ПАРТИЯ ХАЛЫҚҚА АШЫҚ ӘРІ ЖАҚЫН БОЛУЫ ТИІС Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті Избранное

Пятница, 23 Август 2019 04:50 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 1254 раз

«Алға ілгерілеу үшін жетекші саяси күштің, қоғамның бірлігі қажет». Елордада өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Алқалы басқосуға Саяси кеңес Бюросының мүшелері, Үкімет мүшелері, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракция өкілдері, партияның өңірлік филиалдарының басшылары және олардың орынбасарлары, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты. Кеңейтілген отырыста күн тәртібіне сәйкес партияның сайлауалды бағдарламасы мен съездерде қабылданған шешімдердің орындалу барысы, партия жұмысын жаңғырту және Саяси кеңес Бюросының құрамына өзгерістер енгізу мәселелері талқыланды.

400

 

«NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ 7 СЕРПІНІ

Елбасы ел дамуының стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін партияның қоғамды жұмылдыру үдерісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
– Партия проблемаларды нақты шешу жолдарын ұсынып, тиімді жұмыс істеуі керек, сонда беделіміз де артады, халық та қолдайды. Экономика мен саяси даму бағытында көшбасшы атанған елдердің тәжірибесінен сабақ алғанымыз жөн, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. «Nur Otan» партиясының Төрағасы алдағы сайлаудың конституциялық мерзімде өтетіндігін тағы бір мәрте атап өтті.

– Қазір Үкімет пен бүкіл атқарушы билік білек сыбанып, «Nur Otan» партиясы мен жаңадан сайланған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды уәделерін орындауға, адамдардың нақты проблемаларын шешуге тиіс. Ең алдымен, өңірлерде жұртшылықпен тығыз жұмыс істеу қажет, – деді Елбасы.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынды. Атап айтқанда, Елбасы бағдарламаға сәйкес партияның белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту және партиядан лайықты емес мүшелерді шығару үшін шаралар қабылдауды, барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін мейлінше жүзеге асыруды, биліктің барлық деңгейінде партиялық жауапкершілікті арттыруды тапсырды.

– Партияның Мәжілістегі фракциясының жұмысын барынша күшейту керек. Бұл партия міндеттерін орындаудың және атқарушы органдарға ықпал етудің негізгі тетігі, – дей келе Фракцияның мәртебесін көтеру үшін оның жетекшісі лауазымына Мәжіліс Төрағасы Нығматуллин Нұрлан Зайроллаұлын сайлауды ұсынды.
ҚР Тұңғыш Президентінің атап өтуінше, халық Тәуелсіздік жылдарында еліміздің билік партиясы атқарған жұмыстардың барлығын көріп отыр.

399


– Дегенмен, өмір бір орнында тұрмайды. Бәрі өзгеріске ұшырап жатыр. Бүкіл әлемде де саяси партиялар бүгінгі күні жаңа міндеттермен бетпе-бет келуде. Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, тұрақсыздық кезеңінде алға ілгерілеу үшін жетекші саяси күштің ішіндегі, сонымен қатар қоғамдағы бірлік қажет. Онсыз үлкен міндеттерді орындау мүмкін емес. Жаңа саяси жағдайда партияның рөлі айтарлықтай өсе түседі, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

ЗИЯЛЫ ҚАУЫМДЫ РУХАНИ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУГЕ ЖҰМЫЛДЫРУ КЕРЕК

«Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
– Халықпен нақты жұмыс жүргізу қағидатын жолға қою керек. Сайлаушылардың мүддесіне сай келетін бағдарламаларды қолға алу қажет. Бұл – әлемдік тәжірибе. Ал бізде қалай? Қазіргі таңда партия 24 жобамен, 200-ге жуық түрлі есеп берумен айналысып келеді. Оның барлығы – Үкіметтің жұмысы, партиянікі емес. Қаржыны, материалдық ресурстарды сол үшін рәсуа етеді. Сондықтан, партияның барлық жобаларын қайта қарау керек. Олар нақты әлеуметтік топтарға арналуы тиіс. Мемлекеттік органдардың жұмысын қайталамау керек. Партияның жұмысы басқа, - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде партияның өзінде сәтті жобалары барын, олардың қатарында «Ардагерлерді ардақтайық» секілді жақсы жобалар барын тілге тиек етті.
– Көпбалалы аналар үшін «Бақытты отбасы» деген орталықтар ашылуда. Көбейтіп, солардың жұмысын жүргізу керек. Осындай тәжірибелерді жаппай енгізген жөн. Мәселен, «Мирас» қоғамдық кеңесінің әлеуетін пайдаланып, зиялы қауымды рухани мәселелерді шешуге жұмылдыру керек. Зиялы қауым дегеніміз отырып алып, мен жазушымын немесе композитормын деп, тек сынауменен ғана болу керек пе? Зиялы қауым – халықтың алдында жүретін, жол көрсететін бастаушысы болуы керек, - деді Елбасы.

Өз сөзінде партия төрағасы «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын еске алды. «Сондықтан, зиялы қауыммен бірге жұмыс жүргізу керек», - деді ол.

БАРЛЫҚ САЙЛАУЛАР КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ МЕРЗІМДЕ ӨТЕДІ

Жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел ішінде тәртіп бұзылуының салдары туралы ойымен де бөлісті.
– Посткеңестік елдерден бастап Африкаға дейінгі елдерді қарап көріңіз. Саяси тұрақсыздық кезінде бірінші кезекте кім зардап шегеді? Экономика құлағандықтан, халықтың өмір сүру сапасы да төмендейді. Жұмыс істеуге уақыт жоқ – шулап, ортаға шығады. Демонстрация мен шерулер... Тәртіп пен билік жоқ жерде – проблема шешілмейді. Әрбір адамның қауіпсіздігі, елдің тұрақтылығы бұзылады. Өзекті мәселелермен айналысу шетте қалады. Әрқашан шулап жүретін адамдарға тағы да бір айта кетейін, барлық сайлаулар конституциялық мерзімде өтетін болады. Осы тақырыпты жабайық, - деді Н. Назарбаев.

Елбасы сондай-ақ, «Nur Otan» стратегиялық бағыттан ауытқымауы үшін бүкіл қоғамды жұмылдыруы тиіс екендігін айтты.
– Партиямыз дамудың жаңа кезеңіне келіп отырғанын бәріміз түсініп, біліп отырмыз. Заман өзгерді, жағдай өзгерді. «Nur Otan» еліміздің жетекші күші ретінде саяси басшылықты бекемдеп, стратегиялық бағыттан ауытқымауы үшін бүкіл қоғамды жұмылдыруға тиіс. Бұл құр әшейін айтылған сөз емес. Біз Қазақстанның, халықтың ортасындағы елді жетелейтін, елге түсіндіретін ұйымбыз. Егер ондай рөлді орындамасақ, онда біздің орнымызға басқа партия келеді. Сондықтан жауапкершілікті нақты түсінуіміз керек, - деді ҚР Тұңғыш Президенті.

Осы ретте Елбасы партияның 2050 жылға дейін қабылданған бағдарламасында Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсаты қойылғанын еске салып өтті.
– Барлық бағдарламалар соған байланысты. Сол мақсатқа жету үшін жасап жатырмыз. Заман талап етті. Индустриялық, инфрақұрылымдық бағдарламалар, ауыл шаруашылығы, үй құрылысы, медицина, халықты ағарту жұмыстарының барлығы бір мүддеге жету мәселесі. Барлығымыздың ойымыз осы мақсатқа жету болуы керек, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жиында Тұңғыш Президент 2015 жылдан бастап 5 институттық реформа жүзеге асырылып жатқанын айтты.

– Естеріңізге сала кетейін, бұл заң үстемдігі, әртараптандыруға негізделген экономикалық өсім, болашағы бір ұлт, транспарентті әрі есеп беретін мемлекет. Бес бағдарлама деген осыған байланысты. 2017 жылы Парламент пен Үкіметті күшейту үшін билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта қарап, саяси жүйені жаңғырттық. 2018 жылы сайлау заңнамасын жетілдірдік. Мәслихаттардың келесі сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өткізілейін деп отыр, - деді Елбасы.

Сондай-ақ Елбасы «Nur Otan» партиясының белсенді мүшелерін іріктеуді жүктеді.
– Партия барынша барлық бағдарламаларды, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын, сайланған Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсыныстарын іске асыруы керек. Біздің партия осыған жұмылып, орындалу барысын бақылап, Үкіметке әкімдермен бірге өз орындарында есеп беріп, күнделікті мәселелерді шешуі тиіс. Бағдарламалар мен қаржыландыру бар. Жұмыс істеңіздер. Қолдарыңыздан не келетінін көрсетіңіздер. Демек, өңірлерде барынша жұмыс жүргізіп, әрбір адаммен жүкті көтерісу керек. Алдағы сайлауда белсенді әрі лайықты партияластарды ортаға шығару үшін жағдай жасау қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының айтуынша, партия құрамында қазіргі уақытта белсенді азаматтар жоқ емес бар, «бірақ, бүгін ол жеткіліксіз болып тұр».

– Бүгін мен жүйелі түрде партиялық қайта өркендеуді ұсынамын. Оның тақырыбы – «Сенім. Диалог. Болашаққа сенім. Партияның тиісті импульстары». Біріншіден, партияның белсенді мүшелелерін біріктіруі тиіс. Оларды – «ядролық» деп атау керек. Ядролық деген – ядролық бомба емес, белсенді мүшелер деген сөз. Көшеге шығып, шындығын дәлелдей алатындар. 800 мың партияластың ішінде кім өзін белсенді түрде көрсете алады? Шымкентте партияның туын жыртып кеткенде ешкім былқ еткен жоқ. Бәрі отырды. Партия қайда болды? Кейін ғана қалпына келтірілді. Міне, осы кезде белсенділік көрінуі керек еді, - деді Елбасы.

ЖОО-ДАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚ – ҰЛТҚА ТӨНГЕН ҚАТЕР

Алқалы жиында Елбасы жемқорлықпен күресті күшейту мәселесіне де тоқталды.
– Сыбайлас жемқорлықпен күресті барынша күшейту керек. Әлбетте, біз де, агенттік те жұмыс істеп жатыр. Алайда біз бұл күреске халықты тартқан жоқпыз. Сингапурда тәртіп бар: егер мен өз әріптестеріммен бір кабинетте жұмыс істесем, біреу жемқорлыққа барғалы жатса, ол туралы мен айтпасам – сол үшін мені жазалайды. Бізде тіпті ондай психология да жоқ, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жиында Елбасы «Nur Otan» партиясының Мәжілістегі фракциясының қатысуымен Үкіметтің арнайы отырысын өткізу қажеттігін айтты.

– Мұнан Үкіметке тек пайда бар. Және де шешілмеген мәселелерге басымдық бере отырып, жұмыстардың нәтижесін жария түрде баяндау керек, - деді Елбасы.
Қазақстан Тұңғыш Президенті «Nur Otan» партиясы мен Үкімет бірлесе жұмыс істеуі қажеттігін баса айтты.
– Біз бір ортақ мәселені – қазақстандықтардың әл-ауқаты мен еліміздің Тәуелсіздігі мақсатын шешеміз. Бөліп-жаратын ештеңе жоқ. Мұндай шешімдер халықтың мүддесі үшін, халық үшін қабылданады. Демек, бұл мәселелерді бірлесіп шешуіміз қажет, - деді Н.Назарбаев.

Елбасы Қауіпсіздік кеңесінде жоғары оқу орындарындағы жемқорлық мәселесі қаралатынын мәлім етті.
– Көптеген жоғары оқу орындарында емтиханды ақшалай сыйлықақыға тапсыратындығын барлығымыз да білеміз. Мұндайдың оқуға түсетін кезде болғанын білетін едік. Әдетте сессия кезінде сынақ пен бағаны сатып алатын еді. Студенттерге жатақханада орындарды бөлу, басқа да өмірлік проблемаларды шешу барысында пара беруге мәжбүрлейді. Бұл жастар тарапының барынша наразылығын туындатады. Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде Қауіпсіздік кеңесіне арнайы топтармен бірге университеттерді ішінара іріктеп алып, осы мәселені зерделеуді және оны Қауіпсіздік кеңесінің талқылауына шығаруды тапсырамын, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының айтуынша, Қауіпсіздік кеңесінің талқылауынан кейін нақты шешімдер қабылданатын болады.

– Жастардың өзі де жемқорлыққа қарсы әрекеттерге белсенді түрде қатысуы тиіс. Сатып алынған білім, ақшаға алынған сынақ не болады? Мұнан кейін қандай мамандар аламыз? «Назарбаев Университетінде» ешкім де емтихан, сынақ үшін ақша ұсынбайды. Оның не екенін де білмейді. 10 мың жасымыз батыстың үздік университетінде білім алды. Солар ол жақта кімге сынақ үшін пара бергенін айтып көрсінші, - деді ҚР Тұңғыш Президенті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев университеттерде 10-20 жыл отырған ректорларды ауыстыру қажеттігін де айтты.

МӘСЛИХАТТЫҢ КЕЛЕСІ САЙЛАУЫ ПАРТИЯЛЫҚ ТІЗІМ БОЙЫНША ӨТЕДІ

– 2018 жылы сайлау заңнамасын жетілдірдік. Мәслихаттың келесі сайлауы Мәжілістегідей партиялық тізіммен өтеді. Жекелеген оппоненттердің немесе блогерлердің мерзімінен бұрын Парламент сайлауында мажоритарлық жүйесіне оралуды және тағы басқаларды ұсынып жатқанын естіп отырмыз. Бүгін мұндай сөз сөйлеушілерге жауап беру қажет, - деді Елбасы.

Қазақстан Тұңғыш Президенті сайлаудың мажоритарлық жүйесіне көшуді қолдап жүргендердің нақты ұсыныстары жоқ екендігін баса айтты.

– Бұл жерде негізді аргументтері жоқ. Билікті сынап сөйлегендері бос сөз ғана. Тым болмаса біреуі қалай істеу керектігін ұсынып, қалай жасау керектігін көрсетсе ғой. Демократияның шамшырағы деп жүрген Еуропадағы 30 дамыған елдің қатарына кіретін мемлекеттердің 63 пайызы сайлауды пропорционалды жүйемен өткізеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының айтуынша, мажоритарлық жүйедегі сайлау негізінен Азия елдеріне тән болып келеді.

– Яғни, пропорционалды жүйе үздік әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келеді. Саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға септігін тигізіп, толықтай алғанда саяси партияның қызметін жандандырады, - деді еліміздің Тұңғыш Президенті.

БАҚ-ТАҒЫ СЫНИ МАТЕРИАЛДАРДАН СЕСКЕНУДІҢ КЕРЕГІ ЖОҚ

«Nur Otan» партиясы өзінің ақпараттық стратегиясын қайта қарауы керек. Жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осындай мәселе көтерді.
– Партия алға қарай жылжитын, ақпараттық, идеологиялық саясатты жүргізуі тиіс. Бүгінгі таңда медиада шынайы бейнені бұлдырататын арналар көбейіп барады. Жай ғана қайдағы бір сұрақты лақтырады да – шындыққа сай келе ме, жоқ па біліп алыңдар дейді. Кейін партияның толық медиатобы, телевизиялық арнасы, газеттері – аузын жауып отырады. Біздің орталық ақпараттық арналар да аузын ашпайды. Бұрын мен керісінше, маған ақша төле, әйтпесе сен туралы жаман жазамын деген редакторларды жазалайтын едім. Әкімдер осы үшін ақша төлейтін. Ал қазір егер сен бірдеңе жазсаң, біреу арқылы сені жұмыстан шығарамын деген бопса пайда болды. Біз оны білеміз. Егер осындай жағдай тіркелсе, қандай лауазымда болса да, жұмыстан шығарамыз. Кім болса, ол болсын, - деді Елбасы «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.

Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі таңда кез келген мәселені республикалық деңгейдегі проблема етіп көрсету жағдайы белең алып бара жатқанын айтып өтті.
– Интернет оған көмектесіп жатыр. Ешкім жауап бермейді. Партия жала жапқаны үшін жауапкершілікті күшейту мақсатында заң қабылдау бастамасын көтеруі тиіс. Ешкім ешкімге істі абсурдқа дейін жеткізу құқығын берген жоқ. Дәстүрлі БАҚ позициясынан айырылып барады. Дәурен Абаев осы мәселе бойынша ойланып, жұмыс жүргізуі керек. Телефондық құқық болмауы тиіс. Шенеуніктер редакторларға қысым көрсетеді. Әртүрлі жолдармен сыни материалдардың жолын кеседі. Осыдан кейін қоғамдық санада балама шынайылық қалыптасады. «Nur Otan» сол себепті, өзінің ақпараттық стратегиясын қайта қарауы керек. Партиялық БАҚ шынайы әрі жедел ақпараттың көзіне айналып, оза жұмыс жүргізуі тиіс. Ең дарынды адамдарды тартып, тиісті айлық төленуі керек, - деді Елбасы.

ҚАЛАҒА КӨШТІ ТОҚТАТУ МҮМКІН ЕМЕС

Жергілікті мәслихаттар өздеріне берілген құқықтарды пайдалануы қажет. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев кеңес отырысында былай деді:
– Бүгінгі күні мәслихаттар өңірлердің дамуына шынайы ықпал ететін тетіктерге ие. Заңнамаға сәйкес олар бюджетті, жергілікті даму бағдарламаларын бекітіп, бюджет қаражатының жұмсалуын бақылай алады. Әкімдерге сенімсіздік таныту құқығына да ие болып отыр. Біз бұл құқықтарды қай жерде пайдаландық? Қазір әкім мен фракция төрағасы бір адам болған кезде тәртіп болмайтындығы айтылуда. Бөлу қажет.

Мен қазақтың жағдайын білемін ғой. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды. Содан тағы келіспеушіліктер туындайды. Ал егер оны жасамайық десек, әкімдер неге жұмыс істемейсіздер? Партия өз алдына, менің жұмысым мына жақта өз алдына. Егер ондай болатын болса бер басқа адамға, партияның төрағасы емеспін деп шық!

Осы ретте ҚР Тұңғыш Президенті барлық деңгейдегі әкімдерге партия жұмысына апта, ай сайын көңіл бөліп, беделін арттырып отыру қажеттігін ескертті.
–Егер шындығын айтар болсақ, фракциялардың көпшілігі бүгінде тиімсіз жұмыс істейді. Бюджет қабылданбастан бұрын мәслихатта қаралуы керек. Фракция жергілікті бюджетті мақұлдауы тиіс. Содан кейін барып қабылдауы қажет. Алматыда қолға алып едік, дұрыс болды, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ауылдарда жұмыс орындары ашылып, жағдай жасалса – халық ауылда қалары анық. «Ауыл – ел бесігі» жобасы жайлы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
– Өздеріңіз білетіндей, мен «Ауыл – ел бесігі» жобасын әзірлеуді тапсырдым. Тәжірибе жүзінде бұл жоба әлеуметтік инфрақұрылым жасаумен ғана шектелді де, сонымен қалды... Бұл – маңызды мәселе, бірақ жобаның басты мақсаты – ауыл жастары үшін жұмыс орындарын ашу, оларды ауылдарда тұрақтату. Ауылда ертең кім жұмыс істейді? Үкімет осы мәселелермен айналысып, тиісті шараларды қолға алуы керек. Қазір урбанизация жүріп жатыр. Қалаға көшті тоқтату мүмкін емес. Егер де нақты жұмыс орындары ашылатын болса, жағдай жасалса – адамдар ауылда қалып жатыр. Кейбір адамдар қаладан ауылға қайта көшуде, - деді Елбасы.

МӘЖІЛІС ПЕН МӘСЛИХАТТА ЖАСТАР КӨБІРЕК БОЛУЫ ТИІС

Нұрсұлтан Назарбаев Мәжіліс пен мәслихат депутаттары арасында жастар көбірек болуы керектігін мәлім етті.
– Партия өзінің жас буынына қашан да зор көңіл бөліп келеді. Төрт жыл бұрын 2020 жылға дейінгі «Жастар Отанға» деген бағдарламаны қабылдаған болатынбыз. Биыл – Жастар жылы деп жарияланды. Алайда, қолдау шаралары жеткілікті дәрежеде күткен нәтижені берген жоқ. Шешілмеген сұрақтар көбейіп кетті. Жемқорлық, баспана мәселесі, жұмысқа тұру – партия бұл мәселелердің барлығын назарына алуы тиіс. «Бес әлеуметтік бастама» аясында жатақханалардағы орындардың жетіспеушілігін шешу көзделген еді. Асқар Ұзақбайұлы (Үкімет басшысы Асқар Мамин) бұл жұмыстың жүргізіліп жатқанын баян етті. Бірақ, жұмысты әлі де күшейту керек. Жатақханалардағы орын жетіспеушілігін шешу қажет, - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен кейін орнынан көтерілген Премьер-Министр жатақхана құрылысы бойынша жұмыс жоспардан артық орындалып жатқанын айтып өтті. Одан әрі Елбасы жатақхана құрылысын субсидиялау бағдарламасына тоқталды.

– Бұрынғы Үкімет жатақхана құрылысын субсидиялау бағдарламасын бастаған болатын. Дегенмен, іс жүзінде ол жұмыс жүрмей қалды. Жеке сектор үшін бұл тартымсыз болып қалды. Неліктен? Анықтау керек. Жастарды сондай-ақ, жұмыспен және оқумен қамтып, әлеуметтік лифттерді қалыптастыру қажет. Біз қала мен ауылға арнап, бұл мәселелердің шешімін қабылдағанбыз. «Ауылға барсаңдар, арнайы мамандық береміз» дедік. Жұмыспен қамтитынымызды айттық. Ауылда жұмыс істегісі келгендер үшін микронесиелер бар. Жұмысы жоқтар микронесие ал да, екі сиыр сатып алып, өзіңді асыра! Артық сүтті сатып, ақша тап! Тамағыңа тап та, қалғанын базарға апарып сат. Біліміңмен істе. Біз істеп жатқан шаруа әлемнің ешбір жерінде жоқ, - деді Елбасы.

Тұңғыш Президенттің айтуынша, жастарды тиімді түрде жұмыспен қамту жүйесінде кемшілік бар. «Бізде нашар жұмыс, жалқаулық бар. Мәжіліс пен мәслихат депутаттары арасында жастар көбірек болуы тиіс. «Jas Otan» – жастарды біріктіруші орталыққа айналуы қажет, - деді ол.

«ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫН БОЛУ КЕРЕК»

Әкімдер мен министрлер орын алған проблемаларға қатысты халық алдына шығып, жауап беруден қорықпауы керек. Бұл мәселеге тоқталған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев:
– Меніңше, орын алып отырған проблема жайында үндемей қалу – жұмыстың ең нашар нұсқасы, – деді.
– Адамдардан тығылмай мән-жайды анықтап, жауапкершілікті мойынға алу керек. Бізде халыққа шығып, бұл сұрақтарға жауап беруден қорықпайтын, проблемаларды шешетін әкімдер де, министрлер де бар, – дей келе күні кеше вице-министр болып тағайындалған Бердібек Сапарбаевтың елмен жұмыс істеу тәсілін үлгі етті.

Елбасы шағын проблемаларды жедел шешу қажеттігіне назар аударды.
– Адамдарды өміріндегі ең кішкентай мәселелер толғандырады. Мәселен, су жоқ. Бұл әкім үшін деңгей емес қой, иә? Сумен айналысудың қажеті қанша? Ал адамдар үшін – бұл өмірінің мәні. Ауылда жол жоқ. Бұл ол үшін – өмірі, ал біздер үшін – болмашы нәрсе. Біз жаһандық мәселелерге құлаш сермейміз. Сондықтан адамдарға жақын болу керек. Партияның қоғамдық қабылдаулары жұмыс істеуі тиіс, - деді Н.Назарбаев.

ӘКІМДЕР МЕН МИНИСТРЛЕР ПАРТИЯҒА ҚАТЫСЫ БАР ЕКЕНДІГІН ПАШ ЕТУІ ТИІС

–...Кейбір мемлекеттік органдардың басшылары, министрлер, әкімдер өзін партиямен бірге екендігін көрсеткісі келмейді. «Nur Otan-ның» барлық мүшесі жария түрде партияға қатысы бар екендігін паш етуі тиіс. Партия төсбелгісін бүгінгі отырысқа ғана тағып келмеу қажет. Малайзияда министрлер, Премьер-Министр, орынбасарлары, барлығы төсбелгі тағып жүреді. Көшеде адамдар мемлекеттік қызметші келе жатқанын көреді. Ал біз ше? Партия мүшесі екендігімізден қорқамыз ба? Онда шығыңыздар, басқасын таңдап аламыз, - деді Елбасы.

«Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның Саяси кеңесі Бюросының құрамына өзгеріс енгізуді ұсынды.
Елбасы атап өткендей, бюроның қазіргі құрамында 11 мүше бар.
– Бұрын айтқанымдай, халыққа барынша жақын болу керек. Шенеунікке тән сипаттан арылған жөн. Сол себепті, жастарға қолдау білдіріп, әсіресе, ауыл жастарын қолпаштап, интеллигенциямен тұрақты диалогты жолға қойған абзал. Сол себепті, Саяси кеңес Бюросының құрамына өзгеріс енгізу ұсынылып отыр.

Н. Назарбаев Мәулен Әшімбаевтың мемлекеттік қызметке ауысқанын, Бақыт Сұлтановтың да министр атанғанын айта келе бюро құрамынан шығып қалған мүшелердің орнына «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қуандықұлы Қыдырәліні енгізуді ұсынды.

Ал «Jas Otan» жастар қанатының лидері етіп Дәулет Кәрібекті ұсынды. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл ұсынысын партияластары бірауыздан қолдап, дауыс берді.