Версия для печати

ЗОРЛЫҚ ТҮБІ – ҚОРЛЫҚ Избранное

Среда, 12 Октябрь 2022 05:43 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 886 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мемлекет басшысы 2022 жылдың кыркүйек айындағы Жолдауында «Отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүр… қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды» деп қоғамдағы зорлық-зомбылыққа алып келетін әрекеттермен күресу қажеттігін нұсқаған болатын.

414

 

Соған байланысты Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен Әл-Фараби кітапханасында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы отбасылық құндылықтардың рөлі» тақырыбында форум өтті.
Іс-шараға Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі Рақымберді Мүлкеманов, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Баян Жандосова қатысты.
Жиында алғашқы болып сөз алған Қаратау ауданың әкімі Рақымберді Мүлкеманов сөзін былай сабақтады:
– Елімізде отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмас саны күрт өскен. Осындай мәселенің алдын алу үшін бүгінгі семинарға «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия» мүшелері жиналып отыр. Іс-шара барасында бірқатар мәселелер көтеріліп, талқыланатын болады. Көтеріліп отырған мәселелер бойынша жұмыстар атқарып, алда болатын жобаларға қосамыз. Көмек сұрап келген әр жанға көмек көрсетуге дайынбыз,-деді ол.
2017 жылдан бері елімізде үлкен бастамамен «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» жобасының аясында түрлі іс-шара жүргізіліп келеді. Осы орайда отбасы құндылығын дәріптеу арқылы отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттерін азайту, ажырасу деңгейін төмендету, сондай-ақ отбасында туындаған өзекті, әлеуметтік мәселенің алдын алу жұмыстары қарастырылған. Аталған жобаның аясында қаламызда көптеген басқармалар да осы іс-шараны жүзеге асыруда. Отбасын қолдау орталықтарындағы жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмасымен, қала әкімінің қолдауымен жүзеге асып отыр.
Елімізде осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыстарды тағы бір зерделеген Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Баян Жандосова:
– 2017 жылдан бастап қоғамдық жұмыстарды қолға алған болатынмын. Сол бойынша қоғаммен бірігіп «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» деген үлкен жобамен 2 жыл жұмыс атқардық. Отбасында туындаған мәселелердің шешімін тауып, көптеген жас-жұбайлардың ара-қатынасын түзеттік. Статистиканы сөйлететін болсақ, жыл сайын 400-500 арасында әйелдер зорлық-зомбылықтың салдарынан қайтыс болды. 8 000 отбасы ата-ана құқынан айырылған. 3 000 бала балалар үйінде тәрбиеленуде. Балалар үйіндегі жасөспірімдердің 80 пайызының әке-шешесі бар. Осындай жағдайдың туындауына зорлық-зомбылық, нашақорлыққа тәуелділік, ішімдікке салынған отбасылар тап болып жатыр. Бүгінде дағдарыс орталығы көптеп ашылып жатыр. Онда қиындыққа түскен 25 отбасыға, жағдайы төмен 12 отбасына көмек көрсетілді, - деді ол.
Қазіргі таңда зорлық-зомбылыққа тек әйелдер емес, ер азаматтар да ұшырап жатқандығы байқалады. Статистика бойынша 65 пайыз ер азаматтар өзіне қол жұмсаған. Осыған байланысты «Әкелер» орталығын ашу көзделуде екенін айтып өтті.
Статистика мәліметтері бойынша қала аумағында отбасы тұрмыстық қатынастар саласында құқықбұзушылықтар саны өскен. Осы жылдың басында отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында әйелдер тарапынан берілген арыздың 343 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеуде тұр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13,5 пайыз өскен. Полиция органдары жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әкімшілік немес қылмыстық іс жүргізу негіздері болған жағдайда жәбірленушінің пікірін ескере отырып, қорғау нұсқамасын шығарады. Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 461 бабы бойынша әкшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл соттың ескерту түрінде жаза қолдануына немесе 5 тәулікке дейінгі мерзімде әкімшілік қамаққа алынады,-деді Қаратау аудандық прокуратурасының прокуроры Меруерт Есжанова.
Семинар барысында жалпы отбасылық құндылықтар, тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттермен күресуде салалық мекемелер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар, әйелдер көшбасшылығы, бала тәрбиесі, мектептегі медиация, жас отбасыларды қолдау және өзге де маңызды мәселелер талқыланды. Аталған бағыттағы іс-шаралар аудан аумағында алдағы уақытта да тұрақты өткізілетін болады.