Студенттер ертегі кейіпкерлерін сомдап, психология ғылымының патшайымы түйсік, қабылдау, эмоция, қуаныш сынды нөкерлерімен келіп, әдемі креативті шоу көрсетті.
– Білімі мен мəдениеті төмен, ой-өрісі тар адамдар қоғамның негізгі қозғаушы күші бола алмайтыны белгілі. Сондықтан оқу ордамыздан осындай пайдалы орталықтың ашылып жатқанына қуаныштымын. Психология – қазіргі қоғамда маңызды сала. Бұл саланы меңгеруде кез келген студент болашақ мамандығына қарамастан, басқа адамдармен қарым-қатынаста психологиялық ойлануды үйренуі қажет, - дейді жиында сөз сөйлеген Жұмабек Тәшенев атындағы университеттің негізін қалаушы Оңалбай Аяшев.
Оқу орнының «Педогогика және психология» кафедрасының меңгерушісі Мадина Байбекованың айтуынша, орталық келешекте білім алушылардың көңіл-күйіндегі өзгерістерді қадағалап, қалпына келтіріп, оқытушы-профессорлық құрамның да күйзеліс төзімділігін сақтап, жұмыс қабілетін арттыру мақсатында ашылған. Сонымен қатар орталыққа мектеп оқушылары да келіп, тегін кеңес ала алады.
– Эмпатия – бұл басқалардың эмоционалды жағдайына саналы түрде жанашырлықпен қарау, олардың өздерін қалай сезінетінін түсіну және жанашырлық білдіру. Біз осы орталық арқылы шәкірттерімізді бауырмалдық пен жанашырлыққа тәрбиелейміз, – дейді М.Байбекова.
Аталған жиынға Шымкент қаласындағы колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.
С. ЖАМАЛДИНОВА