Версия для печати

«Миллионер қала атанар кез жақын»

Среда, 22 Октябрь 2014 09:35 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5916 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Әлем халқы тегіс дерлік қалаға бет бұруда. Ата-бабаларымыздың даланы еркін жайлап, қыстауын жайлауға алмастырып отыратын далалық дәуір келмеске кеткен. Урбанизация мен миграцияның толқыны оңтүстікті де айналып өтпегені анық. Қазір ауылдағылар ірі қалаларға, облыс орталықтарына көшуде. Яғни, қала халқының саны артуда. Халық санының көлемі жағынан Шымкент қаласы республика бойынша үшінші орында. Ресми мәліметтер бойынша бүгінде қалада 800 мыңнан астам халық тұрады. Ал облыстық статистика басқармасының мәліметі бойынша, 683 мыңнан астам адамды құраған. Қала халқының саны шаһар аумағына қосылған үш ауданның есебінен артып отыр. Осыдан 10 жыл бұрын Шымкентте 521 мыңнан астам, ал 20 жыл бұрын 411 мыңнан астам халық тұрған екен. Соңғы санақ Шымқаланың өсіп, өркендеп келе жатқанының айғағы. Урбанизация процесі толассыз жүрген қалада халық санының да үздіксіз өсетіні мәлім. Ал бұл өз кезегінде әлеуметтік нысандардың көптеп бой көтеруіне, Шымкенттің дамуына әсерін тигізетіні белгілі. Осы орайда, ОҚО ІІД Көші-қон басқармасының басшысы Абылаев Балтабек Сейілбекұлынан ішкі және сыртқы миграция бойынша мәселесіне қатысты сұхбат алған болатынбыз.

–Балтабек Сейілбекұлы, ауылдардан қалаға көптеп көшіп келу процесі қай кезде басталды?

–Шымкентке ауылдардан көшіп келу кеңес уақытынан келе жатқан процесс, ол кезде негізінен жастардың есебінен орын алды. Өйткені, кез келген жастың арманы, мақсаты болады. Яғни, өсуге ұмтылған жігіттер мен бойжеткендер үшін ауылдық жер таршылық ететіні белгілі. Сол үшін олар үлкен қалаларға барып, сонда ғұмыр кешкісі келеді. Кеңес заманында урбанизация процесі қатаң бақылауда болды. Ауылдан келетін жастар тіркеуге алынбайтын, жұмыс табу да оңай емес еді. Амал жоқ, құрылысқа, зауыттарға қара жұмысқа орналасқан ауыл жастары «жетім бұрыштарды» жағалап, пәтер жалдап тұрды. Көпшілігі бірнеше жылдан кейін отбасын құрып, баспанасыз өмірден жалықты. Нәтижесінде, ауылға кері қайтуға мәжбүр болды. Ал ең шыдамдылары оншақты жылдардан астам қиындықтарға төзіп, пәтер алды, я болмаса, қаланың шетіндегі бос жатқан жерлерге өз бетінше үй салып алды. Қазіргі «Азат», «Сәуле» және басқа да шағынаудандар солай қалыптасқан, кезіндегі атышулы «нахаловкалар».

Кеңес Одағы күйреп, экономика тығырыққа тірелген тоқсаныншы жылдардың басында қалаға жаппай жастар ғана емес, ересек

 отбасылар да көшуді бастады. Өйткені, дағдарыс бірінші кезекте ауылға ауыз салды. Кеңшарлар мен ұжымшарлар тарап, олардың техникасы мен малы талан-таражға ұшырады. Азын-аулақ малын талғажау етіп тауысқан қазаққа қалаға барып базар жағалаудан басқа амал қалмады. Мен сол жылдары осы салада қызмет еттім, ол кездегі көші-қон жағдайын жақсы білетінім де содан. Ауыл тұрғындарының қалада көптеп тіркелуі биыл да орын алды. Бірақ, оның өзіндік себебі бар. Қалаға Ордабасы, Сайрам және Төлеби аудандарының жалпы көлемі 76200,34 гектар жері өтті. Осының нәтижесінде, 145 мың ауыл тұрғыны қалалықтар мәртебесіне ие болды. Дегенмен, олардың барлығы әзірге тіркеліп біткен жоқ.
–Шекараға жақын маңдағы ауылдардан көшіп келген азаматтар бар ма? Қазіргі есеп бойынша қанша адам қалаға қоныс аударған?
–Шекараға жақын орналасқан ауылдардан да адамдар көшіп келуде. Біздің басқарма оны есептеп, тіркеп отырады. Мәселен, Мақтаарал ауданынан -1673, Сарыағаш ауданынан-1364, Шардара ауданынан -689 азамат тіркелген. Айта кетер жағдай, басқарма тарапынан көшіп келген азаматтарды тіркейміз және сол адамдарды тіркелген жерлерінде тұрақты тұратынын немесе өзге жаққа кеткені туралы ақпарат алып отырамыз, қадағалаймыз. Олардың жұмысқа орналасу мәселесі құзырымызға кірмейді.
Шымкент қаласына 2014 жылдың тоғыз айында ауылдық 25 мың 335 азамат қалаға тіркеуге тұрса, олардың ішінде тұратын жерлері қалаға өткен ауыл тұрғындары да бар. Мысалы, Сайрам ауданынан 2 мың 246 отбасы, Ордабасы ауданынан- 147, Төлеби ауданынан -55 тұрғын ешқайда көшпей-ақ, қалалық болып қайта тіркеуден өтті.
–Ішкі және сыртқы миграция туралы айта кетсеңіз...
–Облысымыздан кеткен және сырттан көшіп келгендер туралы айтар болсақ, өткен ғасырдың соңынан бері облысқа көшіп келгендердің саны басым. 2012 жылдан бастап таразы басы шамамен тең түсе бастады. Мысалы, 2013 жылы 14 мың 228 адам көшіп келген. Оның ішінде 14 мың 23 адам- өзге облыстардан, ал шетелден -205 адам келген. Өзге облыстарға 13 мың 438, шетелге -1070 адам көшіп кеткен. Соның нәтижесінде, барлығы 14 мың 508 адам тіркеуден шығарылды.
Былтыр 1 сәуірден бастап оралмандармен жұмыс, атап айтқанда оларға оралман мәртебесін, төлемақылар мен жәрдемақылар беру, орналастыру және басқа да міндеттер Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне өтті. Бізде тек тіркеу, азаматтыққа қабылдау жұмыстары қалды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап облысымызға 53 мыңнан астам отбасы немесе 201 427 оралман қоныстанды. Бұл- Қазақстанға шетелден келген қандастарымыздың 25 пайызын құрайды. Демек, бауырларымыздың дені Оңтүстікте өмір сүруді қалаған. Оның үш себебін атап өтер едім. Біріншісі, оралмандардың басым көпшілігі іргемізде тұрған Өзбекстаннан келгендер. Олардың бұрынғы тұрған жері, ауа райы және басқа да жағдайлары жағынан біздің облысымызға ұқсас. Үйреншікті тұрмыстарын аңсаса керек. Екіншіден, шет елдегі қандастарымыз үдере көшкен жоқ. Олардың бұрынғы мекендерінде ағайындары, жекжат-жұраттары әлі көп, ал көшкен күннің өзінде осы Оңтүстікке көбірек шоғырланған.Олармен араласу үшін жақын орналасқан біздің облыс ыңғайлы. Қазақ ағайын-жекжатпен араласпай тұра алмайтыны әмбеге аян. Үшіншіден, қалың қазақтың қаймағы бұзылмаған Оңтүстіктің жергілікті тұрғындардың әдет-ғұрпы, тілі, тұрмыс салты оларға өте жақын. Ал тілге байланысты солтүстік және орталық облыстарды оралман қандастарымыз өздерін өгейлеу сезінетіні бар. Бізге ұқсас жағдайды Алматы, Жамбыл облыстарынан да байқауға болады.
–Шетелдік еңбек мигранттарының дені қай жақтан келеді?
–2014 жылдың сәуір айынан бері жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмыс істеуге рұқсат рәсімдеу бойынша, көші-қон полициясы бөліністеріне жалпы-15 мың 66 шетелдік өтініш білдірген. Олардың басым көпшілігі өзбекстандықтар-15 мыңнан астам. Бұдан басқа Қырғызстаннан-57, Тәжікстаннан-3, Әзірбайжаннан-2 адам арызданған. Бүгінге дейін 14 мың 961 шетелдікке (құрылыс жұмыстарына-12961,аспазшы-702, бағбан-985, үй бикесі/бала күтімі/-220, басқа мамандықтар-93) рұқсаттары рәсімделген. Сонымен қатар, осы уақыт ішінде -4501 шетелдіктің рұқсаттары ұзартылған.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА.

Последнее изменение Среда, 22 Октябрь 2014 09:57
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.