Версия для печати

Сауапты істер сіңеді саумалдайын

Среда, 22 Октябрь 2014 09:41 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 8618 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Құрмет» орденінің, Елбасы Н.Назарбаевтың Алғыс хатының үш рет иегері, ҚР Президенті жанындағы бұқаралық

 ақпарат құралдары жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі Дулат Әбіш соңғы жылдары облысымыздың қоғамдық-саяси жұмыстарына белсене араласып, көптеген игі бастамалардың ұйытқысы болып жүр. Олардың барлығын санамалап отырсақ, атқарылған ауқымды сауапты істердің молдығына көңіл марқаяды. Айталық, жуырда ғана ол бастаған «Айғақ» телеарнасының шығармашылық түсірілім тобы Латвия жерінде қаза тапқан, Оңтүстік Қазақстан облысынан аттанған 8-ші атқыштар дивизиясы танк взводының командирі, гвардия лейтенанты Қасымбек Нұрсейітовтың сүйегін сонау қиыр шеттен туған топырағына тапсыру сапарына ұйытқы болды. Осы сапардың өзінде талай сыр жатыр. Сондықтан, жоба авторымен арнайы сұхбаттасқан болатынбыз.

Дулат Әбіш,
«Айғақ» телекомпаниясының
Бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты:

 

ЖЫЛЫ АҒЫСТАР ЖАДАУ ОЙДАН  ЖЫРАҚТАТАДЫ

– Дулат Назарбекұлы, ең әуелі осындай жоталы жорыққа аттануларыңызға не түрткі болды? Әңгімені осыдан бастасақ.
– Елбасымыз Н.Назарбаев «Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады» дегені белгілі. Иә, халық рухы мен патриотизм мәселесі қазір бұрынғыдан да маңыздырақ бола түсті. Міне, осындай кезеңде саумалдайын сіңетін істерді көбірек жасауымыз керек. Қоғамды тұтастырып ұстап тұрған ұлы күш – адамдар арасындағы өзара сыйластық, қайырымдылық, мейірімділік, сауапты істер. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз да «Сауапты істер адамдарды көптеген пәле-жаладан құтқарады» деген. Ең біріншіден, жоғарыдағы жорықтарға осындай патриоттық сезімдер жетелеген шығар. Екінші айтпағым, былтыр Тверск облысы Ржев қаласына жасаған сапарымызда Молдавия республикалық «Броня» мұражай-ізшілдер тобы қоғамдық бірлестігінің командирі Александр Афанасьевич Кузнецовпен танысқанбыз. Сол салмақты сапарға қосқан үлесі үшін рахмет айтып, хат жазып жібергенмін. Жыл басында сол кісіден хат келіп тұр. Онда Александр Афанасьевич Жамбыл облысынан соғысқа аттанған бір жауынгердің сүйегі табылғанын хабарлапты. «Жамбыл облысының басшыларына, әскери комиссариатқа бірнеше хат жаздым. Алайда, күні бүгінге дейін бір хабар жоқ. Мүмкін сіздер келіп деректі фильм түсіріп кетерсіздер» делініпті хатта. Осындай екіұдай болып жүргенде, Төлеби ауданынан аттанған Қасымбек Нұрсейітовтың сүйегі табылғаны туралы дерек алдық. Марқұмның туысы Төребек Айтбаев маған келді. «Туысымның сүйегін туған топырағына жеткізсем» деген тілегін құп алдым. Патриотизм дегеніміз, Елбасы атап көрсеткендей, өз ошағыңнан басталады. Мен Төребектің талабына қатты қуандым және қолдадым. Шынын айтайын, менің бұдан бұрынғы іс-сапарларым да айналып келгенде туған жерге деген махаббаттан, қазақстандық патриотизмнен бастау алады. Бір тылсым күш мені осыған жетелейді де тұрады. Бұл мені жеңілдетеді әрі басқа ойлардан жырақтатады. Сонымен, ҚР Сыртқы істер министрлігіне, Қазақстанның Латвиядағы елшілігіне, Ресейдің Латвиядағы елшілігіне, сондай-ақ Латвияның Қазақстандағы елшілігіне хаттар жөнелттім. Венгрия елшілігі арқылы виза аштырдық. Төлеби ауданының әкімі Әуелхан Тұрғымбеков жерлестеріне жәрдемдесті. Барлығы дайын болған соң барқадарлы бағдарлама жасап, жолға шықтық. Қазақстан Республикасының Литва және Латвия Республикаларындағы төтенше және өкілетті елшісі Бауыржан Мұхамеджанов бізді консул Жазира Мырзақасымоваға табыстады. Рига қаласының әуежайында бізді Жазира күтіп алды. Кейіннен күйеуі Қаныбек Мырзақасымов екеуі шаңырақтарына шақырды. Жазира Кентау қаласының қызы екен. Ал, Қаныбек төлебилік. Бұл күні біз елшіліктің қабылдауында болдық. Оған Ресей, Латвия елшіліктерінің өкілдері де қатысты.
Келесі күні Латвия елшілері өздерінің барлық жөн-жорбаларымен, салт-дәстүрлерімен Қасымбек Нұрсейітовтың сүйегін туыстары Төребек Айтбаев пен Балтабай Құрманбаевқа табыс етті. Жазира қарындасымыздың үйінде әруақтарға арнап құран бағыштадық.
Бізді «RADI» демалыс аймағына жайғастырды. Осында Қазақстанның туы біз қайтқанша желбіреп тұрды.

 
ТУЫ БІРДІҢ – ТҮБІ БІР
– Дулат Назарбекұлы, ту демекші, мемлекеттік тудың авторы Шәкен Ниязбековтың туған жеріне барып та фильм түсірдіңіздер ғой. Осы сапар жайына тоқталсаңыз.

– Қазақ мәдениеті мен өнерінде мемлекеттік тудың авторы, республикаға еңбегі сіңген қайраткер, еліміздегі дизайн өнерінің негізін қалаушы, белгілі суретші Шәкен Оңласынұлының орны ерекше. Ол студент кезінде-ақ Эрмитаж, Исаак соборы және Петродворецті қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан. 1961 жылы «Глобус» теледидарының дизайны үшін Чехословакияда өткен халықаралық байқаудың алтын медалін, 1964 жылы Ленинград қаласында ұйымдастырылған «Бейбітшілікті қолдаймыз!» атты деген плакаттар конкурсында брінші орынды жеңіп алды. 1982 жылы Алматы қаласында Республика алаңын көркем безендіру жөніндегі конкурстың бірінші жүлдесін және иемденді. Оның «Құрманғазы», «Көбік шашқан», «Исатай Тайманов», «Абай», «Шоқан солдат», «Ана» деп аталатын туындылары көптеген жерлерде жоғары бағаланды. Ол сондай-ақ аты аңызға айналған халық батыры Бауыржан Момышұлының зиратына қойылған ескерткіш пен Алматы қаласының елтаңбасын да жасаған. Отандық көркемөнердің дамуы мен туған елінің өркендеуіне қосқан үлесі үшін «Құрмет» орденімен марапатталған. Осындай асыл аға өмірден өткенде біз де қатты қайғырдық. Ағамен қоштасу сәтінен хабар дайындадық. Артынша туған жері Жамбыл облысы, Аса ауданы Тастөбе ауылына арнайы барып, деректі фильм жасадық. Қазақ: «Туы бірдің – түбі бір, жолы бірдің – жүгі бір» дейді. Елбасы айтып отырған қазақстандық патриотизм осы. Туымыз бір екен, түбіміз де бір. Жолымыз бір екен, жүгіміз де бір.

«ЖАҒЫМ СЫНСА ДА,
САҒЫМ СЫНБАСЫН»
– Осы сапарда Қажымұқан Мұңайтпасов өнер көрсеткен Рижск циркінде де болыпсыздар. Балуан бабамыздың ізі қалған орынды көру жүрек тебіренткен шығар.

– Жалпы, біздің қай сапарымызда болсын, барған жерімізде бабаларымыздың ізі қалды ма деп дерек іздеу дәстүрімізге айналған. Осы үрдіспен Рижск циркіне арнайы бас сұқтық. Цирк 1888 жылы архитектор Фредрих Янның жобасымен салынып бітіпті. Алғашқы қойылым осы жылдың 29 желтоқсанында өтеді. Еуропадағы ең көне ғимарат мемлекет қарауында. 580 орындық цирктің амфитеатрында және 450 орын бар. 

1909 жылы Рига қаласында өтетін чемпионатқа Қажымұқан арнайы шақыру алады. Мұнда дүниежүзіне атағы белгілі палуандар түгел жиналады. Кеште парадқа шығар алдында палуан цирктегі бір артист қыздың өз соңынан еріп жүргенін байқап қалады. Шаршы алаңда Қажымұқан алдын ала белгіленген Медведевпен емес, өзі танымайтын біреумен белдеседі. Оны жығып сыртқа шыққанда алдынан әлгі қыз шығып құттықтайды. Бұл кезде Қажымұқан атамыз 26 жаста екен. Міне, осы кездесуден соң-ақ бабамыздың жүрегіне шоқ түседі. Чемпионатта Қажымұқан атамыз бас бәйгені жеңіп алды. Жүрек пердесінің нәзік қылын қозғаған Надежда Николаевна Чепковскаяның (Бәтима) да осы жолы жүрегін жаулайды. Цирктің белді де беделді актрисасы Надежданы бастықтары жібергісі келмейді. Алайда, қол ұстасқан қос ғашық Омбыға бірге аттанады. Небір алпауыттармен белдесе жүріп «жағым сынса да, сағым сынбасын» деп ойлаған балуан бабамыздың тілегі қабыл болған жерді біз махаббат мекеніндей елестеттік. Күш атасының әруағы бір аунап түскен болар.
– Осыдан соң қызылордалық Орман Түктібаевтың жерленген жеріне бардыңыздар ғой.
– Ия, солай. Жоғарыда айтқанымыздай, бір сапар барысында бірнеше жәйтті қамтып кетуіміз керек. Осы сапарда Қызылорда облысы Қазалы ауданының тумасы, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, пулемет бөлімшесінің командирі, сержант, Прибалтика майданы, 3-ші екпінді армия 391 атқыштар дивизиясы 1280 атқыштар полкінің құрамында болған Орман Түктібаевтың бейіті басына баруы да жоспарланғанбыз. Кеңес Одағының Батыры Орман Түктібаев атамыз Латвияның Лудза ауданы Нерзкое деревниясына жерленіпті. Батырға арнап құран бағыштадық. 300 шақырым жердегі батыр бейітіне бізді ізшілер бастап барды.
Осы сапарда мен Латвия жерінде көптеген көпір салған Ғұбайдулла Әзірбаев туралы естідім. «Латвия Республимкасының еңбек сіңірген құрылысшысы», «Құрметті теміржолшы» атанған Ғұбайдулланы олар құрметпен еске алып отырады екен. Міне, көрдіңіздер ме, біздің қазақтар қандай болған?
Қасымбек атамыздың сүйегі елге жеткізілген соң Шымкент қаласындағы «Даңқ» мемориалында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті, С.Рақымов атындағы республикалық әскери мектебі, облыс ардагерлері, қоғамдық ұйымдар мен студент жастардың қатысуымен қаралы митинг өтті. Сосын марқұмның сүйегі туған жері Төлеби ауданы, Қарақия ауылына апарылып, мұсылмандық жөн-жоралғымен жерленді.
Иә, көңіл дегенің мейірімнен су ішеді. Мұның барлығы еліміздің бауырмалдығы, бірлігі үшін жасалынып жатыр. Отан алдындағы адалдық пен сүйіспеншілік барда еліміздің іргесі беки түседі. «Саналы елде – сауыт бар, санасыз елде – қауіп бар» дейді дана халқымыз. Біздің сауытымыз – саналықта.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген
Сабырбек ОЛЖАБАЙ.

 

Последнее изменение Среда, 22 Октябрь 2014 09:56
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.