Редакция таңдауы

Жи – заманауи маман дайындаудағы маңызды қадам

Қазіргі заман талабы – оқытудың жаңа технологияларын меңгеру. Оқытудың жаңа технологияларының бірі – ақпараттық технология. Ақпараттандыру технологиясының даму кезеңінде осы заманға сай білімді әрі білікті мамандарын даярлау – оқытушының басты міндеті. Қоғамдағы ақпараттандыру процестерінің қарқынды дамуы жан-жақты, жаңа технологияны меңгерген жеке тұлға қалыптастыруды талап етеді.

Қазіргі әлем технологияның қарқынды дамуын бастан кешіруде, олардың арасында жасанды интеллект (ЖИ) шешуші рөл атқарады. Білім беру мекемелеріне, атап айтқанда университеттерде ЖИ енгізу, оқытудың тиімділігін арттыру, басқару мен ғылыми зерттеулерді оңтайландыру үшін кең перспектива ашады.

Ғалымдар келешекте адамзаттың көптеген ауқымды мәселелерді ақпаратты  пайдалана отырып шешу мүмкіндігінен  үміттенеді. Сондықтан академиялық және жоғары оқу орындарындағы ғалымдардың бар ықыласын тек қоғамды ақпараттандыру үдерісінің әртүрлі қырларына емес, сондай-ақ, жасанды интеллект ұғымының өзіне, оның қасиеттері мен даму ресурстары ретіндегі ерекшеліктеріне көңіл аудару – аса маңызды және өзекті.

Жасанды интеллектті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 24 шілдедегі №592 қаулысы қабылданған.

Жоғары білім беру сапасын көтеру, студенттердің кәсіби біліктілігі мен ойлау мәдениетін, жеке тұлғаның ішкі әлемін қалыптастыру, өзіндік түсінуі мен дамуын қамтамасыз ету,  оқытудың белгілі бір нәтижесіне жету мақсатында ғалымдар оқу үдерісінде жасанды интеллектті қолдануды алдыңғы орынға қойып отыр. Қазіргі кезде өзекті тақырыпқа айналып отырған жасанды интеллектке қысқаша түсініктеме берсек:

  • Жасанды интеллект – адам сияқты интеллектуалды ойлауға қабілетті компьютерді, компьютермен басқарылатын роботты немесе бағдарламаны жасау тәсілі;
  • Жасанды интеллект – информатика, биология, психология, лингвистика, математика және машина жасау сияқты пәндерге негізделген ғылым мен технология;
  • Жасанды интеллекттің негізгі бағыттарының бірі – ойлау, оқу және есептерді шешу сияқты адам интеллектімен байланысты компьютерлік функцияларды дамыту;
  • Жасанды интеллект саласындағы зерттеулер адамның ақыл-ой қабілеттерін зерттеу арқылы жүзеге асырылады, содан кейін бұл зерттеулердің нәтижелері интеллектуалды бағдарламалар мен жүйелерді жасау үшін негіз ретінде пайдаланылады.

XXI ғасыр – цифрлық технологиялар ғасыры. Ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект (ЖИ) қазіргі таңда барлық салаларда, соның ішінде білім беру жүйесінде ерекше маңызға ие.  Әсіресе, Ақпараттық технологиялар саласында білім алатын студенттер үшін жасанды интеллект– тек зерттеу объектісі ғана емес, болашақ кәсіби қызметтің негізгі құралдарының бірі.

Ал, жасанды интеллекттің негізгі мақсаттарына тоқталсақ:

  • Сараптамалық жүйелерді құру – интеллектуалды мінез-құлықты көрсететін жүйелер: үйрену, көрсету, түсіндіру және кеңес беру;
  • Адам интеллектінің машиналарда жүзеге асуы – адам сияқты түсінетін, ойлайтын, үйрететін және өзін ұстай алатын машина жасау.

Білім беру процесінде ЖИ жеке оқыту, білімді бағалауды автоматтандыру, интерактивті көмекшілердің қызметін алмастырып отыр. Ал ғылыми зерттеулерде ауқымды деректерді талдау, эксперименттерді автоматтандыру, бБолжамды аналитика жасау үшін өте тиімді. ЖИ эксперимент нәтижелерін болжауға және қолда бар деректерге негізделген әртүрлі сценарийлерді модельдеуге көмектеседі. Бұл ғылыми жаңалықтарға жол ашып, ғылыми зерттеудің тиімділігін арттырады.

Сонымен қатар, жасанды интеллектті университетті тиімді басқаруда әкімшілік процестерді оңтайландыру, ресурстарды басқару, қауіпсіздік жүйесі үшін қолдануға болады.

Цифрлық дәуірде адамзат өмірінің барлық саласы — экономика, өндіріс, ғылым, білім, жоғары технологиялармен байланысты. ЖИ — бұл тек технология ғана емес, қоғамды басқарудың, болжаудың, автоматтандырудың әмбебап құралына айналды.

М.Әуезов университетінде  В057- Ақпараттық технологиялар білім беру топтамасына кіретін 6В06120 – Ақпараттық жүйелер, 6В06121-Жасанды интеллект технологиялары және 6В06140–Математикалық және компьютерлік модельдеу мамандықтары бар.  Білім беру бағдарламаларында оқитын студенттер бағдарламалау, деректер қорын басқару, жүйелік талдау, жобалау және цифрлық трансформация салаларында терең білім алады. Бұл бағытта жасанды интеллект – логикалық ойлау, үлгілерді тану, машиналық оқыту, нейрондық желілер сияқты компоненттер арқылы шешім қабылдау процесін автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Жасанды интеллектті меңгеру – болашақ маманның еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бұл бағыт бойынша сапалы білім беру – цифрлық қоғамның қажеттілігіне жауап беретін жоғары білікті кадрларды даярлаудың басты шарты.

В057- Ақпараттық технологиялар білім беру топтамасына кіретін 6В06120–Ақпараттық жүйелер, 6В06121-Жасанды интеллект технологиялары және 6В06140–Математикалық және компьютерлік модельдеу БББ аяқтаған түлектер— ЖИ арқылы бірігетін, болашақ мамандықтардың негізі. Осы салаларды меңгерген түлектер — сандық дәуірдің көшбасшылары.

Жасанды интеллект тек құрал ғана емес, ол – болашақтың тілі. Бұл тілді игерген адам – заманауи әлемнің толыққанды мүшесі болады. Жасанды интеллект – бұл саланың негізгі қозғаушы күші. Осы бағытта білім алып, білікті маман болу – ел дамуына қосылған үлкен үлес. Сондықтан болашақ маман иесі ретінде дәл осы мамандықты таңдауыңыз – өзіңіз үшін ең сәтті шешім болмақ.

 

Жалғасбек ИЗТАЕВ, Злиха МАХАНОВА,
М.Әуезов атындағы ОҚУ «Ақпараттық жүйелер және модельдеу»
кафедрасының доценттері, п.ғ.к.

 

Соңғы жаңалықтар