KAUPSIZDIK

Шымкент қаласы Полиция департаментінде Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Қоғамдық қауіпсіздікті қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру» бойынша іс-қимыл жоспары талқыланды.

Консультативтік кеңес отырысына Шымкент қаласы ПД-нің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков төрағалық етті. Сондай-ақ, қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қала прокурорының орынбасары Бақтияр Мұхамеджан, қала мәслихатының төрағасы

Бахадыр Нарымбетов, қылмыстық атқару жүйесі департаменті мен төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшылары, экономика, білім беру, денсаулық сақтау басқармалары, мемлекеттік емес ұйымдар мен консультативтік кеңесші орган мүшелері маңызды жиынның төрінен табылды.

–Қазір адамдар арасында профилактика тек полицияның міндеті деген пікір қалыптасқан. Бірақ, кез келген қылмыспен біз қоғам болып күрескенде ғана, қауіпсіздікті нығайтуға зор мүмкіндік аламыз. Ол үшін осы жиынға қатысып отырған әр тұлға өз пікірін ортаға салып, тұжырымдаманы іске асыруға бір кісідей атсалысу керек деп ойлаймын, - деді полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков.

Бұған қоса мегаполистің бас полицейі соңғы кездері ең өзекті мәселеге айналып отырған интернет-алаяқтық, тұрмыстық зорлық-зомбылық және есірткі қылмыстарының себеп салдары мен статистикасына жеке дара тоқталып, алдын алу шараларын күшейту қажеттігін атап айтты. Шымкент ҚПД Штаб басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айжан Куленова жиынға қатысушыларды тұжырымдаманы жүзеге асырудың іс-қимыл жоспарымен таныстырды.

Оның ішінде, интернет-алаяқтық, есірткі қылмысы, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, жол апаты жағдайларының алдын алуға және полиция қызметінің сапасын жақсартуға арналған 5 жылдық жоспарды назарға ұсынды.

Өз кезегінде, жауапты орган басшылары мен консультативтік кеңес мүшелері ұсынылған жоспарға өз ой-пікірлерін қосып, қызу талқыға салды. Олардың әрқайсысын «Қоғам қауіпсіздігі үшін мен не істей аламын?» деген сауал толғандырғаны анық. Өйткені, жоспардың әр бөлігіне жеке пікір білдіруші азаматтар саны көп болды.

Жиын соңында, қатысушылар жұмыла көтерген жүк жеңіл деп алдағы уақытта қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полициямен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге уәделесті.

Шымкентте 154 мыңнан аса оқушы жазғы демалыспен қамтылады

LAGER

Оқу жылы аяқталғанмен жаз айында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында қала сыртында жазғы сауықтыру лагерлері ұйымдастырылады. Сауықтыру лагерлеріне жолдама әлеуметтік санаттарға сай келетін отбасылардың балаларына тегін беріледі. 2023 жылы Шымкентте 154 270 оқушының жазғы демалысын тиімді өткізу шаралары жоспарланған. Бұл туралы баспасөз брифингінде қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы мәлімдеді.

Бұл көрсеткіш қаладағы мектеп оқушыларының 64,8 пайызын қамтиды. Оның ішінде 16 715-і қала сыртындағы,

137 555-і мектеп жанындағы лагерлерде демалатын болады. Балаларды сауықтыру, жетілдіру, дамыту және бос уақытты тиімді өткізу мақсатында қала сыртындағы лагерлерде демалдыру үшін бюджеттен 308,5 млн. теңге қаралған. Оның ішінде, әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына басымдық берілген. Сондай-ақ былтырғы жылы лагерлердің тазалығы, ғимараттардың ескілігі, тағамдардың сапасына ата-аналардың тарапынан келіп түскен арыз-шағымдарға байланысты, аталған мәселелер биыл қатаң бақылауға алынатын болады.

Осы жылы алғаш рет ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бұйрығына сәйкес, орта білім беру ұйымдарындағы оқу сабақтары 2023 жылғы 31 мамырда ұйымдасқан түрде аяқталуда. 1 маусым – оқу жылының аяқталуы бойынша салтанатты жиынды өткізу форматын білім беру ұйымдары таңдайды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету іс-шаралары бекітіліп, аудан әкімдері, құрылымдық басқармалар мен құзырлы органдарға тиісті тапсырмалар берілді,– деді Ж.Арысбекқызы.

Г.СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

TEMEKI

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жыл сайын әлемде 7 миллион адам темекі салдарынан көз жұмады. Соның 890 мыңға жуығы өзгелер шеккен шылымның түтініне уланғандар. Ал Қазақстанда шылымның кесірінен жылына 18 мың адам көз жұмады екен.

31 мамыр – Дүниежүзілік темекіге қарсы күрес күні. Осыған орай қаламыздағы Психикалық денсаулық орталығында Ашық есік күні өтті. Орталықтың нарколог-дәрігерлері темекінің, вэйптар мен кальянның зияндылығы туралы баяндамалар оқып, «жастар арасында профилактикалық жұмыстарға қалай көбірек көңіл бөлу керек» деген тақырыпта пікірлерін ортаға салды.

– Шылымқорлық – әлемдегі ең үлкен зиянды әдеттердің бірі. Қазіргі таңда әлемдегі әр төртінші еркек пен әр жиырмасыншы әйел никотинге тәуелді саналады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен көптеген елдер оған күреске барынша күшін салып келеді. Қазірде студенттер, жастар, тіпті оқушылар кальянды сәнге айналдырған. Ол кез келген қыдыру мен демалыстың сәніне айналды десек артық айтқандық емес. Ол аздай вэйп тарту белең алды. Тіпті оны зиянды әдет санамайтындар, баласының, қызының ерте құмар болғанына көңіл бөлмейтіндер де бар, – дейді орталық дәрігері Раушан Асанқызы.

Сонымен бірге дәрігер темекі шегетіндерді көптеген аурулар мазалап, әсіресе олардың репродуктивті денсаулығына кері әсер ететінін атап өтті. Нақтырақ айтқанда, бала туу қабілетінің төмендеуі, жатырдан тыс жүктілік қаупінің жоғарылауына әкеліп соғады. «Ал жүктілік кезінде темекі шегу әртүрлі дәрежедегі ұрықтың гипоксиясына, құрсақішілік инфекцияға, иммун тапшылығына, нәрестенің өліміне әкеледі екен.

– Қазіргі уақытта нашақорлық пен шылымқорлық қоғамдағы маңызды мәселе болып тұр. Жастар арасындағы нашақорлықтың алдын алудың бір жолы түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады. Біздің мекеме мамандары мен қаладағы наркологиялық орталықтар, дәрігерлер үнемі тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. 26 мамыр мен 26 маусым аралығы – нашақорлықпен күрес айлығы. Осы айлық аясында жастар арасында түрлі челлендждер, спартакиадалар, тимбилдингтер өткізу жоспарда бар. Мақсатымыз жастар мен жасөспірімдерді салауатты өмір салтын ұстануға шақыру,-дейді Шымкент қаласының Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Қарбеков.

Жиынға «Ренессанс Шымкент» наркологиялық орталығынан да маман келіп қатысып, шылымқорлықпен күрестің бірден-бір жолы темекіні тұтынуға қатысты заңнаманы қатаңдату деді.

– Бұрынғыдай «Темекі шегу зиян!» деп қана ұрандатпай, халыққа, әсіресе мектеп оқушыларының ата-анасына шылым шегудің зияны туралы ақпараттық тұрғыдан әсер ету керек. Медицина қызметкерлері темекі шегушілермен үнемі жұ мыс істеп, әрбір кездесуде темекіні тастау қажеттілігі туралы айтуы керек. Өйткені тәжірибе көрсеткендей, темекіні тастауға көмектесетін қаншалықты тамаша технологиялар болса да, ең бастысы – мотивация, шылым шегетін адамның темекіні тастауға деген ұмтылысы болмаса, олар – тиімсіз. Сондықтан жастар көп пайдаланатын әлеуметтік желілерге сапалы видеолар, рилстар түсіру арқылы саналарына әсер ету керек,– деп түйіндеді маман.

Жалпы темекінің зияны мен салдары жайлы аз жазылып жатқан жоқ. Соған қарамастан, мамандар темекі шегетіндер қатарының көбейіп жатқанын айтып, дабыл қағып отыр. Әсіресе, жастар арасында кең таралған электронды темекіні тұтынушылар көп. Сондықтан да оның алдын алу үшін мемлекеттік деңгейде ғана емес, әлемдік деңгейде жүйелі шаралар қабылдануы қажет.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

MARHABAT

Түлкібас төрінен қанаттанып тұтас қазақ елінің мақтанышына айналған жазушы Мархабат Байғұттың өнегілі өмірі мен шығармашылық жолы тәлім-тәрбиенің асыл көзі.

Сондықтан да марғасқа қаламгердің кемел сипатты шығармалары мен ел үшін атқарған абыройлы істері жастарға әркез үлгі етіледі. Қаламыздың әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында болып өткен «Сағынышқа айналған суреткер» тақырыбындағы жазушы, журналист, драматург Мархабат Байғұтты еске алу кеші де осы мақсаттан туған абыройлы іс.

«Бүгінгінің Бейімбеті» аталған қарымды қаламгер

Мархабат Байғұтты еске алу мақсатында өткізілген кешке қоғам қайраткері Төретай Қабылбек, ҚР мәдениет қайраткері Күлия Айдарбекова, ҚР Мәдениет қайраткері Еркінбек Шымырқұлов және өзге де қаламыздың зиялы қауым өкілдері мен өнер майталмандары қатысты. Тағылымға бай өмірін қазақ елі мен қазақ әдебиетінің дамуына арнаған сүлей суреткердің жүріп өткен өмір жолы мен шығармашылық мол мұрасы арқау етілген кеште қаламгердің қанаттас-қаламдас достары, әдебиет әлеміндегі іні-қарындастары классик қаламгер Мархабат Байғұт жайында жылы естеліктер айтып, толғанысқа толы пікірлерін білдірді.

Сондай-ақ, кеш барысында драматургия жанрында да қалам тербеп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген көптеген көркем дүниелерді тудырған қаламгердің Асанбай Асқаровтың өмірі өзек етілген «Асқаровтың аққайыңдары» пьесасынан Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрының әртісі Еркінбек Шымырқұлов пен Жамиля Бекмұрзаеваның орындауындағы үзінді көрсетіліп, кітапхана қызметкерлерінің қатысуымен қаламгердің «Оқу залы» атты әңгімесінен көрініс сахналанды.

Заңғар жазушының шығармашылығын оқырманға кеңінен таныстыруды көздеген кеш барысында М.Байғұт шығармашылығы бойынша жарияланған эссе және жыр байқауының жеңімпаздары да марапатталып, жеңімпаздарға қаламгердің кітаптары сыйға тартылды.

Кеш қонақтарына арнайы «Әдебиет әлемі әдемі» эссе және өлеңдер топтамасы, «Сағынышқа айналған суреткер» атты биоблиографиялық көрсеткіш, сондай-ақ, қаламгердің ұлы ойшыл әл-Фараби және оның мұрасы жайында жазылған «әл-Фараби және Қайырымды қала хақында» еңбегі табыс етілді.

Т. ЕШІМОВ

Бала бақыты бәрінен биік

Среда, 31 Май 2023 04:32

BALA

«1 маусым – Халықаралық балалар күні» мерекесі қарсаңында Еңбекші ауданында 70-тен астам балаға демеушілер есебінен сыйлық табысталды. «Жеңіс» саябағында ұйымдастырушылар ерекше кеш ұйымдастырып, мерекелік дастархан да жайды.

–Мереке қарсаңында қайырымдылық іс-шарасын жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырамыз. Биыл 76 балаға қажеттіліктер бойынша ойыншықтар, мектепке қажетті құралдар, азық-түлік себеттері мен сәбилерге жаялықтар берілді. Бұл қажеттіліктермен аз қамтылған, көпбалалы отбасылар мен асыраушысынан айрылған жандар қамтылды, - деді Іскер әйелдер кеңесінің Еңбекші аудандық филиалының төрайымы Нилюфар Сайдуллаева. Оның айтуынша, шымкенттік кәсіпкер әйелдер қайырымдылық шараларына белсенді түрде қолдау көрсетіп келеді. Әрбір мерекеде 18-20 отбасына көмектеседі.

Қала тұрғыны Луиза Мұрсатова мерекелік кешке 5 қызымен келген. Үлкені 17 жаста, 2 қызы мектепте оқыса, кішкентайы 2 жаста. – Өзім ауруханада еден жуушы болып, күйеуім құрылыста жұмыс істейді. Бүгін игі шара үшін демеушілерге алғысымды білдіремін. Балаларға арнайы концерт ұйымдастырып, аниматорларды шақырыпты. Қыздарымның жүзінен бақытты көрдім, - дейді ол.

Атап өтсек, мерекелік шара барлық аудандарда ұйымдастырылып жатыр.

Қазіргі заманғы әлем — әр тұлға үшін белгілі бір орынды алатын динамикалы дамып келе жатқан жүйе екенін ғылым да, ғалымдар да растайды. Жеке тұлға ретінде өмірде кәсіби, шығармашыл – барлық бағытта табысты болу үшін үнемі дамып, жетілуіміз керек. Сыни ойлау дағдылары мен қабілетсіз бұл мүмкін емес. Қазіргі таңда табысты университет – бұл білікті және талантты оқытушылар, табысты түлектер ғана емес, сонымен қатар ең ақылды және креативті студенттер.

BOLASHAK

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті бүгінгі таңда Rank Pro-2023 жоғары оқу орындарының әлемдік кәсіби рейтингіне кіреді. Әлемнің үздік 1000 жоғары оқу орындарында – 761 орын, QS жаһандық рейтингінде – 443 орынға ие. М.Әуезов атындағы ОҚУ-не Ұлыбританияның QS рейтингтік агенттігінің аудит нәтижелері бойынша 4 жұлдыз берілді. Осылайша, оқу ордасы әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігінде жоғары деңгейге ұмтылудағы жоспарларын сәтті орындауда. Университ дипломы – еліміздің үздік жоғары оқу орындарының бірінің, озық халықаралық стандарттарға сәйкес, қазіргі заманғы технологиялар бойынша оқытатын жоғары оқу орындарының көшбасшыларының «визиттік карточкасы». Сондықтан да, М.Әуезов атындағы ОҚУ студенті атану, бүгінгі таңда беделді және жауапты.

Қазіргі уақытта гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар кәсіби маманның қызметінде жетекші рөл атқаратын дәуір келді. Шынында да, қазіргі білім беруде ең басты мақсат – білім мөлшерін жай ғана беру емес, құзыреттіліктерге, өз білімдерін капиталдандыру дағдыларына үйрету, білім жүйесінде іздену, сонымен қатар өзін-өзі тәрбиелеу тәсілдерін білу. Ежелгі данышпандар «Білімнің бір унциясы бір фунт ақпаратқа, ал түсінудің бір унциясы бір фунт білімге тұрарлық», деп тұжырымдады. Басқаша айтқанда, тек жақсы игерген білім жеке тұлғаның сапалы өсуіне мүмкіндік береді.

Ғалымдар мен бизнесмендер гуманитарлық ғылымдардың, атап айтқанда философияның қажеттілігі туралы көп айтады. Болашақ философияның маңыздылығын Ирландия Президенті Майкл Хиггинс те атап көрсетеді. Оның пайымдауынша, технология әлемінде бұл идеяларды тұжырымдауға және салмақты пайымдаулар жасауға, яғни роботтар мен алгоритмдерге әлі берілмеген тапсырмаларды орындауға мүмкіндік беретін гуманитарлық ғылым. Сондықтан болар, Ирландияда философия пәнін 12-16 жас аралығындағы жасөспірімдерге оқытып, бастауыш сынып оқушыларына арналған курсты енгізуді жөн көріп отыр.

«Заң» факультетінің «Философия» кафедрасы 6В02210-Философия бакалавриатының білім беру бағдарламасы бағыты бойынша дайындықты жүзеге асырады. Ал 2023-2024 оқу жылында 7М02210-Философия магистратура білім беру бағыты бойынша қабылдауды жоспарлап отыр. Біздің білім беру бағдарламаларымыз аналитикалық, шығармашылық ойлауды қалыптастыруға, жаңа сапалы деңгейде ақпарат алуға, жүйелік байланыстарды түсінуге ықпал етеді. Кафедрада білікті педагогтар жұмыс атқарады, олар ең жақсы дәстүрде студенттерге университеттік Одақтығына және таңдалған мамандығын толыққанды игеру сезімін қалыптастыруға көмектеседі. Біздің түлектеріміз әкімшіліктің ішкі саясат бөлімінде, аналитикалық орталықтарда, саяси партияларда, ішкі істер сараптау бөлімдерінде, ЖОО-орындарында табысты қызмет атқаруда.

Құрметті талапкер! Біздің университетті таңдай отырып, сіз сапалы білім, үлкен өмірге жолдама, мансапты құруға, табысты және өзін-өзі жетілдіруге нақты мүмкіндік аласыз. Кәсіби және өмірлік проблемаларды ойдағыдай шешу және жеңуге мотивация алуды, әлеуметтік дағдылар мен практикалық дағдыларды дамыту, интеллектуалды, мәдени, адамгершілік және физикалық дамудағы жеке қажеттіліктерді қанағаттандыруды, әртүрлі әлеуметтік өзгерістерге бейімделу, жағымды нормалар мен мінез-құлық формаларын дамыту дағдыларын үйреніңіз.

Индустриалды революциялар дәуірінде маманнан бірінші кезекте шеберлік талап етіледі. Постиндустриалды, ақпараттық қоғамда шеберлік технологиялармен, компьютерлік есептеу техникасын қолдану қабілеттерімен алмастырылды. Бүгін сізде дұрыс таңдау жасауға және болашағыңызды бізбен бірге құруға нақты мүмкіндігіңіз бар. Біздің университетті таңдау арқылы үлкен қауымдастықтың бір бөлігі боласыз. М.Әуезов атындағы ОҚУ, «Философия» дайындық бағытын таңдаңыз!

М.СПАНОВ,
М.Әуезов атындағы ОҚУ «Философия»
кафедра меңгерушісі, ф.ғ.к. доцент,

А.ЕСИМОВА,
аға оқытушы

Ұстаз

Среда, 31 Май 2023 04:19

USTAZЕртең, 1 маусым күні елімізге белгілі заңгер, прокуратура қызметінің ардагері, әділет генерал-майоры Әбдіқадыр Кәрімұлы Кәрім мерейлі 70 жасқа толғалы отыр. Ұзақ жылдар бойы Шымкент қаласында прокуратура органдарында жемісті қызмет етіп, қаламыздың дамуына лайықты үлес қосқан еңбек ардагерін мерейтойымен редакция ұжымы атынан құттықтай отырып, ол кісінің шәкірті, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспанның редакциямызға арнайы жолдаған мақаласын оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз.

«Мен өзімнің ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін: әкемнен өмір алсам, ал Аристотельден өмірімді жақсы өткізу туралы білім алдым» - деген екен, адамзат тарихындағы ең әйгілі қолбасшылардың бірі Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский). Ескендірдің бұл сөзі қазақтың, кей деректер бойынша Әл-Фараби айтты делінетін «Ұстазыңды пірдей көр, ата-анаңмен бірдей көр» - деген сөзімен ұштасады екен.

Өз басым ұстаз ұғымын түрлі сатыдағы оқу орындарындағы мұғалімдік қызметтен бөлек қарастырамын. Әрине мектеп жасынан сабақ беріп, тек белгілі бір пәнді ғана емес, оң-солыңды, жақсы мен жаманды айыруды үйреткен жанашыр мұғаліміңнің ұстаз атану мүмкіндігі зор. Бірақ, ұстаз ұғымын тек ресми қызметімен ғана байланыстыру қате болар. Бұл тұрғыда бізге дейінгілер не деді екен деп ғаламтордан іздестіріп көргем. Біздің заманымызға дейінгі ұлы, ұлық тұлғалардың ұстаздары туралы айтқан ойлары өте көп екен. Соларды саралай келе, өзім үшін түйгенім – азды-көпті осы өміріңде сөзі, ісі, тіпті артына қалдырған ұлы шығармасы арқылы, жақсы, адами бітім-болмысыңның қалыптасуына әсер ете алған әр адамды менің ұстазым еді деуге қақылы болсам керек.

Міне, мен үшін осындай жанның бірі әрі бірегейі, белгілі заңгер, прокуратура қызметінің ардагері – Әбдіқадыр Кәрімұлы Кәрім. Әбдіқадыр ағамыз бар саналы өмірін прокуратура қызметіне арнаған және осы салада көптеген лауазымдарға қол жеткізген адам. Бірақ, бұл мақалада мен ол кісінің қызметтерін немесе ресми атақ-дәрежелерін тізбелеп жатпаймын. Мен Әбдіқадыр Кәрімұлының ұстаздық қасиеті туралы бір-екі ауыз әңгіме етсем деп едім.

Ағамыз сонау 2000 жылдардың басында, дәлірек айтсақ 2002 жылы Батыс Қазақстан облысының прокуроры болып тағайындалды. Мен ол кезде Бөкей ордасы ауданы прокурорының көмекшісі қызметінде едім. Облыс орталығынан өте шалғайда жатқан біздер айына бір рет есептік жиналысқа шақырылғанымыз болмаса Оралға көп бара бермейміз. Себебі түсінікті, жол нашар, бір жиналысқа қатысу үшін бірнеше күндік дайындық керек.

Содан не керек, «жаңа басшы мінезді адам екен, талабы өте жоғары екен, айтқанын орындамағанды әй-шәйға қаратпай қызметінен кетіреді екен» - деген сипаттағы хабарлар, орталыққа жақын орналасқан аудан прокурорлары арқылы бізге де жетіп жатты. Көп ұзамай шынында да басшылық құрамдағы біраз прокурор өз қызметтерімен қоштаса бастады. Содан күз айларының басында облыс прокуроры оңтүстік аудандарын жеке өзі аралап шығатын болды. Бізге дейін жолда Ақжайық, Жаңақала аудандары бар, мен бір жақтан, аудан прокуроры бір жақтан ана ауданның прокурорларына телефон соғып, оларды «қалай болды, не болды, жұмыс бабында не сұрайды?» – деп сұрақ астына аламыз. Одан аудан прокурорының кабинетіне жиналып, естіген-білгенімізді ортаға саламыз, тиісінше қызметтік қағаздарымызды туралаймыз. Сөйтіп жатқан кезде Жаңақала ауданынан біздің бағытқа шығып кетті деген хабар да келіп жетті.

Бөкей ордасы ауданы – қазақ тарихында ойып тұрып алатын ерекше орны бар тарихи жер. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, облыс орталығынан өте шалғайда орналасқан, ара қашықтық 600 шақырымға жуық. Оның үстіне орта жолдағы Жаңақала ауданынан 300 шақырымдай жерге мүлдем асфальт жол төселмеген, қатынасқа қиын жер.

«Қырсыққанда қымыран іриді» дегендей, жаңа басшымыз Ақжайық, Жаңақалаға барғанда керемет болып тұрған ауа райы бізге шығып кеткеннен кейін күрт бұзылмасы бар ма! Содан кешкі бес-алтыдан қалмай келеді деп күтіп отырған адамдарымызды орта жолда көлігі батпаққа батып жатқан жерінен аудан әкімдігі жіберген бес кісілік УАЗ көліктерімен түннің бір уағында алдырыпты. Мен басшымыз келсе жұмыс орнына соғып қалар деп аудандық прокуратурада, үйілген қызметтік қағаздардың арасында отырып, қатты шаршағаннан ұйықтап қалыппын.

Бір кезде қызметтік телефон шыр ете қалды. Тұтқаны көтерсем ар жағынан сол кездегі аудан прокурорының әйелі Гуляның жан даусы шығып жатыр. Оның айтуынша басшымыз сол кезде облыстық құқықтық статистика басқармасының басшысы Бақтияр ағамызбен шопыр үшеуі түнгі екіден өте келіпті. Қарсы алуға шыққан аудан әкімі мен ішкі істер бөлімінің басшысы бірден прокурордың үйіне дайын асқа алып барса керек. Бірақ, аудан прокуроры үй иесі ретінде келген адамдарға қош келдің мен ас алыңызды айта алмай сасқалақтап қалғанға ұқсайды. Соған маған қызметтік көлікті жібергенін, дереу үйге келіп столды басқару керектігін айтты.

Үйге келе байқағаным төрде отырған басшымыздың үстіндегі генералдық кителі (ол кісі қателеспесем Республиканың бас әскери прокуроры болып тұрғанда генералдық шенге ие болған. Прокурорлар әдетте көк түсті форма кисе, бұ кісінікі әскери сұр түсті) малмандай су болған, шамасы жолға ауыстыратын киімін алмай шықса керек. Осы жағдай жолдың қиындығы, шаршағаны бар, генералдың қабағы қатулы. Содан ба дастархан басында ыңғайсыз үнсіздік орнаған, не аудан әкімі, не ішкі істер бөлімінің басшысында үн жоқ. Мен келе өзімді таныстырып, қонақтардан астан алуын сұрап, осындай кезде айтылатын әдеттегі сөздерді айтып жатып, неде болса өзін сөйлетейін деген оймен «Аға, Суворов айтты делінетін, «генерал болуды армандамаған солдат-солдат емес» - деген қанатты сөз бар, бәрімізде өзіңіз сияқты генерал болғымыз келеді, ендеше артыңыздағы біз сияқты жастарға қарата бір тілегіңізді айтсаңыз» - дегенімде ол кісі бүкіл денесімен маған ошарыла қарады. Сөздің әсері болды ма, әлде ыстық ас бойға дарып, көңілі жайланды ма білмеймін, осыдан соң генерал кәдімгідей шешіліп әңгіме айтты, оған қарап басқамыздың да көңіліміз сабасына түсе бастады.

Бұның бәрін тәптіштеп айтып жатқанымның мәні бар, сол күні, анығы түннің бір уағында дастархан басында отырып Әбдіқадыр ағамыздың айтқан бір әңгімесі өмір бойы санамда жазылып қалыпты. Тіпті кейінгі заңгерлік, қоғамдық жұмыстарыма да тікелей әсер еткен еді, енді соған көшейін.

Әңгіме арасында генерал менен қазір аудан бойынша қандай тексерулер жүргізіп жатқанымды сұрады. Мен жер мәселелері бойынша деп жауап бердім. Шамасы сұраққа тиісті назар аудармай, жауабымның қысқа, шолақ шыққаны ұнамады білем, генерал жер туралы заңнаманың орындалуына аса маңыз беру қажет екендігін айтып келіп, сөзін былай жалғады: «Баяғыда жаратушы Алла барлық жер бетін мекен қылған ұлт пен ұлысқа жер таратыпты. Сол жиынға атамыз қазақ әні-міні деп жүріп кешігіңкіреп барса керек, сөйтсе барлық әдемі, нулы-сулы жерлер үлестіріліп қойғанға ұқсайды. Таулы жерлер кавказдық ағайынға, орман-тоғай орысқа, мұхит-теңіз еуропалықтарға деген сияқты. Ұлық Алла атамыздан «енді өз қалауыңды айт» дегенде, ол атпен шауып жеткенінше дейін жер беруін сұрапты. «Ал, ендеше шап» депті ұлық Алла. Содан атамыз қазақ атына міне шауыпты. Сол шапқаннан шауып отырып Атыраудан Алтайға дейін шапса керек, осы кезде аты болдырып құлап, ары қарай атамыз жаяу жүгіріпті, өзініңде әлі құрып, құлап бара жатып, басындағы тымағын лақтырыпты дейді. Осының бәрін көріп тұрған ұлық Алла атамыздың ниетіне риза болып, қазаққа осы кең байтақ жер бұйырыпты. Оның ішіне өзен-көлі, теңізі, орман-тоғайы, тіпті Швейцариядай әдемі Бурабайыда бар» - дей келе Әбдіқадыр Кәрімұлы «Абзал, бұл енді аңыз-әпсана түрінде бізге жеткен әдемі әңгіме сияқты көрінер, бірақ бұның астарында үлкен мән-мағына жатыр. Ата-бабамыз осы арқылы жердің қаншалықты құнды, киелі екендігін айтып, мына сіз бен бізге оны аманаттап отыр, сондықтан басқа-басқа, бірақ жер мәселесіне келгенде бейқам болма» -деп сөзін тәмамдады.

Генералдың келгенінен келедісі көп әңгіме болғаны бар, қандай адам екен деп толқып күткеніміз бар, әрі өзіміз жиырмадан енді асқан өрімдей жас, әсершіл кезіміз, одан бөлек, әр сөзге маңыз беріп, баптап сөйлетіні, әрі сұсты, әрі келісті түр-кескіні, осының бәрі қосылып, бұл әңгіме өзіме қатты әсер етті. Сол күні ұйықтай алмай, таңды көзбен атырдым. Осыдан кейін, жерге қатысты мәселе бола қалса, өз басым елден ерек елеңдеп тұратын болдым.

Араға бірнеше жыл салып, Әбдіқадыр Кәрімұлы қызмет бабымен басқа облысқа ауысты, одан соң ағамызбен кездесудің сәті түсе қоймады. Ол кісі кеткен соң көп ұзамай мен үшін прокуратура саласында ары қарай қызмет етудің еш мәні қалмағандай көрінді де, өз еркіммен арыз жазып, адвокатура саласына ойыстым. Бұл 2006 жыл болатын. Осыдан арада он жылдай уақыт өткен кезде, ел арасында ауыл шаруашылығы жерлері Қытай инвесторларына беріледі екен деген әңгіме гу ете түсті. Мәселенің анық-қанығын білеміз деп алашапқын болып жүргенде, бір азаматтар желіге Шығыс Қазақстан облысының мыңдаған гектар жерін көрші елге ұзақ мерзімді жалға беру туралы Үкімет Қаулысын жариялап жіберді. Бұл бұқараға отқа май құйғандай әсер етіп, сол жылдың мамырында Қазақстанның барлық өңірінде жаппай митинг басталды. Мен Орал қаласындағы белсенді ұйымдастырушының бірі ретінде әкімшілік қамауға алындым, бірақ артынша босатылып, сол кездегі Президенттің ұсынысымен, ауыл шаруашылығы министрлігімен бір жұмыс тобында 2017-2019 жылдар аралығында, жер кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізуге атсалыстым. Екі жыл бойы ақысыз, қоғамдық негізде қызмет атқардым. Жұмысымыздың нәтижесінде жаңа жер кодексінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге мемлекеттік меншік құқығы бекітіліп, шетел азаматтарына жалға берілмейтіні туралы норма көрініс тапты. Ал былтырғы жылғы реформа нәтижесінде ол норма бас заңымыз – Конституцияға да енгізілді! Биылғы сайлауға бір мандатты округтен өзін-өзі ұсыну тәртібімен түсіп, батыс қазақстандықтардың басым бөлігінің қолдауымен Мәжіліс депутаты атанған күннің ертесіне «Аманат» партиясының басшылығы «Жер аманаты» комиссиясына қоғамдық жұмысқа шақырғанда, ойланбастан өз келісімімді бердім.

Осылайша, бір кездері Әбдіқадыр Кәрімұлының дастархан басындағы айтқан бір әңгімесінің өзі, менің заңгерлік, қоғамдық жұмысымның өзегіне айналды...

          

Абзал ҚҰСПАН,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Талайлы тағдыр

Среда, 31 Май 2023 04:01

өңірлік комиссияның жұмыс тобы тың тарихи деректерді анықтады

TALAILY TAGDR

Кеңестік билік жоспарлы түрде жүргізген тәркілеу мен соның салдарынан туындаған жаппай ашаршылық жылдарында орталығы Шымкент қаласы болған Сырдария губерниясында халық саны 62,6 пайызға азайып кеткен. Архив құжаттары 1930-1933 жылдар аралығында Қазақстанның оңтүстік өлкесінен 120 387 қожалық немесе 698 186 адам бас сауғалап ауа көшуге мәжбүр болғанын көрсетіп отыр. Осылайша, 1930 жылмен салыстырғанда 1933 жылы Сырдария губерниясындағы шаруа қожалықтарының саны – 64 пайызға, ал, халық саны – 62,6 пайызға азайып кеткен.

Міне, бұл кеңестік-тоталитарлық жүйе жүргізген саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың Қазақстанның оңтүстік өңіріне, соның ішінде Шымкент қаласына қалай әсер еткенін, оның салдары қаншалықты ауыр болғанын айғақтайтын тарихи дерек.

2020 жылдың 24 қарашасында Мемлекет басшысы

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Осыған орай мемлекеттік комиссиямен бірге өңірлік комиссиялар да құрылған еді. Жоғарыда біз келтірген тың тарихи деректі Шымкент өңірлік комиссиясы жұмыс тобының зерттеуші-ғалымдары анықтап отыр. Яғни, Президент бастамасы тарихи әділдікті қалпына келтіру ісіндегі нақты қадамға айналды деп сеніммен айта аламыз.

Осы орайда, Мемлекеттік комиссияның Жобалық офисінің өңірлермен жұмыс жасаудың аса үлкен әдіснамалық базасын жасағанын, онға жуық әдістемелік нұсқаулықты өңірлерге таратқанын, барлық өңірлік комиссияларымен біріктірген семинарлар жүргізіп, оларда жасалатын баяндамалар үшін зерттеу бағыттарының алгоритмдерін дайындап, ұсынғанын айта кеткен жөн. Алгоритмдік әдістеме негізінде жалпыреспубликалық деңгейде ұйымдастырылған 9 бағыттық семинарда Шымкент жұмыс тобы өзінің есептік баяндамаларын жасады.

Жұмыс тобындағы тарихшы-ғалымдарымыз Шымкент қаласы аумағындағы ХХ ғасырдың І жартысындағы тарихи шынайылықты қалпына келтіру мақсатында архивтік және экспедициялық зерттеулер жүргізуде. Атап айтқанда, Түркістан облыстық мемлекеттік архивінде, Түркістан облыстық қоғамдық-саяси тарихтың мемлекеттік архивінде, Шымкент Полиция департаментінің құпия архивінде және Қазақстан Республикасы Президенті архивінде жұмыс істеп жатыр. Сөйтіп саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының қорларында жасаған ғылыми ізденістерінің нәтижесінде бірқатар тарихи жаңалықтарды ашып, ғылыми айналысқа алғаш рет енгізіп отыр. Сол арқылы зерттеушілеріміз Шымкент қаласының кеңестік саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде ұсыныстар әзірлеуде.

Қолдан жасалған зұлматқа қарсы күрес әсіресе көрші қос мемлекеттің Созақ, Бостандық аудандарында жүргендігін растайды. Зерттеушілер Өзбекстан Республикасының Бостандық ауданына іс-сапар барысында кеңейтілген зерттеулер жүргізіп, кеңестік билікке қарсы көтеріліске қатысып, сотталған 32 адамның осы күнге дейін ақталмағанын анықтады. Ақталмаған құрбандардың тізімі Мемлекеттік комиссияның жобалық кеңсесіне ұсынылған есепке қосылды. Алдағы уақытта арнайы жаңа заң ми түрде саяси және құқықтық тұрғыдан ақталады.

Жұмыс тобының зерттеушілері Шымкент қаласы мен Сырдария губерниясы тәркілеуге ұшырап, мал-мүлкінен айырылып, өздері жер аударылған 90-нан аса ауқатты әулеттерді анықтады. Зұлматтың құрбаны болған бұл адамдардың аты-жөндері архив құжаттары негізінде анықталып, жарыққа шығарылды. Осыған дейін олардың тек жартысына жуығы ғана ақталғандығы белгілі болып отыр. Ал, тәркілеуге түскен отбасылардың мүшелерінің айдауға түскендерінің бірқатары «Арал теңізі» лагеріне (мүмкін ол концентрациялақ лагерь болуы да мүмкін) қамалғаны белгілі болды. Сондай-ақ, 1931 жылғы сайлауда Шымкент қаласы бойынша саяси қуғын-сүргінге ұшырап, дауыс беру құқығынан айырылған 800-ден аса адамның аты-жөні табылды. Дауыс беру құқығынан айыру – саяси қуғын-сүргіннің аса бір сорақы, адамның адамгершілік тұлғасына ауыр соққы жасайтын түрі. Ең негізгі құқықтың бірінен айырылған осы бір жандардың талайлы тағдыры туралы зерттеу жұмыстары әлі де әрі қарай жалғасып жатыр.

Оңтүстік өңірінде кеңестік билікке қарсы топтасып күрескендер көп болғандығы, олардың тоталитарлық жүйе тарапынан ерекше қуғындалып, аяусыз жазаланғаны белгілі. Большевиктер «группировщики» деп айдар таққан бұл топтағы саяси қайраткерлер қазақ қоғамының тұтастығын сақтап қалуға бар күш-жігерін жұмсаған. «Қожановшылар», «Сәдуақасовшылар» сияқты топтық күрес өкілдерінің саяси қызметі көптеген ғылыми зерттеулерге арқау болған. Бұл тұлғалар оңтүстікте 1924 жылғы Орта Азиялық республикалардың шекара сызығын көрсете, бөліп құру кезінде белсене қарекет жасағаны белгілі. Мұндай аса ірі күрес топтарынан бөлек, Оңтүстік Қазақстандағы дәстүрлі әкімшілік-туысқандық қарым-қатынастың талай-талай топтарды құруға мүмкіндік бергенін архив құжаттары арқылы көре алдық.

Шымкент қаласында ГУЛАГ тізіміндегі лагерлер болмаған, бірақ тұтқындалған «Халық жауларын» алғаш тергейтін және жаза өтеуге дейін бостандықтарын шектейтін орындар, атап айтқанда, «Домзак» (Дом заключенных) және «Ардом» (Арестантский дом) деп аталған тұтқындар үйі болған. Бұл деректерде алғаш рет анықталып, архив құжаттарымен дәлелденді.

Советтік тәркілеу мен ұжымдастыру кезеңінде пайда болған заңдық актілер қазақстандық тарих ғылымының айналымына қайтадан енгізілуге дайындалып ұсынылды. Оның ішінде: Халық комиссарлар кеңесінің, ВКП(б)-ның қаулылары – 241 құжат; кулактарды қуғын-сүргінге салу бойынша директивалар, бұйрықтар, циркуляры – 5 құжат.

Өткен жылдың екінші желтоқсанында саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бағытында жүргізілген екі жылдық зерттеуді қорытындылау мақсатында «ХХ ғасырдың І жартысындағы Оңтүстік Қазақстан өңіріндегі саяси қуғын-сүргін: жаңақазақстандық қоғам көзқарасымен зерделеу мен зерттеу» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Шымкент қаласында өткізілді. Оған мемлекетттік комиссияның жанындағы жобалық офис басшысы С.Қасымов арнайы құттықтау хатын жолдады.

Өткен 2 жылдан астам уақыттың ішінде Шымкент қаласындағы 2 жоғары оқу орнының 20-ға жуық студенті мен магистранттары, докторанттары өздерінің ғылыми ізденістерінің тақырыбын «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау» проблемасымен орайластырып алып, зерттеу жасап жатыр. Шымкент қаласының құрамына енгізілген елді мекендерге жасалған экспедициялық ізденіске 30 зерттеушімен бірге 30 студент-волонтер қатысқандығы, ал, жүздеген еріктілердің қатысуға тілек білдіргендігі жас ұрпақтың ұлт тарихына бейжай қарамайтынын көрсетеді. Бұл – шын мәнінде көңілге жылулық пен қуаныш орнататын жағдай.

Осыған орай саяси куғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын зерттеу және ақтау жөніндегі ауқымды жұмыс жалғаса береді деп сенеміз. Шымкент жұмыс тобы зерттеушілері іргелі нәтижелерге қол жеткізіп, өңіріміз бойынша ақталуға жататын азаматтардың аты-жөні мен оларға қатысты архивтік істерді неғұрлым толығырақ жаңғыртуға ниетті. Жұмысымыздың нәтижелері алдағы уақытта Қазақстанда қабылданатын тарихи әділеттілік орнатуға бағытталған арнайы заң қабылдау кезінде пайдалы болады деп үміттенеміз.

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,
М.Әуезов атындағы
ОҚУ ректоры, тарих
ғылымдарының
докторы, профессор,
ҚР ҰҒА академигі, саяси қуғын-сүргін
құрбандарын толық
ақтау жөніндегі
Шымкент өңірлік
комиссиясының мүшесі

Страница 1 из 676