Редакция таңдауы

Шымкентте Қоғамдық кеңес мүшелері Жаңа Конституция жобасын талқылады

Шымкент қалалық Қоғамдық кеңес мүшелері «Бұған дейін қолданыста болып келген Қазақстан Республикасының Конституциясының 84 пайызы жаңарып, өзгерістер енгізіліп отырғандықтан Мемлекеттің басты заңдық құжаты –Ата Заңымызды Жаңа Конституция деуге толық негіз бар» десті. Көптің талқысына түсіп отырған басты құжаттың жобасына өздерінің пікірлерін де ортаға салып ұсынды.


Жиынды Қоғамдық кеңес төрағасы Бұхарбай Парманов жүргізіп отырды. Қалалық мәслихаттың төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Бахадыр Нарымбетов жобада қамтылған мәселелерге жан-жақты тоқталды.

–Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі ретінде Астанадағы Конституциялық сот ғимаратында әріптестерімізбен бірге жеті күн бойы талқылауға қатыстық. Өздеріңізге мәлім, бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмасымен жарты жыл көлемінде мемлекеттік хатшы Е.Карин бастаған арнайы комиссия тарапынан егжей-тегжейлі қаралған болатын. Нәтижесінде қазақстандықтардан түскен 2000-нан астам пікір-ұсыныстар қаралып, бүгінгі заман талаптарын және озық халықаралық тәжірибелерге сүйеніп Ата заңның 84% пайызына өзгерістер мен толықтырулар енді.

Осы жағдайды ескере отырып, комиссия мүшелерінің толық қолдауымен, бүгінгі Конституцияға өзгерістер еңгізу емес, Жаңа Конституцияның жобасын келісу туралы шешім қабылданды.

Көзіқарақты адамға Жаңа Конституцияның Кіріспесі мен 3 бапты оқығаннан-ақ барлық мәселе түсінікті деп ойлаймын.Саяси мәні жоғары жаңа Ата заңымызда мемлекеттік мүдде, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін барлық мәселе жан-жақты қамтылып отыр. Елдің пікірі, қоғамдық ұйымдар мен партия белсенділерінің ұсыныстары толық қамтылған,-деді Бахадыр Нарымбетов.


Мәслихат хатшысы сондай-ақ, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында талқыланған мәселелердің барлығын да жіпке тізіп, қоғамдық кеңес мүшелеріне түсіндіріп берді. Ел болашағының–жарқын, қоғамдық келісім салтант құруына негіз боларлық заң талаптары Жаңа Конституцияда шегеленіп отыр. Бұл мемлекеттік дамудың нық қадамы.

Конституцияның жаңа жобасында адам құқықтарын қорғаудың жаңа деңгейге көтерілгені, бір палаталы Парламентте заңдар тез қабылданатыны, Парламенттің, Үкіметтің жұмысын тиімді ететінін де атап өткен жөн.

Дәл осындай пікірді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек те білдірі.

–ҚР жаңа Конституциясының жобасы – ел болашағына арналған берік қадам.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы – бұл тек құқықтық мәтін емес, бұл халқымыздың тарихи жолын, бүгінгі болмысын және болашаққа деген айқын бағдарын айқындайтын іргелі құжат деп білемін.

2025 жылдың күзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің саяси жүйесін жаңғырту және заманауи сын-қатерлерге жауап беру қажеттігін атап өтті. Осы мақсатта бір палаталы Парламентті қалыптастыру арқылы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру жөнінде маңызды бастама көтерілді.

Аталған ұсыныс қоғам тарапынан кең қолдау тауып, Парламенттік реформа бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Алты айға жуық уақыт ішінде еліміздің барлық өңірлерінен түскен екі мыңнан астам ұсыныс қаралды. 2026 жылдың қаңтар айында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысынан кейін Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылып, оның құрамына қоғамның барлық саласынан 130 өкіл енді.

Комиссия жұмысы ашық түрде жүргізіліп, нәтижесінде ұсынылған өзгерістер Конституция мәтінінің 84 пайызын қамтылған, — деді Сәрсен Абайұлы.

Расында да Жаңа Конституция жобасының кіріспесінде қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығы, егемендік, тәуелсіздік пен аумақтық тұтастықтың мызғымастығы айқын бекітіліп отыр. Негізгі заң «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» қағидаттарына сүйеніп, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын алдыңғы орынға қоюда.

Конституцияның екінші бөлімі азаматтардың негізгі құқықтары мен міндеттерін теңгерімді түрде бекітеді. Өмір сүру құқығы, жеке бас бостандығы, қадір-қасиетті қорғау, кінәсіздік презумпциясы, әділ сотқа қол жеткізу – барлығы конституциялық кепілдікке ие. Жеке өмірге қолсұғылмаушылық, дербес деректер мен цифрлық қауіпсіздік күшейтілді. Табиғатты қорғау мен экологиялық жауапкершілік әр азаматтың ортақ міндеті ретінде танылды.

Мемлекеттік басқару жүйесі жаңғыртылып, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидаты нақты бекітілген. Президенттік институт ашықтық пен жауапкершілікке негізделіп, билік сабақтастығын қамтамасыз ету үшін Вице-президент институты енгізілді. Вице-президент Президенттің ұсынысымен Құрылтайдың келісімі арқылы тағайындалып, Мемлекет басшысының ел ішінде де, халықаралық деңгейде де өкілдігін жүзеге асырады. Бұл басқару жүйесінің тұрақтылығын арттырады.

–Құрылтай (Парламент) толық жаңартылып, кәсіби әрі ықпалды өкілді орган ретінде айқындалды. Ол заң шығару сапасын арттырумен қатар, Вице-президентті, Конституциялық сот судьяларын және бірқатар жоғары лауазымды тұлғаларды тағайындауға келісім беру арқылы билік тармақтарының теңгерімін қамтамасыз етеді. Заң жобаларын үш оқылымда қарау тәртібі енгізіліп, Парламент жұмысының ашықтығы мен жауапкершілігі күшейтілді.

Конституциялық соттың, адвокатура институтының және Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық деңгейде бекітілуі азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, халық пен билік арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз етеді. Енді Конституцияға өзгерістер тек жалпыхалықтық референдум арқылы енгізіледі, яғни шешуші сөз – халықтың өзінде.

Жалпы алғанда, жаңа Конституция – әділдікке, заң үстемдігіне, қоғамдық келісімге және тұрақты дамуға негізделген кемел қоғамның берік құқықтық іргетасы. Жаңа Конституцияның жобасын еліміздің тұрақты дамуына, әділ қоғам қалыптастыруға және болашақ ұрпақтың игілігіне бағытталған маңызды тарихи қадам деп санаймын,- деді С.Құранбек.

Ел дамуына берік негіз қалағалы отырған Жаңа Конституцияда айтылған мәселелерді қоғамдық кеңес мүшелері де құптап отыр.

Кеңес мүшесі, ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері Өмір Шыныбекұлы да бұл орайда өз ойын ортаға салды.

–Бізге ұсынылған Конституция жобасы мен қолданыстағы 1995 жылғы Конституцияны салыстыра отырып, елдің құқықтық-саяси жүйесінде болуы мүмкін өзгерістерді талдап көрдім. Өзеріс енгізуде ұтылғанымыздан ұтқанымыз көп сияқты. Әділеттілік және Заң мен Тәртіп Преамбулаға «Әділетті Қазақстан» және «Заң мен Тәртіп» қағидаттарының енуі — мемлекеттің басты идеологиялық бағытын айқындайды.

Адам капиталына басымдық берііп отыр. 3-бапта білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты деп танылды. Бұл экономиканың шикізатқа тәуелділігінен білім экономикасына өтуінің конституциялық кепілі іспеттес.

17-бапта өлім жазасына үзілді-кесілді тыйым салынды. Бұл халықаралық деңгейдегі ең жоғары гуманистік стандарт. «Миранда ережесі» және Адвокат құқығыда назардан тыс қалмаған.18-бапқа сәйкес, адамды ұстаған сәтте оның құқықтары түсіндірілуі тиіс және адвокат көмегін ұсталған сәттен бастап пайдалануға кепілдік берілді.

Цифрлық құқықтарды қорғау: 21-бапта дербес деректерді цифрлық технологиялар арқылы заңсыз жинаудан қорғау құқығы алғаш рет Ата Заң деңгейінде көрініс тапты,- дейді қоғам белсендісі.

Ел үшін маңыздылығы артып отырған Жаңа Конституция жобасы толықтырулар мен өзерістерден соң алдағы Референдумда қабылданатын болады.

Ж.ШАЛАБАЕВА

Соңғы жаңалықтар

betwinner melbet megapari megapari giriş betandyou giriş melbet giriş melbet fenomenbet 1win giriş 1win 1win