Шымкентте бүгінгі қалыптасып отырған эпидемиологиялық жағдайға байланысты қосымша шектеу шаралары қолға алынғаны белгілі. Коронавирус індетін алдын алу бойынша қалаға кіретін жолдарда 13 бекет жұмыс істеуде. Онда полицейлер тәртіпті қадағаласа, медицина қызметкерлері жолаушылар мен жүргізушілердің дене қызуын өлшеп, мәліметтерді жазып алуда.
Күні кеше мегаполистегі «Кәусар» шайханалар желісінің өкілдері осы бекеттердегі қызметкерлерге ыстық ас-ауқат таратты. Дәмхана басшылығы 5 бекеттегі мамандарға 130 кісілік палау жеткізіп берді.
– Халықтың қауіпсіздігі үшін блок-постта қызмет етушілерді қолдау мақсатында «Кәусар» ұжымы қамқорлық ақциясын ұйымдастырдық. Тәулік бойы бекетте тұратын мамандарға шайхана атынан тағам және сусындар берілді. Кешенді ас құрамында ыстық палаумен қоса нан, сусын және салаттары да бар, - дейді «Кәусар» шайханалар желісінің маркетинг қызметкері Райхан Ахымбаева.
Осылайша кәсіпкерлер елдегі төтенше жағдай кезінде қайырымды іске ұйытқы болып, қиындықтан шығуға үлестерін қосуда.