Версия для печати

«7-20-25»: кезек күтпей-ақ пәтер алуға болады Избранное

Пятница, 02 Ноябрь 2018 04:18 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 7704 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Кез келген азаматтың «7-20-25» бағдарламасы аясында пәтер бағасының 20%-ын жинап, кезексіз үй алуға мүмкіндігі бар. ҚР Ұлттық банкінің өкілі Гүлжан Маханова Шымкент тұрғындарымен өткен кездесуде сылай деді.

31

 

Бұл бағдарламаға меншік құқығында тұрғын үйі жоқ және басқа ипотекалық қарыздары жоқ Қазақстан азаматы қатыса алады. Бастысы, ипотекалық несие беретін екінші деңгейлі банктер өтініш берушінің төлем қабілетін растаса болғаны.
Шымкент қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім жетекшісі Г.Әшірбаева және Ұлттық банктің Шымкент қаласындағы өкілі Г.Маханова, сондай-ақ, «Баспана» компаниясының өкілдері Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен кездесіп, «7-20-25» бағдарламасы аясында баспаналы болу мүмкіндіктерін түсіндірді. Жиынға Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Дәурен Босымбаев төрағалық етті.
– Біз мемлекеттік бағдарламамен үй алу кезегіне құжат тапсыра алмаймыз. Себебі, жас отбасы емеспіз. Біздің отбасымызда ата-ананың қарауынсыз қалған немесе жартылай жетім, мүмкіндігі шектеулі азамат, жалғызбасты ана, тағы басқа жеңілдіктер қарастырылған мүше жоқ. Есесіне мемлекеттік қызметте, бюджеттік мекемелер мен әскери салада да жұмыс істемейміз. Дүкенді жалға алып, сауда-саттықпен айналысып жатқан жайымыз бар. Бізге пәтер алуға бола ма?,- деген қала тұрғынының сұрағына бірінші деңгейлі банктің бас маманы Гүлжан Маханова жауап берді:
– Мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй кезегіне тіркеуге алынбайтын, шағын кәсібі бар қала тұрғындары үшін «7-20-25» бағдарламасы – баспана алудың ең тиімді жолы. Сіздің атыңызда жылжымайтын мүлік тіркелмеген болса, өзіңіз таңдаған пәтер бағасының 20%-ын алғашқы жарна ретінде банкке құясыз. Ал қалған 80%-ын төлеу үшін Ұлттық банкпен келісім жасаған екінші деңгейлі банктер сізге ипотекалық несие береді. Ол үшін міндетті түрде төлем қабілетіңіз расталуы қажет. Үй құнының 20%-ын аударып, төлем қабілетіңіз расталған жағдайда кезексіз-ақ пәтер ала аласыз, – деді банктің өкілі.
«Банк төлем қабілетін жалақы көлемімен растайды. Ал менің жалақым аз, банк ипотекалық несие беруден бас тартты. Ал менің несиені төлеуге де, отбасын асырауға да қосымша табысым бар. Оның үстіне қазір соғұрлым пәтерақы төлеп отырмыз. Табыс көлемін заңды түрде қалай растауға болады?» деген сұраққа RBK банкінің өкілі жауап берді:
– Отбасындағы әр адамның жеке қажеттілігі үшін шамамен 21 мың теңге сіздің айлық табысыңыздан алынып тасталады. Мәселен, 80 мың айлық алған жағдайда отбасында 4 адам бар десек, 84 мың сіздердің күнкөрісіңізге деп алынып тасталады. Яғни, айлықтың өзіне 4 мың жетпей тұр. Мұндай жағдайда сіз дәл осы көлемдегі 2 адамды кепіл ретінде тіркейсіз. Ол ата-анаңыз немесе бауырларыңыз болуы мүмкін. Ал ай сайынғы несиені уақтылы төлеп отырсаңыз, банк сіз кепілге қойған азаматтарды мүлде мазаламайды, – деді қаржы институтының өкілі.
Банк кеңесшілерінің айтуынша, «7-20-25» бағдарламасы аясында пәтер алуды ұйғарған кез келген азамат төлем қабілетін осы тәртіппен растауына болады.
Баспаналы болу қамы Шымкентке көшіп келгеніне әлі жыл өтпеген жалғызбасты ананы да толғандырады.
– Осы қалаға көшіп келгенде аяғым ауыр еді. Күйеуім сол жағдайыма қарамай бізді тастап кетті. Алты баланың анасымын, кішкентайым әлі жасына толмады. Не асыраушым жоқ, не баспанам жоқ. Шиеттей бала-шағамен қайда барарымды білмей отырмын. Жалғызбасты ана ретінде тұрғын үй кезегіне өтініш бере аламын ба? – деген келіншекке Шымкент қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бөлім жетекшісі жауап берді.
– Тұрғын үй кезегіне жалғызбасты ана ретінде өтініш беру үшін сіз кемінде 3 жыл Шымкент қаласында тұруыңыз керек еді. Қазір сізге тез арада үй кезегіне тұрудың бір ғана жолы – бюджеттік мекемелерге жұмысқа орналасу, – деді Г.Әшірбаева.
Жалғызбасты ананың жағдайы көпшілікті алаңдатқанымен, ешкім тәртіптен аса алмайтыны анық. Бір ғана жол – Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы жұмысқа орналасу.
Қала тұрғындарын қызықтырған сұрақтың бірі - «7-20-25» бағдарламасы аясында берілетін 10% субсидияны алу мүмкіндігі кімдерге бұйыратыны жайлы еді.
– Шымкент қаласы әкімінің қолдауымен қайтарымды негізде берілетін субсидия жергілікті атқарушы органдар арқылы баспана кезегіне тіркелген азаматтарға бұйырмақ. 10% субсидия, ең әуелі, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бюджеттік мекеме қызметкерлері – мұғалімдерге, медицина саласының мамандарына қаралған. Отбасындағы бала саны, әлеуметтік жағдайы төмен, отбасы мүшелерінің қатарында мүмкіндігі шектеулі жанның болуы қосымша бонустармен ескеріледі, - деп түсіндірді Г.Әшірбаева.
Сондай-ақ, Ұлттық банк өкілі «Баспана хит» атты жаңа жоба әзірленгенін мәлімдеді. Г.Маханованың айтуынша, бұл жоба бойынша ипотекалық несие алушылар пәтерді тек жаңа шағынаудандағы көпқабатты үйлерден емес, қаланың кез келген ауданынан таңдай алатын болды.
– Қазіргі жаңа үйлерді 12 млн теңгеге алғыңыз келмейді делік. Құны 7 млн теңгеге бағаланып отырған пәтерді таңдасаңыз, оны дәл осы «Баспана хит» жобасымен ала аласыз, – дейді Банк қызметкері.
Дәл осындай кездесу Еңбекші ауданының тұрғындарымен де өтті. Қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының мамандары, банк өкілдері тұрғындарға «7-20-25» бағдарламасының шарттарын жан-жақты түсіндірді.
– «7-20-25» – негізінен нарыққа есептелген бағдарлама. Насихаттау жұмыстарын әлі де жандандыру қажет. Білім және медицина саласы қызметкерлеріне әкімдік тарапынан баспана бағасының алғашқы жарнасын жинауда жеңілдіктер қарастырылуда. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кезекте тұрған азаматтар өте көп. Соған байланысты қазір тұрғын үй қатынастары заңына өзгерістер енгізілмек. Оған сәйкес санаттар қысқаруы мүмкін. Яғни, «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгеріс енгізілген жағдайда, кезекте тұрып қойған азаматтарға жеңілдіктер бірінші қарастырылады. Үйдің шаршы метрінің бағасы төменірек болуы мүмкін. Талапқа сай болсаңыздар, барлығыңызды баспана кезегіне тұрып қоюға шақырамын. Үкімет сіздерге зор мүмкіндік ұсынып отыр, – деді Гүлнәр Әшірбаева.
«Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес, қала бойынша былтыр 11 үй берілген. Ондағы пәтерлерге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары, кезекте тұрған азаматтар қол жеткізген. Тұрғындар жиында өз сауалдарын қойды. Мемлекеттік қызметкерлер, медицина және білім саласының қызметкерлері негізінен төлем қабілеті, тұрғын үйлердің сапасы, несие тарихына қатысты біраз мәселелерді талқылады.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша Шымкент тұрғындарына қазіргі таңда 7 банк қызмет көрсетуде. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ бойынша несиелер 1 желтоқсаннан бастап беріле бастайды деп күтілуде.
Айта кетейік, екінші деңгейлі RBK банк, АТФ банк, ЦентрКредит банк, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкілдері күн сайын таңертең 9:00-ден кешкі 19:00-ге дейін Рысқұлов және Байтұрсынов көшелерінің қиылысында орналасқан «Халықтық кеңседе» (фронт офис) ипотекалық несие бойынша кеңес береді. Сол ақпараттық орталықтан жеке табысыңыз бен таңдаған пәтердің бағасын есептеп, ай сайынғы төлемі қандай болатынын мамандардан нақтылап алуға болады.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ
Тағабай ҚАСЫМ

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.