруы, жүректің ишемиялық аурулары, ревматизм сынды созылмалы аурулар және тағы басқа дерттермен диспансерлік есепте тұратын тұрғындар тізімге сай дәрі-дәрмектерді рецепт арқылы тұрғылықты мекенжайындағы медициналық ұйымнан тегін ала алады.
– Сақтандыру қорының салымшылары өз табысынан аударған жарнаны бақылай ала ма?
– Әр азамат өзіне қатысты аударылған жарнаның есебін egov.kz электронды үкімет порталы арқылы көреді. Telegram-дағы Сақтандыру-бот қызметі мен Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы қай айда қандай аударымдар жасалғанын бақылауына мүмкіндік бар. Сонымен қатар, МӘМС сұрақтары бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қаласы бойынша филиалына 99-76-85, 99-76-60 нөмірлері арқылы хабарласуға болады. Сондай-ақ, медициналық көмектің сапасына қатысты сұрақтар бойынша1406 Call орталығына хабарласып, шағым-арыздарын түсіре алады.
– Шымкентте халықтың қанша пайызы сақтандырылды?
– Үшінші мегаполисте 1 111 000 тұрғын бар. Оның 852 500-і сақтандырылған. Пайыздық көрсеткішпен 79 пайызды құрайды. 223 114 адам сақтандырылған мәртебесін алмаған, яғни жарна төлемеген, олардың көпшілігі өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар, жұмыссыздар, еңбек демалысында жүріп, 1 ай жарна құйылмай қалғандар. Сақтандырылмаған азаматтарды МӘМС-пен қамту үшін Шымкент қаласы әкімшілігі, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы, «Атамекен» палатасымен бірлесіп жұмыстар атқарылуда.
– Қазақстанда жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтығандар сынды әлеуметтік статустағы азаматтар үшін қандай талап қойылған? Сауалымыз түсінікті болу үшін айта кетсек – жуырда өзін өзі жұмыспен қамтыған, базардағы саудагер кісі өзі тіркелген емханадан медициналық көмек ала алмапты. Қорға жарна аударылмауы себеп болғанға ұқсайды.
– Қазіргі таңда денсаулық саласында екі пакет жұмыс жасайды. Бірі – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі, екіншісі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсететін ұйымдар, яғни емханалар, дәрігерлік амбулаториялар пациенттің сақтандырылған деген мәртебесі болмаса да пациентті қабылдайды және тиісті емдік-диагностикалық тағайындаулар жасайды. Ол тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында көрсетілетін көмекке жатады. Егер пациент қандай да бір сырқат түрімен диспансерлік есепте тұрмайтын болса, жеңілдетілген 15 санат тобына кірмесе, әрі қарай лабораториялық-аспаптық тексерулер жүргізу үшін пациент міндетті түрде әлеуметтік медициналық сақтандырылған болуы қажет. Бұл мүлде сақтандырылмаған азаматтар мемлекет тарапынан қараусыз қалады деген сөз емес. Бірақ, алғашқы көмектен соң міндетті түрде сақтандырылуы тиіс.
Тегін медициналық көмектің аясында сақтандырылу мәртебесіне қарамай келесі медициналық көмектер тегін жүзеге асырылады: алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету қызметтері, оның ішінде неғұрлым кең таралған ауруларды диагностикалау, емдеу және басқару, шұғыл медициналық көмек, жарақаттар, улану немесе басқа да шұғыл жағдайларда, вакцинация, жүкті әйелдерге босанғанға дейін және босанғаннан кейінгі кезеңде бақылау жүргізу, эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына әкелетін аурулар кезіндегі мобильді бригаданың қызметтері, әлеуметтік мәні бар аурулар кезіндегі диагностика және емдеу.
МӘМС пакетіне консультациялық-диагностикалық көмек, дені сау ересектерді профилактикалық тексеру, балаларды мамандандырылған тексеруден өткізу, 18 жасқа дейінгі балаларға, мүгедектерге, зейнеткерлерге, көп балалы аналарға арналған стоматология қызмет көрсету кіреді.
– Медициналық сақтандыру пакеттерін жекеменшік медицина ұйымдарында қолдануға бола ма? Қандай мекемелермен келісім бар?
– Шымкентте тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтер көрсетуге 129 мекемемен келісімшарт жасалған. Оның 32-сі мемлекеттік мекеме болса, 97-сі жекеменшік ұйым. Бүгінде сол 97 жекеменшік ұйымның барлығымен түгел келісімшарт түзілген. Бір медициналық ұйыммен бірнеше келісімшарт түзілуі мүмкін. Келісім аясында стационарлық медициналық көмек бойынша – 18, стационарды алмастыратын көмек бойынша 83 жекеменшік медициналық ұйым жұмыс істейді. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек бойынша – 28 мекеме, медициналық оңалту 50 жекеменшік орталық бар. Консультациялық-диагностикалық қызметтер бойынша 28 жекеменшік медициналық ұйыммен келісімшарт жасалды. Әр азамат өзі тіркелген емханасы арқылы дәрігердің жолдамасында белгіленген мекемелерден көмек ала алады.
– ҚР «МӘМС туралы» Заңына бірқатар мәрте толықтырулар мен өзгертулер енгізілген. Негізгі өзгерістерге тоқталып өтсеңіз.
– 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мен айлық есептік көрсеткіштің артуына байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерді. Жұмыс беруші қызметкері үшін оның жалақы деңгейінің 3 пайызын төлейді. Қызметкерлер, оның ішінде азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатындар өз табысының 2 пайызын төлейтін болады. Жеке кәсіпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар ең төменгі жалақының 1,4 еселенген мөлшерінің 5 пайызын немесе 4 200 теңге төлейді. Бірыңғай жиынтық төлем қала тұрғындары үшін – 1 АЕК немесе 3 063 теңге, ауыл тұрғындары үшін – 0,5 АЕК немесе 1 531,5 теңге. Дербес төлеушілер ең төменгі жалақы мөлшерінің 5 пайызын немесе 3 000 теңге төлейтін болады. Ал азаматтардың жеңілдігі бар 15 санаты үшін төлем ммлекет тарапынан жасалады.

–Сұхбатыңызға рақмет!

Ақбөпе ЕРГЕШ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.