21 желтоқсаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында отандық кино «ZOR» спорттық драмасының көрсетілімі басталды.
Фильмнің қоюшы-режиссері көпшілікке таныс жерлесіміз – Шапағат Орынбаев, бас продюсері – Еркебұлан Молдашев.
Алматы қаласында Esentai Mall сауда орталығындағы Cinema max кинотеатрында өткен фильмнің премерасына Болат Назарбаев, Жақсылық Үшкемпіров, Ескендір Хасанғалиев, тағы басқа бірқатар зиялы қауым өкілдері және өнер саласының майталмандары, БАҚ өкілдері қатысты.
Драмалық кино ауылда спортта бағы жанған Айдынның өмірін бейнелейді. Анасының өтінішімен кәсіби бокспен айналысудан бас тартқан кейіпкердің өмірі Алматыға қоныс аударғанда күрт өзгереді. Үлкен шаһарда Айдын қайырымдылық мекемеде волонтерлік жұмыспен айналысып, әсем қалада өз махаббатын да жолықтырады. Бейтаныс қаладағы өмір сынағы оның анасына берген уәдесін бұзып, спортқа қайта оралуына мәжбүрлейді.
– Кино түсіру идеясы BN тобының «Топ-томпақ» бейнебаянын көргеннен кейін туындады. Бастапқыда комедия түсіреміз деп ойлаған болатынбыз, кейін экшн элементтері бар драмаға тоқталдық. Жобамызды «Зор» деп атадық, себебі бұл сөз «жақсы, мықты, үздік» дегенді білдіреді, – деді Шапағат Орынбаев.
Фильм саундтрегін елімізге танымал әншілер – Мақпал Исабекова мен Нұржан Керменбаев орындайды. Туындының атауы «Айта бермеші» деп аталады.
Драма жанрындағы кинода Әлішер Әскербеков, Альбина Болатқызы, Айдын Жұмахан, Адина Бажан, Еркебұлан Тохтар секілді жас әртістермен қатар BN тобының мүшелері ойнайды.