Версия для печати

ЖАС ӨНЕРТАПҚЫШТАР БАЙҚАУЫ ӨТУДЕ Избранное

Среда, 23 Февраль 2022 05:13 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1644 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қаласының жоғары спорт шеберлігі мектебінің базасында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсы басталды. Оған еліміздің әр өңірінен іріктелген 700-ден астам оқушы қатысуда. Байқаудың ашылу рәсімінде Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева сөз сөйлеп, жас өрендерге сәттілік тіледі.

309

 

Аталмыш байқауды ұйымдастырған — Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты «Дарын» орталығы. Орталықтың директоры Р.Жеренова ғылыми жобалардың республикалық конкурсы Шымкентте жаңа әдіс бойынша ұйымдастырылғанын атап өтті.
— Биыл конкурстың мазмұны өзгерді. Яғни әділ қазылар жобалардың қорытындысын бірден таблоға шығарып отырады. Бір мезетте 300 жоба бағаланады. Нәтижесін оқушылар табло арқылы біліп отырады. Ғылыми жобалар конкурсының тағы бір мақсаты қазақстандық жас ғалымдар ертең өз жобаларын халықаралық ISEF байқау-көрмесінде таныстыра алады. Дәстүрлі конкурс болашақ Бил Гейтс, Эйнтшейндерді анықтауға мүмкіндік беретін ғылыми алаң, - деді орталық басшысы Раушан Омарханқызы.
Р.Жеренованың сөзінше, келесі байқауда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы еліміздегі ірі бизнес өкілдерін қатыстырып, ұтымды жобаларға қаржылай қолдау көрсету идеясы іске асырылмақ.
Орталық директоры мемлекет тарапынан жылдан-жылға гранттық жобаларға қолдау көрсету іс-шарасы көбейіп келе жатқанын айтады.
Конкурс жеңімпаздары 24 ақпанда қорытындыланып, І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен сондай-ақ еліміздегі ірі жоғары оқу орындарының грантымен марапатталады.
Айта кету керек, АҚШ-та ғылыми жобалар көрмесі дәстүрлі іс-шараға айналған. Оған инвесторлар да қатысып, өздеріне ұнаған жобаларды қаржыландыру үшін таңдап алады. Әлемге есімі белгілі Apрle компаниясының негізін салушы Стив Джобс осы көрмеде өз өнімін ұсынып, ірі инвестор тарапынан қолдау тапқан деген қызықты дерек бар. Демек, Шымкентте өтетін дәстүрлі ғылыми жобалар байқауы да келешек мықты ғалымдарды, әлемдік деңгейдегі өнертапқыштарды тәрбиелейтін ұстаханаға айналарына сенім мол.