Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы А.Қаныбеков, «Shymkent» ӘКК» АҚ төрағасының орынбасары Р.Ерменбеков түркиялық «Uyanik Yataganli» компаниясының өкілдерімен кездесті.
Бұл компания Түркиядағы ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын жетекші компания. Жиында компания өкілдері ауыл шаруашылығы техникалары өндірісін Шымкент қаласында іске қосу жоспары туралы хабарлады.
Басқарма басшысы А.Қаныбеков қонақтарға Шымкент қаласының инвестициялық климаты мен инвестициялық мүмкіндіктерін, мемлекет тарапынан инвесторларды қолдау бағдарламаларын таныстырды және аталған жобаны агро-индустриялық аймақта іске асыру мүмкіндігін атап өтті.
Компания өкілдері Шымкент қаласының және еліміздің ауыл шаруашылығы техникаларына сұранысы бойынша талдау жүргізіп жатқандарын мәлімдеді. Басқарма басшысы бұл бағытта үшінші мегаполисте егілген дақылдардың түрлері мен көлемі бойынша ақпарат ұсынып, компания өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Кездесу нәтижесінде тараптар жобаны іске асыру бойынша тығыз жұмыс істеуге келісті.