Версия для печати

«ҰРПАҚТАР КЕЛІСІМШАРТЫ» – ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ Избранное

Пятница, 27 Май 2022 08:22 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4730 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Әлеуметтік сала дегенде ойымызға, ең алдымен, жұмыссыздық мәселесі келетіні белгілі. Жұмыссыздық проблемасы дамушы елдерде ғана емес, дамыған елдерде де өзекті саналады. Себебі, халық санының табиғи өсімі мен азаюы біркелкі жүрмейді, зейнетке шыққан мамандардың орнын лезде алмастыру мүмкін емес. Осы орайда Шымкенттегі жұмыссыздық мәселесі мен онымен күрес қалай жүруде? Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Балмаржан НАРБЕКОВА айтып берді.

706

 

– Балмаржан Полатқызы, Шымкентте қазір қанша адам жұмыссыз деп саналады?

– Статистика бойынша Шымкент қаласында 2021 жылдың қорытындысымен жұмыссыздар саны – 21 948 адам, жұмыссыздық деңгейі жалпы тұрғындардың 5 пайызын құрап отыр.

707

 

– Жуырда өткен қоғамдық кеңестің отырысында осы мәліметтер айтылғанда кеңес мүшелерінің бірі қаладағы жұмыссыздар саны бұдан да көп болуы мүмкін деген-ді...

– Сұрағыңызды түсіндім. Әрине, пікір алуандығы болуы заңды. Біз ресми мекеме болғандықтан, ресми статистикаға сүйенеміз. Ал статистика бойынша сол 21 948 адам арнайы сайтта жұмыссыз ретінде тіркелген. Иә, тұрақты жұмысы жоқ адамдар саны одан көбірек болуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен, ашығын айтқанда, әркім өзі үшін, отбасы үшін қарап отырмай, әрекетін жасайтыны белгілі. Сондықтан, тұрақты болмаса да екі қолға бір күрек алып, нәпақа тауып жүрген жерлестеріміз баршылық. Жалпы, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға біздің басқарма мамандары хабарласып, түрлі жұмыспен қамту шараларына қатысуға шақырады. Егер мемлекет тарапынан ұсынған шараларға қатыспай, бас тартса, онда тізімнен шығарылады, түрлі қолдау шарапатын көре алмайды. Жасыратыны жоқ, ұсынылған жұмыстардан бас тартып, жұмыссыз ретінде ресми тіркелгісі келмейтін азаматтар баршылық.

– Жұмыссыз ретінде тіркелген осы тұрғындарға басқарма тарапынан қандай қолдау шаралары ұсынылуда?

– 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы шеңберінде биыл 33 500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланды. Ол шараларға бүгінге дейін нақты 4 870 адам қатысты, тиісінше, жоспар 14,5 пайызға орындалып отыр. Кәсіби білім беру бойынша 2 392 адамды оқуға жолдау жоспарланған. 1 632 адам жұмыс берушілердің сұранысына сәйкес жұмыс орындарында оқытылса, 1 976 адам онлайн оқуға қатыстырылмақ. Көпшіліктің көкейінде жүрген кәсіпкерлікті дамыту бойынша 3050 адамға қолдау көрсетіледі. Оның ішінде 1 900 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерге оқытылса, 1 150 адамға өтеусіз негізде мемлекеттік грант беріледі.

– Қазір грант беріліп жатыр ма?

– Иә, грант бұған дейінгі жылдары курс оқыған, сертификаты бар азаматтарға берілуде. 1-14 сәуір аралығында вusiness.enbek.kz порталында азаматтардан өтінімдер қабылданып, 26-28 сәуір аралығындағы күндері комиссияда қаралды. 437 өтінім қабылданып, 336-сы комиссияға ұсынылды. Қаралым нәтижесінде тиісті санаттарға жататын 226 азаматқа оң шешім қабылданып, 110-на бас тартылды. Грант бөлінетін азаматтардың ішінен 69-ы жастар санаты болса, 157-сі халықтың осал топтарынан болып отыр.

– Бизнес жоспары өтпей қалған азаматтарға мүмкіндік беріле ме?

– Иә, бірінші лекте комиссия қаралымынан өтпей, кері қайтарылған азаматтар басқа да лектерге бизнес-жоспарларын өңдеп, қайта тапсыра алады. Айта кетейік, биылдан бастап 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған гранттар өтеусіз және қайтарымсыз негізде 400 АӘК (1 225 200 тг) мөлшерге дейін беріледі. Осы ретте грант берудің жаңа қағидалары бекітілгенін айта кетейін. Бұл қаржыдан жастар және халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтар, оның ішінде, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көп балалы отбасылар, қоныс аударушылар, қандастар, мүгедектігі бар адамдар және мүгедек баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны алатын жұмыссыз азаматтар үміткер бола алады. Биылға осы грантқа өтінімді 7 лекпен қабылдау жоспарлануда. Енді келесі лекке өтінім беру жақын арада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан басталады. Ол қосымша түрде БАҚ беттерінде және әлеуметтік желі парақшаларында хабарланады.

– Ал қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстары қашан басталады?

– Иә, тұрғындардан жиі қойылатын сұрақтардың бірі де осы. 3 айлық кәсіптік оқыту курстары жақын арада басталады деп жоспарлануда. Әзірге қатысуға ниетті, 18 жастан зейнет жасқа дейінгі жұмыссыз азаматтар қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, өтініштері мен құжаттарын тапсыра беруге болады.

– Кәсіп ашпайтын, бірақ, жұмыс істегісі келетін азаматтарды қамту жағы қалай болып жатыр?

– Шымкентте субсидияланатын, яғни, жалақысының жартысы мемлекет тарапынан төленетін жұмыс орындары бойынша 4 819 адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетіледі деген жоспар бар. Бүгінге дейін нақты 2 546 адам жұмыспен қамтылды. Жеке-жеке тоқталсақ, 90 адам әлеуметтік жұмыс орнына орналасуы керек болса, нақты 108 адам жұмыс тауып, жоспар 120 пайызға артығымен орындалды. Жастар практикасымен әзірге 671 жас қамтылды, ақылы қоғамдық жұмыста нақты 1 694 адам істеп жүр. «Алғашқы жұмыс орындары» жобасына – 73 тұрғын, «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына 24 адам қатысуда.

– Осының ішінде «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына тоқтала кетсеңіз. Бұл – жаңа жоба ғой?

– Иә, бұл жоба биылдан бастап 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылуда. Мұндағы мақсат – жас мамандарға жұмыс ұсыну әрі зейнеткерлікке шығатын мамандардың орнын ауыстыру процесіне дайындық. Диплом алған жастардың бірден жұмыс тауып кете алмайтыны бәрімізге белгілі. Ал кейде, керісінше, өз ісінің кәсіпқойы саналатын, зейнет жасына жетіп қалған маманның орнына адам табу да оңай емес. Сондықтан, екі қоянды бір оқпен «ату» үшін осы жобаны қолға алып отырмыз. Жобаға оқуды аяқтағанына екі жылдан аспаған және жасы 29-дан аспаған түлектер қатыса алады. Ол белгілі бір мекемедегі зейнетке шығуға кемінде 6 ай уақыты қалған қызметкерді алмастырады. Қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін сол мекеменің басшылары жас маманды тәлімгердің бос жұмыс орнына немесе басқа бос орынға ауыстыруға міндетті. Жобаға қатысу мерзімі 6 айдан аспайды, ал жалақы мөлшері 30 айлық есептік көрсеткіш (95 400 теңге) көлемінде төленеді.

– Жобаға қатысу үшін қандай құжаттар қажет?

– Ол үшін жұмыссыз жастар Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығына өтініш, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, еңбек кітапшасы (бар болған жағдайда) және дипломын алып келсе, болғаны. Сондықтан, жастарды осы жобаға қатысуға шақырамыз.

– Тағы қандай жобалар жүзеге асырылуда?

– Биылғы жаңалықтың бірі – «Күміс жас» жобасы. Ол зейнеткерлік жас алдындағы адамдарды жұмысқа орналастыру мақсатында құрылған. Нақты айтқанда, зейнет демалысына шыққанға дейін 2 жыл бұрын. Себебі, жасы келіп қалған аға-әпкелеріміздің жұмысқа орналасуы қиын екені де жасырын емес. Көп жұмыс беруші оларды жұмысқа ала бермейді. Міне, бұл осы келеңсіздікпен күресу үшін қолға алынған жоба. Жобаға қатысу мерзімі 1 жылдан аспайды. Оған, аты айтып тұрғандай, зейнет жасына дейінгі жұмыссыз азаматтар қатысады. Жалақы мөлшері, ай сайынғы субсидиялар мөлшері, экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны ескергенде жалақы мөлшерінің жартысын құрайды, бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен аспайды. Сонымен қоса, жобаға қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін жұмыс беруші ол маманды зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмысқа қабылдай алады. Жобаға қатысу үшін өтініш, қатысушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, еңбек кітапшасы (бар болған жағдайда) және дипломы қажет. Жалпы, Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша 2022 жылға 24 196 жұмыс орнын құру жоспары бар. Яғни, 14 517 тұрақты, 9 679 уақытша жұмыс орны бар. Оның ішінде ұлттық жобалар бойынша – 10 552 жұмыс орны, жеке бастамамен құрылатын 13 643 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жеке меншік балабақшалар, спорт кешендері, білім беру ұйымдары, дәріхана, асхана және басқа да қызмет көрсететін ұйымдарды қамтитын жеке бастамада 11 549 тұрақты, 2095 уақытша жұмыс орны ашылмақ. Биылғы 1 сәуірге дейінгі мәлімет бойынша нақты 7 320 жұмыс орны ашылып, жоспар 30 пайызға орындалып отыр.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.