Шымкент қаласында Samgau республикалық қысқаметражды фильмдер фестивалі өз мәресіне жетті. Шара Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Мақсаты – ұлттық киноөндірістің дамуына серпін беру, шығармашыл жастарды қолдау және жаңа есімдерді кино кеңістігіне таныту.
Фестивальге Қазақстанның түкпір-түкпірінен 18 бен 35 жас аралығындағы жас режиссерлер мен продюсерлер қатысып, түрлі жанр мен тақырыптағы туындыларын ұсынды. Айта кету керек, конкурс сәуір айында жарияланып, жұмыстарды қабылдау маусым айының 10-на дейін жалғасты. Ұйымдастырушыларға 30-дан астам қысқаметражды фильм келіп түсіп, олардың ішінен іріктелген 20 үздік туынды ақтық кезеңге өтті.
Фильмдер келесі тақырыптар бойынша қабылданған: «Шымкент – сүйікті қалам!», «Мен және Әлем», «Ұлттық құндылық – тәрбие негізі», «Жұмысшы мамандықтардың рөлі», «Экология», «Тіліміздің тағдыры – біздің қолымызда». Бұл тақырыптар бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, жастардың көзқарасын, ой-толғауын бейнелеуге жол ашты дейді ұйымдастырушылар.
Қала күніне орай жоспарланған жиынның салтанатты ашылу рәсімі Шымкент қаласындағы Жастар ресурстық орталығында өтті. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек және еліміздің кино саласындағы белгілі тұлғалары, өнер майталмандары мен БАҚ өкілдері қатысты. Қазылар алқасы құрамында Еңбек сіңірген қайраткер, белгілі продюсер Қанат Төребай, Канн фестивалінің «Үздік актриса» жүлдегері Самал Еслямова, «Айка» фильмінің режиссері, Канн лауреаты Сергей Дворцевой, «Қошқар мен Теке» анимациялық фильмімен танымал режиссері Батырхан Дәуренбеков және Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Адай Әбілдинов болды. Samgau фестивалі – бұл жай ғана байқау емес, жас киногерлер үшін тәжірибе алмасып, шығармашылық байланыс орнататын алаң. Жастардың кино тілі арқылы өз ойын жеткізуі – қазақ киносының жаңа буыны қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Фестиваль көрермендерге тың тақырыптар мен жаңа есімдерді таныстырып, ұлттық киноөндірістің болашағына сенім ұялатты.
Жүзден жүйрік шыққан 20 қысқаметражды фильм режиссерлары фестивальдің жабылу салтанатында қаржылай сертификатпен, диплом және кубокпен марапатталды. «Ең үздік қысқаметражды фильм» номинациясы бойынша Қарағанда қаласынан келген режиссер Асылжан Әділханұлы «Пат» социалды драмасымен жүлделі 1 орынды иеленіп, 1 миллион теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. «Ең үздік анимациялық фильм» номинациясы бойынша Шымкент қаласының жас продюсері Серік Елееуов «Қызғалдақ қала» анимациясы үздік деп бағаланды.
«Үздік режиссер» номинациясына Алматы қаласынан келген режиссер Әмір Даниярұлы «Каникулы у Дедушки» фильмі арқылы жеңіске жетті. «Үздік оператор» номинациясына бойынша «Ескі аудан» фильмінің режиссері Дархан Бауыржанұлы марапатталды. «Кретивті шешім» номинациясына «Тұран» анимациялық фильм, режиссері – Жанәділ Байдарбек жеңіске жетті. Қазылар алқасының арнайы жүлдесіне «Түлкі мен қырғауыл» аннимациялық фильмінің режиссері – Аружан Ержанқызы үздік деп танылды.
«Ең үздік қысқаметражды фильм» номинациясы бойынша Қарағанда қаласынан келген режиссер Асылжан Әділханұлы бұл фильмге тек 50 мың теңге жұмсағанын және ұялы телефонмен түсіргенін айтады. Бастысы сенің не ұсынғың келді, сол маңызды дейді жас режиссер.
Фильм арқылы отбасыдағы кикілжіңді суреттегім келді. Көп ата-аналар баласы үшін шешім қабылдайды. Оның таңдау құқығына мүмкіндік бермейді. Мәселен, Қарағанды қаласында көп жастарды шахтерлікке баулиды. Негізгі кәсіп осы болғандықтан әкеден балаға мирас ретінде қалатын дүние іспетті. Ал, қазіргі жастар қара жұмысты қаламайды. Әке мен бала арасындағы диолог арқылы жастарға сеніп, мүмкіндік, таңдау құқығын беру керектігін жеткіздім,-дейді Асылжан Әділханұлы.
Үздік деп танылған қысқаметражды фильмдер алдағы уақытта барлық әлеуметтік желілерге салынады. Көрермен көзайымна айналып, қоғамға серпін беретін туынды болады деп сенеміз.
Гүлжауһар ТЕМІРХАНҚЫЗЫ