Редакция таңдауы

Субұрқақта қалаға сән беріп тұр

Шіліңгір шілде түскенде Шымкенттегі субұрқақтар мегаполистің микроклиматын қалыптастырып, маңызды салқындату көзіне, тұрғындар үшін нағыз саялы орынға айналатыны сөзсіз. Соңғы жылдары субұрқақтардың саны артты: жаңа салқындату көздері іске қосылып, ескілері қайта жаңғырып, тұрақты жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда шаһардағы фонтандардың жағдайын бір шолып шыққан едік. 

Жаңа 17 субұрқақ қосылады

Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Әбдірахмановтың мәліметінше, қазіргі уақытта Шымкентте 86 фонтан жұмыс істеп тұр. Олардың әрқайсысының шаһарда жайлы орта қалыптастыруда маңызы зор.

– Жалпы, 40 субұрқақ біздің басқарманың балансында. Бұл нысандардың күтімі қала бюджеті есебінен қаралған. Егер техникалық ақау анықталып, ағымдағы жөндеу немесе ауқымды реконструкция қажет болса, сервистік қызмет көрсету бойынша конкурстан өткен мердігер ұйымдар бюджеттен бөлінген қаражатқа жөндеп береді. Бүгінгі таңда барлық 40 муниципалды субұрқақ жұмыс істеп тұр. Біз қаладағы барлық фонтандардың жұмыс істеуін қадағалаймыз. Иә, олар істен шығып қалатын кездер де болады. Мысалы, Қазиев көшесіндегі Sinoil жанармай құю станциясындағы жеке компанияның бастамасымен орнатылған фонтан мамыр айында бір айға жуық жұмыс істеп, содан кейін істен шықты. Жөндеу жұмыстарынан кейін өткен аптада субұрқақ қайта іске қосылды. Біз кәсіпкерлермен үнемі байланыстамыз және әр нысандағы жағдай біздің назарымызда, – дейді Мұрат Әбдірахманов.

Басқарманың мәліметінше, қалған 46 субұрқақ – Shymkent Plaza, Қазиев көшесіндегі Sinoil жанармай құю станциясы, Mega-орталық, ОӘД және т.б. коммерциялық және әлеуметтік мекемелерге тиесілі аумақтарда орналасқан. Қалалық мәслихаттың 2024 жылғы қаулысына сәйкес, барлық қоғамдық маңызы бар нысандарды олардың иелері тиісті тәртіпте ұстауы тиіс. Жаз мезгілі келісімен қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы барлық меншік иелеріне өз аумақтарындағы субұрқақты іске қосуды сұрап, хат жолдады.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы Шымкентте 17 жаңа фонтанның құрылысы басталды. Бұл нысандардың барлығы жеке инвесторлар есебінен салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін олардың бәрі де қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының теңгеріміне беріледі. 17 субұрқақтың 9-ы қазірдің өзінде іске қосылған. Олардың қатарында Нұрсәт шағын ауданында (жаңа мешіт жанында және аллеяда), Әл-Фараби алаңында және Асқаров көшесі 1 үй мекенжайында («Мадлен» кафесі жанында) салынған фонтандар бар. Қалған сегізі жақын арада пайдалануға тапсырылмақ.

 

Өз есебінен қайта жаңартпақ

Нысандарды күтіп ұстау, жалпы суға, электр энергиясына және істен шыққан жабдықты ауыстыруға айтарлықтай шығын шығады. Мұрат Әбдірахмановтың айтуынша, 2025 жылы  қаладағы 40 субұрқақ пен тік дренажды ұңғымаларға қызмет көрсетуге жергілікті бюджеттен 250 млн теңге бөлінген.

– Биыл  қалалық 40 субұрқаққа қызмет көрсету бойынша мемлекеттік тапсырысты «Alem Energo Stroy» ЖШС жеңіп алды. Компанияның екінші жыл қатарынан жеңімпаз болуы – оның бұл қызметтегі тәжірибесінің мол екенін көрсетеді. «Alem Energo Stroy» ЖШС-нің қызметкерлері фонтандардың тазалығын қадағалайды, сорғыларды және басқа да қажетті жабдықтарды ауыстырады. «Alem Energo Stroy» ЖШС-і басшысы келісімшарт жасалғаннан кейін, қаланың патриот азаматы ретінде 5 фонтанды өз есебінен қайта жаңартуға дайын екенін айтып, ниет білдірді. Мысалы, өткен жылы орталық саябақтағы жиі бұзылатын «Бақбақ» фонтаны толықтай реконструкциядан өтті. Онда  жаңа сорғылар орнатылды, құбыры тазартылды, жетіспейтін бөлшектер қалпына келтірілді, электр сымдары мен гранитті плиталар ауыстырылды, сондай-ақ, субұрқақтың айналасындағы барлық орындықтар сырланды. Бұл ауқымды жұмыстарға бір айға жуық уақыт кетті, – дейді М.Әбдірахманов.

Шымкент қаласы әкімдігінің алдындағы, Абай саябағындағы және Жеңіс саябағындағы фонтандарда да гранитті ауыстыру, құбырларды тазалау, плиткаларды, сорғыларды және электр сымдарын ауыстыру жұмыстары жүргізілген. Судағы сымдар тотығуға бейім болғандықтан, кабельді үнемі ауыстырып отыру қажет. Сорғылар да жиі жөндеуді және ауыстыруды қажет етеді.

Субұрқақтардың күтімін өз мойнына алған компания мамандары оларды айына екі рет жуып, сорғылар мен кабельдердің жағдайын бақылап отыруы тиіс. Маусым аяқталғаннан кейін сорғылар мен басқа да алынатын жабдықтар бөлшектеліп, дендросаябақтағы «Жасыл белдеу» ведомстволық бағынысты ұйымының базасында сақталады.

Қазіргі таңда Шымкенттегі барлық субұрқақ белгіленген кесте бойынша жұмыс істейді. Таңғы сағат 8-ден бастап түн ортасына дейін, кестедегі үзілістерге сәйкес қосылады: үш сағат жұмыс істеп, бір сағат «демалады». Бұл тәртіп түн ортасына дейін жалғасады. Басқарма өкілдерінің айтуынша, мұндай режим сорғыларды қызып кетуден және тез бұзылып, істен шығудан сақтайды. Әсіресе, Шымкенттің ыстығында құрылғылар үш сағат жұмыс істегеннен кейін бір сағаттық үзілісті қажет етеді.

Жарық пен су симфониясы

Басқарманың мәліметіне сәйкес, 2024 жылы демеушілер қаланы абаттандыруға айтарлықтай үлес қосып, Тәшенов және Түркістан көшелерінің қиылысында орналасқан бұрынғы қалалық көлдің орнына субұрқақ кешенін салды. Шымкенттіктердің сүйікті демалыс аймағын абаттандыру жобасына сәйкес, онда аумақты бетондау, үш субұрқақ және екі гейзер орнату жұмыстары атқарылды. Сондай-ақ, 2024 жылы Қошқар ата өзенінде, мешіт жанында екі жаңа фонтан пайда болды.

Биыл жоғарыда айтылғандай, кәсіпкерлер тағы 17 фонтан салуды өз мойындарына алды. Олардың бірі – жақын арада «Кең баба» саябағының жанында іске қосылатын «Құрғақ фонтан» деп аталатын субұрқақ. Бұл – көрінбейтін, тостағаны жоқ фонтан түрі: су төменнен шығып, бірден жер асты резервуарына қайта ағып кетеді. Қала тұрғындарының қуанышына орай, оны шымкенттіктердің сүйікті мүсіні – су бағанынан аққан суға аяғын жуып тұрған қыз мүсіні безендіреді. Мүсін біршама уақыт қақпа алдындағы орнынан жөндеу жұмыстарына алынған еді.

Көктемде Шымкенттің символына айналған «Қызғалдақ» субұрқағы да өзгерді. Оның жапырақтары енді диодты шамдар мен музыкамен жанданып, кешкі серуенді әсерлі жарық шоуына айналдырып тұр. Бұл субұрқақ ертеректен келген мақта бейнесіндегі нысанды алмастырып, 2010 жылы пайда болған еді. Бұл нышан кездейсоқ таңдалмаған, себебі, қызғалдақ бүгінде қаланың визит карточкасына және оның туристік логотипіне айналған.

Конструкцияның орталық бөлігі көпқабатты панельдерден жасалған алып қызғалдақ түрінде орындалған. Жапырақтардың түсі күлгіннен қызылға дейін музыкамен синхрондалып, біртіндеп өзгереді. Су ағындары түрлі-түсті шамдармен жарықтандырылған доғаны қалыптастырады. Жаңартылған субұрқақ қазірдің өзінде қала тұрғындары мен туристер үшін тартымды орталыққа айналған. Жаңғырту жергілікті кәсіпкерлердің қаржыландыруымен жүзеге асты. Жапырақтар мен сабақтар ауа райы жағдайларына төзімді арнайы көпқабатты шыныдан жасалған.

– Жарық шамдар кешке қосылады, ал фонтан стандартты кестеге сай жұмыс істейді. Электр энергиясы, су және қызмет көрсету шығындары қалалық бюджет есебінен жабылады. «Қызғалдақ» 2024 жылы жөндеуден өтті: түсіп қалған «жапырақтар» орнына қайтарылды, фонтан сырланды, жетіспейтін жабдықтар ауыстырылды. Сондай-ақ, құбырлар тазартылды, боялды және ұсақ элементтер ауыстырылды, – дейді Мұрат Әбдірахманов.

Сонымен қатар, мегаполис тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды нүкте «Шым Сити» саябағында ашылған елдегі бірінші мультимедиялық фонтан кешенін атап өткен жөн. Бұл ауқымды жоба нағыз технологиялық серпіліс әкеліп, қаланың жаңа мәдени нышанына айналды.

Құрылысында жетекші ресейлік компаниялардың жабдықтары қолданылған кешен заманауи креативті шешімдерді, мультимедиялық технологияларды және көркем идеяны біріктірген. Ол жоба мен инженерлік жұмыстың күрделілігін көрсетеді. Оның тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін 150-ден астам суасты сорғысы, түрлі биіктіктегі және қуаттылықтағы су ағындарын жасайтын 120-дан астам түрлі форсункалар қолданылған. 16 миллионға дейін түс реңктерін тудыратын 330 суасты шамы қосымша әсер береді.

 

Бірінші музыкалы фонтан қайта жаңғырды

Шымкентте тағы бір әуенді субұрқақ болған. Ол Тәуелсіздік саябағында орналасқан және алғашқыда қала тұрғындары мен қонақтары арасында танымал болған еді. Өкінішке қарай, бірнеше жылдан кейін мұндағы музыка құрылғысы мен жарықтандыру істен шықты. Біраз уақыттан кейін фонтан мүлдем жұмыс істемей қалды.

– Өткен жылы біз ондағы сорғыларды толықтай ауыстырдық, өйткені ол толығымен істен шыққан еді. Вандализм фактілері анықталды, нысан элементтерінің бір бөлігі ұрланды. Бұл нысан біздің басқармаға берілгенге дейін біраз уақыт бақылаусыз қалды. 2024 жылы біз бұл фонтанда сорғыларды, кабельдерді толығымен ауыстырдық, тазаладық, боядық. Істен шыққан элементтерді ауыстырып, 2024 жылы нысанды іске қостық. Қазір ол кестеге сай жұмыс істеп тұр, – дейді басқарма басшысының орынбасары.

Алайда, субұрқақтағы музыкалық сүйемелдеудің қашан қалпына келтірілетіні белгісіз. Бұл мәселеге басқарма өкілі былай жауап берді: «Барлығы келесі жылы субұрқақты күтіп ұстауға бөлінетін бюджетке байланысты. Егер қаражат жеткілікті болса, бұл функцияларды да қалпына келтіруге тырысамыз. Жалпы, фонтандарды қайта жаңарту және күтіп ұстау қомақты қаражатты қажет етеді. Гранит қымбат. Сорғылар жиі істен шығады және оларды барлық жерден табу мүмкін емес. Бірақ біз қаламыз көрікті әрі жайлы болуы үшін барлық мүмкіндікті жасаймыз».

Субұрқақтар – алуан түрлілігімен балалар үшін әрқашан қызықты орын. Бұрын субұрқақтарды балалар жасанды су айдыны ретінде пайдаланып, таңнан кешке дейін шомылатын. Бірақ қазір жағдай басқа: субұрқақтарға шомылуға тыйым салынған  және суға түскендер әкімшілік жазаға тартылады.

Қаладағы барлық субұрқақ маңына ескерту белгілері орнатылған. Мердігер ұйымның мамандары ережелердің сақталуын қадағалайды және қажет болған жағдайда полиция шақырады. Кабель зақымдалған кезде электр қуатын тоқтататын автоматты жүйе орнатылғанына қарамастан, суға түскен жағдайда адамдардың электр тогымен зақымдану қаупі жоғары. Сол себепті де қала тұрғындары заңға бағынып, тәртіпті сақтауы керек.

Иә, бүгінде Шымкенттің субұрқақтары жағымды микроклимат қалыптастырады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін нағыз саялы орынға айналған. Күндіз де, түнде де қалаға сән беріп тұрған субұрқақтарды тамашалаушылар көп-ақ. Ендігі ретте азаматтарды тәртіпке бағынып, қоғамдық орындарға жауапкершілікпен қарауға шақырамыз.

 

Ә.АЙТӨРЕ

Соңғы жаңалықтар