Әлемдік статистикаға сүйенсек, жылына 15 миллионға жуық бала шала туады екен. Шымкент қалалық №2 емханада 17 қараша – Халықаралық шала туған балалар күніне орай «Ашық есік күні» ұйымдастырылды.
Жөргекте жетілуі тиіс сәбидің бабын табу үлкен еңбекті талап етеді. Мамандар шала туған сәбиді қолға алған сәттен-ақ арнайы, заманауи құрылғыларға орналастырып, аса ұқыптылықпен күтім жасайды. Осылайша айы-күні жетіп туған балаларға қарағанда дәрігерлік бақылауда ұзақ болады. Ал қазақ халқы ежелде мұндай балаларды тымаққа салып өсіріп, мәселені ешбір технология дамымаған заманда-ақ шешіп тастаған.
Айтулы күн қарсаңында ұйымдастырылған акция Балалар жылы аясында жүзеге асырылды. Емханаға тіркелген кішкентай бүлдіршіндер мен ата-аналары бейінді дәрігерлерге қаралды. Дәрігерлік бақылау, әсіресе, маусымаралық кезде қозатын түрлі жұқпалы аурулардың алдын алуға да сеп болды. Ал аниматорлар түрлі мультфильм кейіпкерінің кейпінде кезектегі балалардың көңілін аулап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.