Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылының ашылу салтанаты өтті.
Онда Президент жас буынды Жастар жылының басталуымен құттықтады. Президент өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған іс-шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керегін айтты.
Жиынға барлық өңірдегі жастар онлайн режимде байланысқа шықты. Мегаполис мәртебесін иеленген Шымкент қаласының 100-ге жуық жалынды жастары қала әкімдігінің ғимаратында бас қосып, Елбасы қатысқан салтанатты жиынды тікелей эфирде тамашалады.
Онлайн режимдегі тікелей байланыс кезінде Шымкент қаласындағы ЖОО-ның студенттері, өнер, ғылым, бизнес, спорт және т.б. саладағы үздіктер жиналды. Іс-шара соңында жиынға қатысушылар жастардың бәсекеге қабілеттіліктің негізгі факторы екенін тілге тиек етіп, замандас өскелең ұрпақты әрдайым белсенді әрі отансүйгіш болуға шақырды.