Ауыр халдегі науқас негізінен аурудан емес, оның асқынуынан қайтыс болады. Сондықтан ауыр халдегі науқастар ерекше күтіммен ұқыпты қарауды қажет етеді.
Өлім – ағзаның тіршілік әрекетінің тоқтауы. Танатология (tanatos - өлім) - өлім кезіндегі ағзада болатын клиникалық, биохимиялық және морфологиялық өзгерістердің механизмін оқытатын ілім. Өлімге алып келетін себептер мен әсерлер танатогенез деп аталады. Өлімнің негізгі себептері: ағза мүшелерінің қызметінің бұзылуы, көп мөлшерде жоғалту, миға қан құйылу, улану, жүрек және тыныс алу жүйелерінің қызметінің жетіспеушілігі.
Клиникалық өлім – ағзаның өмір сүру әрекетінің уақытша тоқтауы. Бұл кезде ішкі мүшелер мен ұлпалар өз қызметін тоқтатпайды. Клиникалық өлім 5-6 минутқа созылады. Осы уақыт аралығында реанимациялық шаралардың көмегімен ағзаның тіршілік әрекетін қалпына келтіруге болады. Клиникалық өлім кезінде көмек көрсетілмесе биологиялық өлімге ұшырайды. Ағза түгелдей тіршілігін тоқтатады. Қайта тірілтуге болмайды. Клиникалық өлім мерзімін дене температурасын (8-12С) төмендету арқылы 1-1,5 сағатқа созуға болады. Клиникалық өлім белгілерін ірі қан тамырлар (ұйқы, сан, иық) соғысының болмауы, есін жоғалту, қарашықтың кеңеюі, тырысу, тыныстың тоқтауы сияқты т.б. белгілер арқылы ажыратамыз.
Г. Болғамбаева,
ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы
орталығы ММ-нің Шымкент қаласы бойынша филиал фельдшері