Бұл туралы Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы А. Қаныбеков жыл басынан бергі үш айлық жұмыстардың есебінде мәлім етті.
Басқарма басшысының айтуынша, 2021 жылы ауыл шаруашылығы саласына 16,3 млрд теңге қосымша инвестиция тартылады. 28 инвестициялық жоба іске асырылып, 1500-ге жуық жаңа жұмыс орындары құрылады. 14,6 мың тонна ет, 47,4 мың тонна сүт, 165 млн дана жұмыртқа өндіру жоспарда.
Сонымен қатар, 71,7 мың тонна өсімдік шаруашылығы өнімдері өндіріледі (бидай, арпа, жүгері, көкөніс, бақша, картоп, жеміс).
Атап айтқанда, биыл аумағы 18 гектар жылыжай кешенін (4,8 млрд теңге) құру, 241 гектарды құрайтын қосалқы жерлерге алма бауын егу бойынша 3 жоба (4,7 млрд. теңге), 1700 бас ірі қара мал бордақылайтын 10 жоба (685 млн. тг.) және тағы басқа өндіріс өндіріс орындары ашылады.
Нәтижесінде, жалпы өнімнің көлемі 37 млрд. теңгені құрап, еңбек өнімділігі бір жұмысшыға шаққанда 3 млн теңгеге жетеді деп болжанып отыр.