Ата кәсібіне адал жан Избранное

Среда, 10 Январь 2024 04:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 1118 раз

Бүгінгі қоғамда оңай жерден олжа алып немесе ауадан ақша жасағысы келетіндер көбейіп тұр. Десек те, қазақ «Еңбектің наны тәтті» екенін ықылым заманнан дәлелдеп кеткен. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – дәл осы тынымсыз еңбек пен ізденістің нәтижесінде елге танылған абыройлы азамат Шайхыбастан Қалмырзаев. Атакәсіптен қол үзбей, ата-бабасы салған сара жолды жалғап, ат баптаудың қыр-сырын меңгерген атсейіс Шайхыбастан ағамен арнайы әңгімелестік.

at

 

Көпшілікке Шайхан қажы есімімен танылған кейіпкеріміз ат баптап, оны сұрыптаудың қыр-сырын бала күнінен меңгерген екен. Кіндік қаны Арыс қаласында тамғанымен, шаңырақ көтеріп, еншісін алған соң Шымкент қаласына келіп, Тассай елді мекенінде тұрақтаған. Атбегімен еркін сұхбатымыз шаңырағында өтті. Үлкен аумаққа орналасқан жекежайды, оған жалғаса орналасқан асыл тұқымды жылқыларға арналған жай мен үлкен атқораны да көрдік. Әр қора жылқының жайына қарай арнайы салынған. Мәселен, үлкен атқорада 200-ден аса жылқы болса, арнайы қорада тебінге шығарылмайтын 12 асыл тұқымды тұлпар бапталып жатыр. Қорадан тыс көз ұшында бір қоршау байқалды. Сұрастыра келе, оның қорамен жалғасқан жылқылардың жайылымы екенін білдік.
Ауылдан шыққан бозбала мектепті бітірген соң, арман қуып Алматыға барады. Атакәсіпті жалғау үшін оқып, өз ісінің білгірі болмаққа ұмтылады.
–1973 жылы жас түлек атанып, жоғары оқу орнына түсуге қамданып жатқан кез. Алматыда оқығым келді. Мақсатыма жету үшін ата-анамның ақ батасын алып, жолға шықтым. Қалтама 120 сом салып жіберді. Ақшаның құнды кезі, оған семіз бір қой келетін. Жол дорбамда мектепте алған мақтау қағазым бар. Пайдасы тиер деген оймен сыртына бірнеше газетті орап, чемоданның түбіне салып қойдым. Алматыға жеткен бойда талдықорғандық бір жігітті жолықтырдым. Ол да мен сияқты «Зоотехник» мамандығына оқуға түсуге келіпті. Екеуміз танысып-білісіп, бір жерге жайғасып алдық. Әлгі жігіт «үлкен қалаға оқуға түсушілердің қарасы көп. Екеумізде ең болмаса таныс та жоқ» деп күмілжіді. Ақылдаса келе дәл осы мамандықты Семейде оқысақ деген шешімге келдік. Көп аялдамай, ары қарай жолға шықтық, – дейді кейіпкеріміз.

at-1


Арман қуған жігіттер Алматыны артқа тастап, Семейге жетеді. Қабылдау комиссиясына барып, құжаттарын тапсырады. Алайда, жолдасы туыстарын паналап, кейіпкеріміз институттың алдында чемоданын сүйретіп қала береді. Баспананы уайымдап, басы қатып отырғанда жүзі шырайлы, егде жастағы қазақ кісі кездесіп, көмек қолын созыпты. Алғашқыда жатақханаға ертіп барғанымен, жәй табылмайды. Содан жолай кездескен кісінің айтуымен институттың астындағы жертөлені паналауға мәжбүр болады.
– Жертөледе таңмен таласып, мұғалімдер келгенше жуынып-шайынып, көрпе-төсегімізді жинап, сабаққа дайындалушы едік. Бес жыл тек өз мамандығымды ғана меңгеруге тырыспай, спорттың дзюдо, самбо сынды түрлерімен шұғылдандым. Оқуымды аяқтап, дипломым қолыма тиген соң, елге оралдым, – дейді Шайхыбастан Бөбейұлы.
Кейіпкеріміз мамандығымен жұмыс таппай, ревком комсомолында инструктор, кейінірек хатшы болады. Қоғамдық жұмыстағы белсенділігін байқаған Шымкент облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров Шайхыбастан Бөбейұлын жұмысқа шақырады.
– Асанбай Асқаров Шымкенттен ипподром ашуға мұрындық болды. Онда зоотехник маманына сұраныс туып, мені жұмысқа шақырды. Өз мамандығым бойынша жұмыс істейтініме қуанып, келісім бердім. Ол жерде білікті зоотехниктер көп болғанымен, жылқыны жете танитындар жоқтың қасы еді. Ат баптауды жаныммен сүйетін мен бала күнімнен әкемнен, институтта профессор Садықовтан алған білімім мен білігімді көрсетіп, жұмысқа қабылдандым. Кейінірек Асанбай Асқаров мені К.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясына 6 айға білім жетілдіріп, тәжірибе алмасуға жіберді. Елге оралған соң, Алматыдағы ипподромда барлық зоотехниктердің басын қосып, менің біліктілігімді сыннан өткізді. Шымкентке келген соң, қостанайлық, орыс желісті жылқысы және Орлов жылқысы (Орловский рысак) тұқымдарынан құралған асыл тұқымды ат баптайтын 8 ферма, кейінірек Алғабас ауданынан тек ақалтеке аттарды ұстайтын завод аштық. Ол кезеңде ақалтеке тұқымынан дүниежүзінде небәрі 586 аналық бас болған. Қазір бұл тұқым, тіптен, сатылмайды. Ақалтеке тұқымын алу үшін Түркменстанға барып, ол жақтағы ат заводтың директорымен сөйлесіп, айырбасқа келістік. Қазақстанның қара ала, сүтті сиырынан 150 құнажынға ақалтекенің 15 биесін беретін болды. Алайда, бәрі біз ойлағандай оңай шешілген жоқ. Бізге айырбаспен келген биелер қысыр болып шықты. Алайда, сол сапарда Ашхабадтың ат заводында жұмыс істейтін 10 қазақпен танысқан едім. Сол азаматтардың көмегіне жүгіндім. Олар бұл құпияны өзге ешкімге тіс жармауымды айтып, қысыр биені емдеу тәсілімен бөлісті. Сол тәсілмен 6 жылда ақалтеке тұқымын көбейтіп, 100 басқа жеткіздік, – дейді атбегі.
Ат баптау жолындағы тәжірибесімен бөліскен Ш.Қалмырзаев әлі күнге атакәсіптен қол үзген емес. Жекежай жанындағы шаруашылығында әлі де асыл тұқымды ат баптап, жылқы басын көбейтіп келеді.
– Бүгінде Ресейден асыл тұқымды биелерді әкеліп, қазақы айғырмен будандастырамын. Себебі, біздегі жылқылар дәрумен жетіспегендіктен сүйегі майда келеді және бізде жем-шөбі берілсе, соны ат баптау деп есептейді. Ал, орыстардың кәсіби бапталған, уақтылы дәрумендер салынған жылқылары ірі келеді. Олардың ірілігін, қазақы жылқының жүректілігін алып, будандастырсақ, керемет ат шығады. Ал, егер Ресейден ірі айғыр әкелсек, қазақы майда биесі сүйегі ірі құлынды төлдей алмайды. Қазіргі таңда будандастыру арқылы баптап отырған асыл тұқымды жылқыларды көкпарға баптаймын. Әр аттың астына ағаш жоңқасын төсеймін. Жоңқа –сәйгүліктің таза тұруына көп жәрдемші. Әр сәйгүлік күніне бір бума шөп пен 6 келі жем жейді. Аттың қуатын арттыру үшін жемге күнделікті бал мен жұмыртқа қосамыз. Ал, жазда қауын-қарбыз жейді. Қарбыз жылқының бүйрегін тазалап, іш майын азайтады. Сондай-ақ, жылқыларды шаруашылық аумағынан қазылған, 88 метр тереңдіктен шығатын ұңғыма құдықтың суымен суарамыз. Бабы жақсы жылқы ешбір кеселмен ауырмайды. Бірақ, тіл-көзді көтере алмайды, – дейді Шайхан қажы.
Қазақта «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген сөз бар ғой. Атбегінің айтуынша, сәйгүлік бәйгеде оза шауып, көкпарда салым салу үшін оның бабы мен бағы қатар жануы тиіс екен. Бүгінде Шайхан қажының ел-жұртқа танылған Байтөре деген тұлпары бар. Бағы мен бабы сай сәйгүлік «Әлемнің ең үздік жылқысы» атаныпты. Байтөренің төлі «Палуан көк» те бүгінде әлемдік сайыста «Тұран тұғыры» атанып, бас жүлдені қанжығалаған.
– Байтөре 9 дүркін әлем чемпионы атанған. Мен ат баптап қана қоймай, шабандоз жігіттерді де арнайы іріктеуден өткізіп, тәрбиелеймін. Әр көкпарға 5-6 ат қосамын. Тұлпардың барлығы шілде айынан бастап баптауға қойылады. Сол уақытта жүйріктің еті толысып, қазысы табан беретіндей ақсүйектендіріледі. Ең бастысы, осы кезеңде қазысын жыртып алмай, ақжіліктенген жылқыны үйірден бөліп, аз қашықтыққа желе-жорттырып, ара боғын түсіру қажет. Таза жердің шөбін беріп, таза сумен суарамыз. Шілде көрмеген ат көкпарға жарамайды. Шабондоз бен сәйгүлік бір-бірін ұғынып, тығыз байланыс орнату керек. Жылқыны жас кезінен оқжетпес қашықтықтағы қыр-сай жерге саламыз. Сонда ол додада сайға салсаң, тұяғын тіреп түсіп, тіреп шығады. Яғни, тұяғына күш түседі. Сәйгүліктің тіреуіші мықты, шымыр болып, қазандық маңында кемі 30 секунд тұрақтаса, шабондоз көкпарды іліп кетеді. Көкпарды тек тәуекелшіл, жүректі жігіттер ғана шаба алады, – дейді ол.
Бүгінде Шайхан қажының жылқысына қолы жетпей жүргендер көп. Десе де, кейіпкеріміз бабы келіскен сәйгүліктеріне қанша қомақты қаржы ұсынса да, сатуды ойламапты. «Әке көрген оқ жонар» демекші, атакәсіпке адал атсейіс бүгінде ұлдарын да баулып, кәсібінің қыр-сырын үйретіп жүр. Ең бастысы, дәулеті мен сәулеті сай атбегі еңбектен ажырамай, адамгершілік пен қарапайымдылығын сақтап қалған.