Версия для печати

Солтүстікте жұмыс көп іздегенге Избранное

Пятница, 19 Февраль 2021 04:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2181 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының үшінші бағыты еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруға бағытталған. Яғни, халықты еліміздің оңтүстік өңірінен жұмыс күші аз солтүстік аймақтарға көшіруді көздейді. Осы мақсат аясында Шымкентке Павлодар облысының Успен және Май аудандарынан арнайы өкілдер келді. Осы орайда олардан қоныс аударушыларға ұсынылатын жеңілдіктер мен көмектер жайлы сұрап білген едік.

110

 

Салтанат ӘЛПЕЙІСОВА,
Павлодар облысы, Успен аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

112

– 15 ақпаннан бері Шымкенттеміз. Бізге, негізінен, мұғалімдер қажет. Оның ішінде қазақ тілі, химия, физика, орыс тілі және ағылшын тілі пәнінің мұғалімдеріне сұраныс жоғары. Сонымен қатар медбикелер, жалпы тәжірибедегі дәрігерлер, хирургтер және өзге де медицина мамандары қажет. Бұдан бөлек бізде механизаторлар, зоотехниктер, агрономдар жетіспейді. Осы мамандықтар бойынша біз жұмысқа қабылдап жатырмыз. 2017 жылдан бастап біздің ауданға ішкі миграция есебінен 300-ге жуық адам және сырттан тағы осынша адам көшіп келді. Оның ішінде оңтүстік өңірінен яғни Шымкент қаласынан, Түркістан облысынан көшіп келгендер көп. Және Қытай Халық Республикасынан қоныс аударып жатқандар да бар. Жұмыспен қамту бағдарламасына сай азаматтар жұмысқа тек бос жұмыс орны бойынша тұра алады. Міндетті түрде отбасының біреуінде мамандығын растайтын құжат болуы шарт. Сол құжатпен аймақтық комиссиядан өтіп, содан соң субсидия беріледі. Яғни 2021 жылдың 1 сәуірінен бастап бір адамға көшіп келуі үшін 204 мың теңгеден төленеді. Бір үйде қанша жан болса, солардың барлығы 204 мыңнан алады. Сонымен бірге мемлекет тарапынан бір жыл бойына коммуналды қызмет ақысы төленіп отырады. Бір адамға 43 мың теңге, 2-4 жан болса – 52 мың теңге, ал 5 адамнан жоғары болса төлем құны одан да жоғарылайды. Алдын ала келісімшарт бойынша бұл ақшаны бірден алуға да болады. «Дипломмен ауылға» жобасымен келетін жас мамандардың үйді 0,1 пайыз несиемен сатып алуына мүмкіндігі бар. Және көшіп келушілер көмек ретінде қайтарымсыз ақша алады. Кәсіпкерлерге де көрсетілетін жәрдем қомақты. 2018 жылы Сайрам ауданынан бір кәсіпкер көшіп келді. «Кәрім» шаруа қожалығын құрды. Өзімен бірге 5 жұмысшыны ала келген. Мемлекет тарапынан кәсіпкердің қол астындағы әр жұмысшыға да 1 млн 300 мың теңгеден субсидия төленді. Бүгінде бұл қожалық мал шаруашылығымен айналысуда. Биыл Сайрам ауданынан тағы бір кәсіпкер біздің өңірге қоныс аударды. Олар картоп егумен айналысамыз деп отыр. Кәсіпкерлікпен айналысам деушілерге мал санына байланысты бізде жер бөлінеді. Мысалы, қойға – 1,8 гектар, ірі қараға – 5 гектар, ал жылқыға 10 гектар жер беріледі. Егін егеміз десе де конкурсқа қатысып, жер алуға мүмкіндіктері бар».

Әлібек АЙДАРОВ,
Павлодар облысы, Май ауданы, Майтүбек ауылының әкімі:

111

– Бізде, негізінен, дәрігер мамандар жетіспейді. Терапевт, гинеколог, офтальмолог, жалпы тәжірибедегі дәрігерлер және т.б. Мұғалімдер де қатты қажет. Оларға арнап жаңа үйлер салынған. Коммуникациялық жүйелердің барлығы қамтылған. Ыстық суға дейін бар. Май ауданында халық саны аз. 10 500 адам тұрады. Негізінен мал
шаруашылығымен айналысады. Ал Майтүбек ауылында, көбінесе, егін шаруашылығын жүргізеді. 10 мың гектар бос жер бар. Сол жерді келіп, игеремін деушілерге мемлекет атынан көмек көрсетеміз. Ол грант, несие, субсидия болуы мүмкін. Алматы облысынан келген отбасы мал бордақылау орнын ашуда. Бір бұқаға – 150 мың теңге, аналық малға 20 мың теңге субсидия беріледі. Көпшілігі Павлодар облысын суық дейді. Көмір мәселесі бізде жақсы шешімін тапқан. Неге десеңіздер, бізде көмір разъезі бар. Оның бір тоннасы 6 мың теңгеден босатылады. Тоғай көп, Ертіс өзені жақын. Шөбі шүйгін. 2020 жылы Май ауданына 30 отбасы көшіп келді. Олардың барлығы жұмыспен, баспанамен қамтылды. Наубайхана ашып, басқа да түрлі өнімдер өндіріп, жылыжай салды. Соның нәтижесінде көкөніс бағасы арзандады. Дүкендерде қызанақтың келісі 1200 теңге болса, қазір 800 теңге. Көшіп келгендердің ешқайсысы кері қайтып кеткен жоқ. Негізінен үйлер жалға беріледі. Жалдау құны айына – 7-8 мың теңге. 5 жылдан соң қалған соманы төлеп, үйді өз атына аудара алады. Жұмыс берушілер тарапынан тегін берген үйлер де бар.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Дәурен Дүйсебаевтың
айтуынша, оңтүстіктен солтүстікке көшіру мәжбүрлі жүргізілмейді, ерікті түрде жүзеге асырылады. 2019 жылы солтүстік өңірлерге Шымкент қаласынан 64 отбасы көшіп барған. Бастапқы жоспар осылай болған еді. Бағдарлама аясында өткен жылы қоныс аударуға пандемия кедергі жасаған. Енді биыл бұл іс жұмыспен қамту орталығы тарапынан қайта қолға алынбақ. Осы орайда орталыққа келген азаматтарға солтүстік өңірлердегі бос жұмыс орындары ұсынылады, Бағдарламаның шарттары жан-жақты түсіндіріледі.

Солтүстік өңірлерге қоныс аударсаңыз:

Бағдарламаға қатысушыға және оның отбасы мүшелеріне бір реттік 35 АЕК (102 095 теңге) мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі.
Ал 1 сәуірден бастап бұл
көмектің мөлшері 204 190 теңгені құрайды.

1 адамға – 204 190 теңге
2 адамға – 408 380 теңге
3 адамға – 612 570 теңге
4 адамға – 816 760 теңге
6 адамға – 1 225 140 теңге
7 адамға – 1 429 330 теңге
8 адамға – 1 633 520 теңге
9 адамға – 1 837 710 теңге
10 адамға – 2 011 900 теңге

Бұған қоса қоныс аудрушалыраға мынадай мүмкіндіктер беріледі:
* Қызметтік тұрғын үй немесе еңбекші жастар үшін тиісті бағдарлама шеңберінде салынған (сатып алынған) жатақханалардан бөлмелер беру;
* Қажет болған кезде техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға және қысқа мерзімді кәсіптік курстарға
жіберу;
* Жаңа тұрғылықты жерінде жұмысқа орналасуға және кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу.
Сонымен қатар, бағдарламаға қатысушының (қоныс аударғандар) отбасына, оның ішінде жалғызбастыларына 1 жыл бойы ай сайын үйді жалдау және коммуналды қызметтерге ақы төлеу шығындарын өтеуге мынадай мөлшерде материалдық көмек беріледі:
1. Бір адамға – 15 АЕК
(43 755 теңге);
2. Отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса – 18 АЕК (52 506 теңге);
3. Отбасы мүшелерінің саны бесеу және одан көп болған кезде 21 АЕК (61 257 теңге) мөлшерінде төленеді.