Момбек Әбдіәкімұлының бұл жаңа кітабында Шымкенттің әлімсақ заманнан күні бүгінге дейінгі тарихына тұтастай шолу жасала келе өткен ғасырларда қалада іске асқан барлық қадау-қадау тарихи оқиғалар молынан баяндалған. Сондай-ақ оның бергі кезеңдердегі өсіп-өркендеуі мен даму жолы туралы толық мағлұматты көңілі ояу жастарға, ғалымдарға, жалпы оқырманға берері мол.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан «Шымкент қаласының тарихы» тәу еткен 30 жылдық тәуелсіздігіміздің жемісі екенін тілге тиек етті.
– Әр кітаптың өз тарихы бар. Алдымен идея туады. Автор оны іске асыру үшін зерттеп, зерделейді. Білмеген дүниелері болса шаң басқан архивтерді ақтарады, бір факті екіншісін теріске шығаратын жағдайлар кездеседі. Сондықтан тарихты жазу, зерттеу, баға беру өте қиын жұмыс. Тарихи кітаптың тұсаукесері тәу еткен тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында өтіп отыр. Тәуелсіздік жылдары басталған тарихты зерттеу Момбек Әбдәкімұлының шығармасымен жалғасын тауып, бір-бірімен сабақтасып жатыр деп айтсақ артық емес, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Ал Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов аталған кітаптың жалғасы болуы керек деген тілегін жеткізді.
– Шаһар тарихы туралы кітаптың тұсаукесері тарихи сәт. Тарихи еңбектердің мақсаты рух қалыптастыру. Халықтың рухын көтеру. Өз тарихын білмеген халықтың болашағы бұлыңғыр. «Қазақтың тарихында қазақ ұялатындай ешнәрсе жоқ». Біз осындай тарихымызды зерттеп, мақтан тұтуымыз керек. Әрбір оқырманның жүрегіне өз еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін ояту нағыз шежіреші, тарихшы азаматтардың қолынан келеді деп ойлаймын. Мыңдаған сағат архивте тапжылмай отырған еңбек. Қаншама көз майын тауысып, кедергілер мен қиындықтарды жеңіп, оқырманға жол тапты, – деді
Бахадыр Мәдәліұлы.
Құнды кітаптың таныстырылымына қатысқан бірқатар зиялы қауым өкілдерінің қатарында тарих ғылымдарының докторы, профессор Әшім Жанысбекұлы, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Бахадыр Айтай, тарих ғылымдарының докторы, профессор Сейдахан Әлібек тағы басқалары бар.