Версия для печати

"Тұрғындардың пікірі қашанда маңызды"

Пятница, 11 Сентябрь 2015 05:20 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4984 раз
Оцените материал
(0 голосов)

turgyndar pikiri kashanda manizdy 37Ғалым Ысмайылов, Қаратау ауданының әкімі:

Шымкент қаласының аумағы кеңеюіне байланысты Қаратау ауданы құрылғаны белгілі. Төртінші болып құрылған ауданда атқарылған жұмыстар, тұрғындарды мазалаған түйткілді мәселелер туралы аудан әкімі Ғалым Ысмайыловпен тілдесіп, аз-кем сұхбат жасаған едік.

– Қаратау ауданының құрылғанына көп уақыт болған жоқ. Түйіні тарқатылмай тұрған мәселелердің де көп екенін білеміз. Жұмысты неден бастадыңыз?
– Қаратау ауданының жер көлемі 32 мың гектардан асады. Халық саны 230 мыңға жуық. Қызметке кіріскеннен кейін ауданға қарасты отыз елді мекеннің бәрін аралап шықтық. Тұрғындарымен тілдестік. Мұң-мұқтажын тыңдадық. Әр ауылдың өзекті мәселесін қағазға түсіріп, жоспар жасадық. Ушығып тұрған, жақын арада шешілуі тиіс мәселелерді күн тәртібіне қойдық.
– Жаңадан қосылған ауыл-аймақтарда қандай өзекті мәселелер бар? Олар қалай шешімін табуда?
– Ең бірінші мәселе – тазалық. Аудан бойынша 40 мыңға жуық үй болса, соның 25 пайызы ғана қоқыс шығаратын мекемелермен келісімшартқа отырған екен. Ал қалғандары ауыл сыртындағы сай-салаға, шұңқырларға қоқыс төгіп, өзіне ғана емес өзгеге де, табиғатқа да зиян келтіріп келген.  Әр елді мекенді аралап жүріп, көзіміздің жеткені біздің ауылдарымыздың сырты қоқыстөбеге айналған. Бұл мәселемен күресу үшін әрбір тұрғынмен жеке сөйлесіп, қоқыс шығаратын мекемемен келісімшартқа тұру қажеттілігін түсіндірдік.  Қазір аудан тұрғындарының 85 пайызы келісімшартқа отырды. Тазалық мәселесі біршама дұрысталды. Адамдар кез келген жерге бей-берекет қоқыс шашпайтын болды. Тазалық болған жерде тәртіп те болады деп ойлаймын.
– Күрделі мәселелердің бірі инфрақұрылым екені белгілі. Ауызсу, табиғи газ, жолдың жырын айтып келушілер көп шығар?
– Әрине, бізге қарасты ауыл-аймақтардың бәрі әр жерде шашырап, бір-бірінен 5-10 шақырым қашықтықта орналасқан. Аудандағы ең күрделі мәселенің бірі – ауызсу. 230 мың халықтың 58 пайызына 24 сағат,  34 пайызына кесте бойынша ауызсу беріледі. Ал қалған 8 пайызы, яғни 3 мыңнан астам үйдің тұрғыны тасып ішеді. Бұл мәселе мүмкіндігімізге қарай біртіндеп шешімін табуда. Мысалы, «Нұртас» шағынауданының тұрғындары жыл соңына дейін таза ауызсумен қамтылады. Он жылдан бері сусыз отырған «Тұран» шағынауданына су апару үшін ұсыныс беріп, қазір жобасы жасалып жатыр. Сондай-ақ, Сайрам ауданынан қосылған бес елді мекен кесте бойынша су ішіп отыр. Оларға құбыр тартылып, жұмыс жүріп жатыр. Жыл аяғында тұрғындар таза ауызсу тұтынатын болады.
Ал екінші мәселе – табиғи газ.  Отыз елді мекеннің 33 пайызы табиғи газбен қамтылмаған. Яғни, Бозарық, Қайнарбұлақ саяжайы, Қайнарбұлақ тұрғын алабы, «Достық», «Азат», «Таскен», «Тассай», «Тұран» шағынауданы тұрғындарының  басты мәселелерінің бірі.
Бұлардың ішінде биыл «Таскенде» ғана құрылыс жұмыстары басталды. Келесі жылы 1840 үйге табиғи газ барады. Алдағы уақытта қалған шағынаудандарды табиғи газбен қамту жөнінде ұсыныс бердік. Бөлінген қаржыға байланысты тұрғындарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету бірте-бірте шешіледі.  
Үшінші мәселе – электр жарығы. Аудан тұрғындарының 100 пайызы қамтылған. Десе де электр жарығымен қамтамасыз етіп отырған 488 трансформатордың 203-і жекеменшік иелігінде. «Азатта» 2 трансформаторды –  1980 адам, «Ақжайықта» 18 трансформаторды – 4 мың тұрғын, «Бозарық» саяжайында 43 трансформаторды 7 мың, «Қайтпаста» 21 трансформаторды – 10 700 адам, тағы басқа шағынаудандардың тұрғындары осындай жекеменшік трансформатордың жарығын пайдаланып отыр. Яғни, күн көзін тарататын қондырғылар талапқа сай жүктемеден артық деңгейде қолданылуда. Мысалы, 100 үйге арналған трансформаторға 200 үй қосылады. Одан жарықтың қуаттылығы азайып, сығыраяды. Жиі өшеді. Сосын тұрғындар көп шағымын арқалап келеді. «Қайтпас», «Қайнарбұлақ», «Бозарық», «Достықты» элекр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында қазынадан қаржы қаралып, жұмыстар жүргізілуде. Келесі жылы шешімін табады.
Сондай-ақ, Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен Қайнарбұлақ саяжайының ортасында салынған 420-ға жуық үй бар. Бұл жерде ауызсу, жарық, жол мәселесі қиын. Жаңадан құрылып, жұмыс бастаған кезімізде сол ауылдың тұрғындары шағымданып келген. Олар бірінші жарық мәселесін шешіп беруімізді сұрады. Жобасын жасап өткіздік. Одан бөлек «Оңтүстік Жарық Транзит»  ЖШС-нің басшысы Мұрат Ибрагимовке өтініш айттық. Ол халықтың мұқтажын түсініп, жеке өзінің есебінен екі трансформаторды сол ауылға апарып қоюға келісті. Сәуір айында жұмыс басталған. Жақында жарық беріледі.
– Ауданда тағы қандай жұмыстар жүзеге асуда?
– Ауданда 258 көшеге асфальт, 607 көшеге шағал тас төселген. Ал 98-і топырақ көше. Жыл сайын  әр ауылда  3-4 көшені асфальттауға тиісті құжаттарды ұсынып отырмыз. Сондай-ақ, аудандағы кәсіпкерлермен меморандумға қол қойдық. Олар өз есебінен демеушілік көрсетіп, 10 көшеге тас төсеп берді. Жыл аяғына дейін тағы 15 көшеге демеушілердің қолдауымен тас төселеді. Сондай-ақ, бізде 115 балалар алаңшасы бар. Олардың көбі ескіріп, тозды. Осы мәселеге қол ұшып созуға кәсіпкерлерді шақырдық. Қалалық мәслихаттың депутаты Төреайым Сұлтанова барлық балалар алаңшасын өзінің есебінен жөндетіп, жаңалап беретін болды. Сондай-ақ 1 қыркүйекте Сайрамда 1200 орынды жаңа мектеп пайдалануға берілді, Бозарықта 1200 орынды, Қаражолда 900 орынды мектеп салынуда. 1 қарашаға дейін бітеді деген жоспарымыз бар. Бұдан бөлек тағы 300 орынды екі мектептің құрылысы келесі жылы аяқталады. Ал «Бозарық» пен «Нұртас» шағынауданында 320 орынды екі балабақша салынуда. Олар биыл берілуі керек. Аудандағы 9 мемлекеттік балабақшада 3170 бала тәрбиеленуде, 7 мыңдай бала кезекте тұр. Ал 35 жекеменшік балабақшаға 4800 бүлдіршін барады. Жекеменшік балалақша тізімінде тұрған баланың саны – 1600.
– Қоғамдық көлік мәселесі ше?
– Тұрғындардың ең көп шағым түсіретін мәселелерінің бірі осы қоғамдық көлік мәселесі. Аудан бойынша 34 бағыт бар. Бұл орайда, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен бірлесіп жұмыстар атқарылуда. Олар түсіністікпен қарап, тұрғындардың тілегіне сай бағытты өзгерту керек болса өзгертіп беріп жатыр. Сондай-ақ қала әкімдігіне қоғамдық көлік компанияларына тендерді өткізетін кезде аудан әкімдігімен кеңесу туралы ұсыныс бердік. Ауыл тұрғындарын, қарияларды шақыртып, қоғамдық көлік жөнінде кеңесіп, алдын ала жұмыс жасап жатырмыз.
– Қысқы маусымға дайындықтарыңыз қалай?
– Ауданға қарасты 204 көпқабатты үй бар. Бүгінге дейін оның 176-ы қысқы маусымға дайын тұр. Ол 86 пайызды құрайды. Дайындық жұмыстары 1 қазанға дейін 100 пайыз бітеді.
– Жаңа ауданның басқа үш ауданнан қандай ерекшелігі бар?
– Ауыл-аймақ көп болғасын шығар, көп шаруа ақсақалдардың кеңесімен шешіледі. Аудан аумағындағы елді мекендерді аралап, көпшілікпен пікірлескенімізде адамдары ақпейіл, қоғам өмірінде белсенді екенін аңғардық.  
– Күні кеше Елбасы әкімдерден халыққа шындықты айтуды талап етті. Адамдармен тура және ашық сөйлесуге үндеді. Жалпы, аудан әкімдігінің халықпен байланысы қандай?
– Өтірік айтуға жаным қас. Талап-тілегін арқалап келген тұрғындарға жақында шешілуі тиіс мәселе болса шешілетінін айтамын, я болмаса бір-екі жыл күту керектігін жеткіземін. Аудан тіршілігіне қатысты барлық жоспар-жобалардан тұрғындарды хабардар ету де маңызды, яғни жұмысымыздың ашық та жариялы болуына мүдделіміз. Бұл орайда, қалалық басылым – «Шымкент келбеті» мен «Панорама Шымкента» газеттерінің алар орны ерекше. Жалпы тұрғындармен тығыз байланыста болу үшін бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы зор екенін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, әр елді мекенде құрамында жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы, төбе биі, имамы және мектеп директорлары бар комиссия жасақтадық. Сосын тағы бір үрдісті қолға алып жатырмыз. Көмек сұрап келген, аз қамтамасыз етілген отбасылар мешітке тіркеледі. Сол жерден демеушілер арқылы тікелей көмек беріледі.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Әйгерім БЕГІМБЕТ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.