–Елімізде баспана мәселесі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе жастарды баспанамен қамту үкімет назарында. Жалпы жыл соңына дейін Шымкент қаласы бойынша 29 жасқа дейін жұмыс істейтін жастар бағдарламасымен 857 азаматты жалдамалы пәтермен қамту жоспарланған. Алғашқы кезең бойынша 211, екінші кезеңде 286 азамат тұрғын үймен қамтылды. Қазіргі таңда келесі кезең құжаттарын қабылдау басталды, – дейді басқарма басшысы.
Бағдарламаға қатысуға өтінім берушінің соңғы екі жылда республика аумағында иелігінде тұрғын үй тіркелмеуі тиіс. Шымкент қаласында соңғы екі жылда тұрақты тіркеуде болуы, сонымен қатар соңғы алты айдағы табысы 40 АЕК (122 520 теңгеден) асуы шарт.
Бағдарламаға қатысушылар «kezekte.kz» электронды порталында ЭЦҚ арқылы өтініш беріп, сұрақтарына да жауап ала алады. Бұл баспананы берудегі басты мақсат — жұмыс істейтін жастарға жеке баспана алуға қаражат үнемдеуге мүмкіндік бере отырып, жастарды қолдау. Жастар бағдарламасы бойынша сатып алу құқығынсыз жалға берілген пәтерлерді жастар 5 жылға дейін жалдап тұра алады.
С. ЖАМАЛДИНОВА