Версия для печати

«ШЫМКЕНТТІҢ ГАСТРОНОМИЯЛЫҚ БРЕНДІН ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫ КӨЗДЕЙМІЗ» Избранное

Среда, 30 Март 2022 04:34 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1074 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттіктер шығыс халықтарында жыл басы саналатын 22 наурыз күнін сән-салтанатымен қарсы алды. Бұл жылдағы игі дәстүрге айналғаны қашан. Мерекелік іс-шаралар аясында үшінші мегаполистің көрікті жерлері көпшілік назарына ұсынылып, халқымыздың қонақжайлылығы паш етілді.

67

 

Мереке күндері ғана емес, жалпы, Шымкент – туризмге қолайлы қала. Шаһарда тарихи және мәдени маңызды орындар мен саябақтар жетерлік. Қала қонақтарына көктем мен жазда ғана емес, жыл он екі ай қыдыратын орындар табылады. Осыған орай саяхаттаушылар мен қала қонақтарына жайлы жағдай жасау бағытында тиісті жұмыстар атқарылуда.
2021 жылы Шымкент қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасына «Креативті индустрия» функциясы берілді. Басқарма өкілдерінің айтуынша, осы мақсатта жоспардағы жобалар әрі туристің қызығушылығын арттырып, әрі қала тұрғындарына есте қаларлық әсер сыйлай отырып іске асыру көзделуде.
– Туризм әлемнің көптеген елінде экономикаға түсім әкелетін саланың бірі саналады. Қазақстанда да солай. Осы мақсатта біз қалада сапалы әрі ыңғайлы инфрақұрылым жасап, қызықты жобалар өткізіп, тарихымыз бен мәдениетімізді жаңғырту арқылы туристік тартымдылығымызды арттыра аламыз. Шымкент қаласының туристерді тартатын басты ерекшелігі – қонақжай халқы, дәмді тағамдары мен жылы ауа райы деп сеніммен айта аламыз. Жылдың 365 күнінің 300-і – шуақты. Шаһарда 1700-ге жуық тамақтану орны бар. Ал бұл гастрономияға деген ерекше талғамның бар екенін аңғартады. Расында да Шымкент осымен «Шуақты, дәмді, жанға жайлы қала» деген атауға ие болып отыр. Ендігі мақсатымыз – осы атауға лайық болып, әрі қарай туристік орталық ретінде даму, – дейді басқарма басшысы Ерлан
Қыдыров.
Бүгінгі таңда басқарманың қызметі 5 басым бағытта жүзеге асырылуда. Олар: туристік инфрақұрылымды дамыту, қызмет көрсету сапасын жақсарту, яғни сервисті жетілдіру, креативті индустрияны дамыту, маркетингтік ілгерілету және сыртқы байланыстарды нығайту. Осының ішінде инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2022-2023 жылдары шаһарда 11 қонақ үйді іске қосу жоспарлануда. Басқарма өкілдерінің мәліметінше, бұл бағытқа жалпы сомасы 9,1 млрд теңге инвестиция жұмсалып, 400-ден астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Туризмнің бір бағыты – тарихи-зиярат ету саяхаттары. Ал еліміздің Оңтүстік өңіріне саяхат жасау Шымкенттен басталатыны белгілі. Әуежай мен теміржол секілді көлік-логистика хабынан бөлек Түркістан, Сайрамдағы тарихи орындарға жол Шымқаладан бағыт алады.

70


– Осыған орай Сайрамның туристік брендін қалыптастыру қолға алынуда. Бүгінде Сайрам тұрғын алабындағы киелі нысандарды абаттандырудың эскиздік жобалары әзірленді. Оған қоса қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірігіп, осы туристік нысандарға апаратын жолдар ретке келтірілуде. Әсіресе, Ибрагим ата, Қарашаш ана, Абдул-Әзиз баб, Мірәлі баб, Қожа Салық сынды тарихи-мәдени және сакралды орындарға апаратын жолдарды бағыттайтын жолсілтегіштерді орнатамыз. Жалпы, мамыр айының соңына дейін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде 40-қа жуық жолсілтегіш орнатылады деп жоспарлануда, – дейді Ерлан Ермекұлы.
Туристік өнімді дамытудағы маңызды бағыттың бірі – маркетинг. Осыған орай туризм және сыртқы байланыстар басқармасы тарапынан биыл бірқатар оқиғалы іс-шаралар мен жарнамалық акциялар ұйымдастырылмақ.

69


– Солардың бірі – әз-Наурызда өткен «Дәмдәсtour» ресторандар жәрмеңкесі. Шымкент қаласының гастротуризмін одан әрі дамыту үшін мейрамхана бизнесі және қоғамдық тамақтану орындары өкілдерінің басын бір ортаға қостық. Осы арқылы Шымшаһарды Қазақстанның гастрономиялық орталығы ретіндегі брендін қалыптастыруды көздейміз. Өздеріңіз куә болғандай, жәрмеңке барысында ең үздік тағамдардар сараланып, 6 номинация бойынша жеңімпаздар анықталады, – дейді Ерлан Қыдыров.
Туризмнің дамуына медиа-контенттің алар орны өзгеше. Яғни, кәдімгі видео-блогтар. Мемлекет басшысының креативті индустрияны дамыту жөніндегі тапсырмасына сай, қазіргі таңда осы саланың жаңа бағыты ретінде мобилографияның таралуы арта түсуде. Осы тұста айта кетейік, 2021 жылы Қазақстан бойынша алғаш рет Шымкент қаласында мобилография фестивалі өтіп, оған еліміздің 15 өңірінен 500-ден аса адам қатысты. Іс-шара кеңінен насихатталып, өзге өңірлер де осындай фестиваль өткізуді жоспарлап отыр. Ерлан Ермекұлы биыл мобилография фестивалінің ауқымын кеңейтіп, халықаралық деңгейде ұйымдастыру жоспарланып отырғанын айтады.
– Бұған қоса 27 қыркүйек - дүниежүзілік туризм күні қарсаңында «Shymkent Tourism Awards» байқауын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Байқау туристік индустрия өкілдері арасында бәсекелестікті арттырып, қызмет сапасын көтеруге сеп бермек. Ал «1001 түн art-show» іс-шарасы, ең алдымен, қаладағы Цитадельді жандандыруға және тартымды туристік нысан ретіндегі имиджін қалыптастыруға бағытталған, – деді басқарма басшысы.

68


Шымкенттің туризмдік әлеуетін дамыту шаралары қала аумағымен шектелмейді. Жауапты мамандар үшінші мегаполистің инвестициялық мүмкіндіктерін насихаттап, халықаралық қатынастарды нығайту мақсатында бірқатар елде роуд-шоу ұйымдастыруды жоспарлауда. Оның аясында мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесулер, Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық және туристік-инвестициялық әлеуетінің тұсаукесері, сондай-ақ, тауар өндірушілердің шеберлік сағаттары мен көрмесі өткізілмек.
– Туристерді қала туралы ақпаратпен қамтамасыз ету және қызмет түрін көбейтуде «Global coffee» кофейнясы желісімен арада заманауи тревел-хабтар орналастыру бойынша меморандумға қол қойылды. Себебі, аталған кофейня қаламызда ғана емес, республика көлемінде танымал, тұтынушы аудиториясы ауқымды желі саналады. Бұл коллаборацияның басты мақсаты – «Visit Shymkent» ақпараттық орталығы мен шымкенттік «Global coffee» брендін біріктіре отырып, қалаға келуші туристерге сапалы қызмет көрсету және көп функционалды хаб құру, – деді Ерлан Ермекұлы.
Осылайша өзі қонақжай қаланың имиджін дамыту жоспарлары сәтті жүзеге асса, Шымкент Қазақстандағы ғана емес, Орта Азиядағы тартымды қаланың біріне айналмақ.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.