–Мүбарак айда сауап іс жасағандардың жақсылығы Алладан екі еселеп қайтады. Сондықтан осы керемет сәтті пайдаланып адамдарға қамқорлық көрсетуді алдымызға мақсат тұттық. Енді әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға күн сайын тізім бойынша қаладағы Байғұт баба, Қаттани, Сайрам жами, Біләл, Нұртөбе және Ақмешіт мешіттерінде ауызашар себеттері көмек ретінде берілетін болады. Осылайша Ораза айында шаһардағы жағдайы төмен жалпы саны 16 мың отбасыға жәрдем есебінде азық-түлік тегін таратылады. Бұдан бөлек тұрмысы нашар отбасыларға қалалық орталық мешіті жанындағы асханадан күн сайын кешке ауызашар уақытында өзімен бірге алып кетуге ыстық тамақ үлестіріледі, –деді Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Әбдірахманов.
Орталық мешіттің найб-имамы Қазыбек Сарыбаевтің айтуынша санитарлық талапты орындау мақсатында ауызашардың орнына азық-түлік таратылып жатыр. Пандемиядан бұрын шаһардағы 40 мешітте күн сайын ораза ұстаған жандарға кешкі уақытта дастархан жайылатын.
–Шымкент қаласының Абай ауданында тұрамын. Жалғызбасты, көпбалалы анамын. Жағдайы төмен азаматтарға көмек қолын созған жандарға алғысым шексіз. Жыл сайын Рамазан айында мешіттерден әлеуметтік көмектер алып тұрамыз. Қайырлы айда жасаған қайырымдылық істерге Алла сауабын молынан жазсын деп тілеймін, - дейді ауызашар себетін алып, балаларымен мәз-мейрам шаттыққа кенелген ана Индира Махатаева.