Версия для печати

Наурызды өз нақышында тойлайтын кез жетті

Пятница, 18 Март 2016 06:16 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 3760 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы, халықаралық "Алаш" сыйлығының иегерi:

mbaighut– Ассалаумағалейкум, аға! Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі биыл саяси науқанмен тұспа-тұс келіп тұр. Саяси іс-шаралар деп жүріп, ұлттық мерекені ұмыт қалдырған жоқпыз ба? Дайындығымызды қалай бағамдайсыз?

– Уағалейкүмассалам, балам. Әз Наурыз бүкіл байтағымызға, әрбір отбасыға бақ-береке, ырыс-ынтымақ әкелсін. Иә, бұл жолғы сайлаудың Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуі кейбір жағдаяттарға әсер еткені рас. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауының биылғы көктемде өткенін қолдағанбыз, қуаттағанбыз. Бірақ, бәз біреулердің әсіреңкіленіп, әулекіленіп, сайлаудан кейін өмір жалғаспайтындай жанталасатыны, өрекпитіні, өркөкіректенетіні ұнамайды. Саяси сайлауыңыздың қорытындысы бойынша елдігіміз, бірлігіміз айқын аңғарылса, парасаттылығымыз бен патриоттығымыз паш етілсе дейміз. Әз Наурызға әзірлігіміз, жаңғыруымыз бен тазаруымыз содан да көрінеді-ау.

– Оңтүстік жұрты Наурызды қалай тойлап жүр соңғы кездері? Өзіңіз қалай дайындаласыз?

– Наурызды тойлау барған сайын жетілдіріліп, жақсара береді деген үміттемін. Жұртшылық көп нәрсеге, оның ішінде жасандылыққа, жалғандыққа сын көзімен қарайтынға айналды. Демек, бірте-бірте көпшілік іс-шаралары да, басқалары да – бәрі үйлесім мен жарасымға құрылатындай жоғары мәдениеттілікке, салт-дәстүрлер мен жаңашылдықтың ұнасымына жетеміз. Ол үшін әлде біреулер істеуі керек деп керенау күлгімей, әрқайсысымыз әз Наурызға құлшына ұмтылып, үлес қосуға парыздармыз. «Бағалай білмегенге бақ қонбас, қуана білмегенге құт қонбас» дегенді қазекем бекер мәністемеген.
Өзім ең кемі екі көшет отырғызамын. Арық-атыз бен бір бастаудың көзін тазалауға тырысамын. Табиғат-ананың тұнықтығы ерекше сезілетін жерде болуға мүмкіндік іздеймін.

– Оңтүстікте бір жақсы іс-шара басталған еді. Тоғыз күн тойлау дәстүрі деген. Жалпы, бізге Наурызды тойлаудың бір ұлттық үлгісін жасау керек шығар...

– Тоғыз күн тойламаса да, Тағзым күнін, Алас күнін, Береке күнін, Көктем шуағы күнін, Өніс күнін, Жайнау күнін, Шаттық күнін, Үйлесім күнін, Ұлыс күнін дәстүрлі түрде атай бастағандар аз емес.
Бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық құндылықтарды насихаттауда айтарлықтай ізденістер жасап-ақ келеді. Нәтижелер де баршылық. Алайда, шоулар мен шуларға, атақ-даңқ шығару мақсатындағы іс-шараларға құмармыз. Мазмұны терең, мән-маңызы ерен, шынайы жемісі ұрпақтарды тәрбиелейтін, тағылымды, жүйелі жұмыстар жетіспейді. Науқаншылдық, көрініп қалуға тырысушылық белең ала береді. «Қара жұмыстары» қара көлеңкеде қалып қояды да, бірдеңе шыға қалғанда, көп нәрселер кері кетіп, кежегелер кейін тартқанда, кім кінәліге көшетініміз – ең басты кемшілігіміз.
Наурыз жөнінде де небір ұсыныстар айтылып та, жазылып та жүр ғой. Соларды жинақтап, талдап-таразылауға салып, айналымға түсіру жағы кемшін.

– Қаламыздың әр бұрышында тұратын киіз үйлер бүгінде алынып тасталған. Өзіңіз жиі қымызханаларға бас сұғып тұратыныңызды білеміз. Қазекең ұлттық сусындарды ішуден де қалып бара жатқандай.

– Қымыз бен қымыранды саудалау артпаса, кеміп жатқан жоқ сияқты. Мәселе – сапада. Ата-бабалар айналайын ағарғанның обалы туралы аманаттаған. Аманатқа қиянат қаптап кетті. Бірақ, ауызды қу шөппен сүртпейікші. Қымыз-қымыранмен, ішкіліксіз өткерілер тойлардың көбейгені қуантады. Ұлттық сусынымыздың сапасы жақсарса, қазақ та жақсарады.

– Жастар тәрбиесі жайлы көп толғап жүрсіз ғой. «Абайды оқы, орында» дейтін кез жетті дедіңіз. Бес асыл істі орындауға үгіттеп жүрсіз. Бұл шырылыңыздан түзеліп жатқандар бар ма?

– Сұлтанмахмұт дейтұғын қазақ поэзиясының сұлтаны жүз жылдан астам уақыт бұрынырақта «Абайды оқы, таңырқа!» деген ұран тастаса, екі-үш жыл бұрын біз пақырыңыз «Абайды оқы, орында!» деген мәселені көтергеніміз рас. Ол ел газеті «Егемен Қазақстанда», «Оңтүстік Қазақстанда», сіздердің және басқа да бірқатар басылымдарда жарияланды. «Жебе Баспа үйі» үш мың дана кітапша етіп шығарып, таратты. Соларды оқып, ойланғандар түзелмесе, бұзылмас, балам. Алғыс айтып, пікір білдіретіндер баршылық.

– Тазалық жайында да «Шымкентшырыл» деген дүние жаздыңыз. Шымкент еліміздегі үшінші мегаполис болып жатыр. Жалпы, бүгінгі қала тұрғындары тазалық сөзін қалай түсініп-ұғынып жүр?

– Алаш ардақтылары «Оян, қазақ!», «Ойлан, қазақ!» дегендейін бірқанша ұрандар көтерді. Ұлт қамы үшін ғой бәрі де. Әлімізге қарамай, біз-дағы бір кезде «Тазар, қазақ!» деп ұрандаттық. «Тазалық» деген туындымыз «Егемен Қазақстанда» бір бет болып жарияланып, сол кездегі облыстық мәслихат депутаты Сайлаубай Шалқаров сессияда әлгі мақала туралы айтыпты да. Сөйтсе, депутаттар мырс-мырс күліпті де қойыпты... «Шымкентшырылдағы» тазалық – ол кәдімгі шаһар шырайы. Бұл орайда да қай-қандай тараптардан да, бәрімізден де, мәдени деңгей мен шынайы патриоттық жетіспей жатыр.

– Шымкент қаласы мәдениетімен, руханиятымен де үлгі болуы тиіс қой. Біздегі қазіргі әдеби орта жайында не айтасыз?

– Жақында Қазақстан Жазушылар одағы ОҚО филиалының ұйымдастыруымен әдеби жыл қорытындысы өтті. Жаман емес. Облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың қамқорлығымен «Қазығұрт.kz» журналы толымды, толыққанды түрде шыға бастады. «Әдебиет әлемі», «Әдебитешілер үйі», «Жаңаша жүз томдық» туралы айтылуда. Әлгі әдеби жыл қорытындысының жиналысы жерлесіміз
Әлібек Шегебайдың әдеби кешіне ұласты. Облыс ақын-жазушылары, Алматыдан, Астанадан келген қаламгерлер, Қазақстан Жазушылар Одағы басшылары «Бақшасарай» сарайында, басқосу кешінде болды. Оған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов демеушілік ұйымдастырды. Әкімдер ақындарын алқалап, қалқалауда. Бұның бәрі әдебиетті, әдеби ортаны нығайтудың қамы деп түсінген абзал.

– Ұрпақтар сабақтастығын жоғалтып алмадық па? Бүгінде ұлдың тәрбиесіне кім жауапты? Қыздың тәрбиесін ұмыт қалдырғандаймыз... Ақсақалдар алқасы деген болушы еді.

– Облыстық ардагерлер кеңесі, оның аясындағы «Әжелер алқасы», олардың аудандық, қалалық, бастауыш буындары, «Ырыс алды – ынтымақ» қоғамдық форумы, оның жергілікті буындары басқа да ұйымдармен, ұжымдармен бірлесіп, ұрпақтар сабақтастығы, отбасындағы тәрбие, оның ішінде ұл мен қыздың тәрбиесі, ата-аналар мен мектептің байланысы, тағы басқа бағдарлар бойынша үлкен тірліктер жасап келеді. Үш жылдан бері үш ай бойы – күзде жоғарыдағы қоғамдық ұйымдар өкілдерінен құрылған топтар барлық аудандар мен қалаларды, ауылдар мен мектептерді, т.б. және т.т. жерлерді аралайды. Алайда, ақпарат құралдары жазуда, көрсетуде салғырттау сияқты. Ардагерлер кеңесі, «Ырыс алды – ынтымақ» форумының хатшылығы, Жазушылар және Журналистер одақтарының облыстық филиалдары «Ізгілік» сыр-сұхбат отауын ұйымдастырып, келелі тақырыптарды талқылап жүр. Оны да талдап, тәжірибе ретінде таныту керек-ақ.

– Өткен жылы «Дауыстың түсі» әңгімелер жинағыңыз Түркияның Анкара қаласында жарық көрді. Кітаптың тұсаукесер рәсімі де сонда өтті. ҚР Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Жансейіт Түймебаев бірқатар қазақ қаламгерлеріне құрмет көрсетті. Анкарадан қандай әсермен қайттыңыз?

– Түркиядағы елшілігіміз бен «Түрксой» ұйымының бастамашылдығымен тек менің ғана емес, алыбымыз Абайдан бастап, айтыстың ақтаңгері Сүйінбайдың, тарихты әдебиет арқылы әдіптеген Ілияс Есенберлиннің, сондай-ақ, Мұқағалидың, қазіргі қаламгерлер – Смағұл Елубайдың, Бексұлтан Нұржекеұлының, Темірхан Медетбектің, тағы басқалардың кітаптары Түркияда, түрік тілінде шығарылды. Елшіміз Жансейіт Түймебаетың бұдан басқа да өнегелі істері өте көп екен. Егер әрбір елші осылайша еңбектенсе ғой! Дейсің. Тұсаукесер аса әсерлі болды. Стамбулды, Мәрмәр теңізін бір күн араладық. Анкарадағы әдеби жиын да мазмұнды болды. Жансейіт бауырымыз түрікше сайрап тұр. Түрік зиялылары оны жақсы көріп, құрмет тұтады екен. Әзілдескендеріне тәнті боласың тіпті. «Түрксойдағы» Қазақстан өкілі, талантты туындыгер, тәржімән Мәлік Отарбаев та мақтан тұтарлық тірліктер атқарып жүріпті.

– Былтыр мерейлі жетпіс жасқа толдыңыз...

– Жетпіс жасты Жеңістің жетпіс жылдығы аясында, жетпіс шақырымдық «Шымкенттен – Шұбайқызылға!» бағыты бойынша жаяу жүріспен атап өткенімізді білесіз. Алла жазса, жетпіс бес жылдықта да дәл солай жаяу жүрсек деген үміт бар.
Ұлыстың ұлы күні – еліміздің бірлігі, ынтымағы, жаңаруы, тазаруы жолындағы ұлық мереке. Күндердің күнінде дүние-әлем жүзінде әз Наурыз Жаңа жылдың басы болатынына сенеміз. Мәңгілікке ұмтылған Қазақ елінің армандары мен мақсаттары орындала берсін!

– Әңгімеңізге рахмет, аға!

Сұхбаттасқан
Тағабай ҚАСЫМ

Последнее изменение Четверг, 24 Март 2016 09:02
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.