Айжан Нұрланова бұдан кейін мегаполисте жақында ашылған «Шаңырақ» отбасы институтын қолдау орталығына барды. Мұнда қаладағы атаулы әлеуметтік көмек алатын, мемлекеттік грант алған және Жастар практикасына қатысушы азаматтармен кездесу өтті.
Кеңесші жақында ашылған бұл орталықтың жергілікті тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік аз қамтылған отбасы өкілдеріне есігі әрқашан ашық екенін айтты. Бұл орталықтың негізгі жұмысы да сол – отбасы мүшелері, әйелдер білмегеніне жауап алады, мемлекеттік қызметтерді алуды үйренеді, өмірдің түрлі түйткілдеріне тап болған жандарға кеңес беріліп, қолдау көрсетіледі.
– Орталыққа келген азаматтардың ЖСН нөмірі арқылы мамандар ол тұрғынның қандай көмек ала алатынын айтады немесе грант ұтып алған жас болса, ары қарай ісін бастауына кеңес береді. Сондықтан, сіздер тек бүгінгідей кездесуде ғана емес, бұл орталықтың күнделікті қызметін білулеріңіз қажет. Себебі, қазіргі таңда мемлекет тарапынан үлкен істер атқарылып, ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Міне, сол істерден, сол көмектен бүкіл халық хабардар болуы тиіс, барлық азамат өз құқығын білуі керек. Мемлекет басшысы айтқан «Халық үніне құлақ асатын үкімет» принципі де осылай жұмыс істейді.
Басқосуда министрлік өкілі халықты жұмыспен қамтуға, халыққа көмек беруге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларға, олардың республика деңгейінде жүзеге асырылу барысына кеңінен тоқталды.
Жалпы, Жұмыспен қамту орталығы өкілдерінің мәліметінше, 2020 жылдың 8 айында Шымкентте 26 435 аз қамтылған отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. 5372 отбасының табысы тиісті мөлшерден асып кетуіне байланысты тағайындаудан бас тартылған. Ал «Жастар практикасы» бойынша биылғы 8 айда 2099 жұмыссыз жас қаладағы түрлі мемлекеттік және жекеменшік мекемелерге, өндіріс және кәсіп орындарға жолданған.