DSC0347

Үшінші мегаполистің «Оңтүстік» индустриялды аймағында еліміздің аумағында, тіпті, Орта Азия бойынша ең ірі «ЕвроКристалл» ЖШС, «KazAlPack»  ЖШС және «Sin Yuan Steel» ЖШС зауыттарының жұмысы қарқын ала бастаған. Карантин кезінде де өндірісін тоқтатпаған кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен қала әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев арнайы барып, танысып қайтты.

Өз жұмысын 2011 жылы бастаған «ЕвроКристалл» ЖШС-і көлемі 150 мл-ден 2 литрге дейінгі әртүрлі формадағы шыны ыдыстарын жасайды. Оны тамақ өнеркәсібі мен фармацевтикада пайдаланады. Тапсырыс берушілер көп. Әсіресе, шарап зауыттары, газдалған сусын өндіруші, жеміс шырындарын шығаратын зауыттардан тапсырыс жиі түседі. Көкөніс консервілеуші зауыттар да осы өндірістің шыны ыдысына зәру.
–Кәсіпорын жылына 200 млн дана бөтелке, банка шығара алады. Зауыт өнімі экологиялық жағынан таза, берік. Зауытымыздың өз зертханасы бар. Онда шыны өнімдерін химиялық, физикалық сараптаудан ұдайы өткізіп отырамыз. Зертхана заманауи құралдармен жабдықталған. Компания өнімдеріне Қазақстанның көптеген қалаларынан, сондай-ақ Қырғызстан мен Ресейден де тапсырыстар түсуде. Қазір кәсіпорында 300-ге жуық адам жұмыс істейді, - дейді зауыттың басшысы Рустам Сухов.

 

 DSC0400 DSC0675

 

Р.Суховтың басқаруындағы тағы бір серіктестік – «KazAlPack» ЖШС-да өндірістік және қойма үй-жайларын салу бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл – Орталық Азия аумағында бірегей жобаны жүзеге асыратын компания. Мұнда алюминий банкалар қақпағымен шығарылады.
–Қазіргі уақытта өндіріске қажетті жабдықтар әкелінуде. Зауыттың жалпы ауданы – 20 000 шаршы метрді құрайды. Жабдықтың өндірістік максималды қуаты жылына 500 миллион банканы құрайды. Зауыт АҚШ-та өндірілген жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген, - дейді компания басшысы.
Жоба аясында сыраны, шырындарды, газдалған және газдалмаған әлсіз алкогольді және алкогольсіз сусындарды құюға арналған түрлі көлемдегі, қақпақтары оңай ашылатын алюминий банкілерін шығару жоспарлануда. Кәсіпорын Қазақстан нарығының 80% - на дейін қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.
Маңызды фактор – экологиялық аспект. Алюминий банкі – әлемдегі ең экологиялық таза және қайта өңделетін қаптама. Алюминий банкалардың жартысынан көбі қайта өңдеуге жіберіледі.
Компания бюджетті қомақты қаржымен толықтыратын, өңірдегі ірі салық төлеуші болмақ. Қазір мұнда 157 адам жұмыспен қамтылған.
«KazAlPack» ЖШС жобасы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қорының қолдауымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қаржыландырылып отыр.
Келесі нысан «Sin Yuan Steel» ЖШС-і де «Оңтүстік» индустриялды аймағының аумағында орналасқан. Кәсіпорын жаңа 250 жұмыс орнын құрған. Бұл жалпы сомасы 18 млрд теңгеге металл прокатын өндіретін жаңа зауыт.
Бұл жоба Шымкент қаласындағы ең ірі металл зауыты болмақ. Кәсіпорын құрылысы 2017 жылы басталып, бүгінгі күні зауыттың 90 пайызы салынып, іске қосу, жөндеу жұмыстары жүруде.
Жоба шетел өкілдерінің қатысумен жүзеге асырылуда. Жарғылық капиталда жеке тұлғалар (ҚХР) – 70%, Қазақстан – 30 пайызды құрайды.
Сондай-ақ, «Sin Yuan Steel» ЖШС-і өз аумағында 90 МВТ қуаттылығымен қосалқы станция салған.
Жаңа зауыт пайдалануға берілгеннен кейін кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 500 мың тоннадан астам дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді. Шығарылатын өнімнің ассортименті: арматура (10 – 32 мм, созба сым (6 – 10 мм), бұрыш (30 – 80 мм), прут (10 – 20 мм), швеллер (6 – 16 мм), және таспалы болат.
Өнімдерді негізінен Орта Азия мен ішкі нарыққа экспорттау жоспарланып отыр.
Қала әкімінің орынбасары Айбек Берікұлы «ҚР Индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 2014-2019 жылдар аралығында жалпы инвестиция сомасы 182 млрд теңгені құрайтын 105 жоба іске қосылғанын айтады. Соның нәтижесінде 7500 жұмыс орны ашылған.
–Алдымыздағы үшінші бесжылдықта 2020-2025 жылдар аралығында 328 млрд теңгеге 35 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның 21-і биыл жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде. Бұл жобалардың бәрі жергілікті Кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. «Бизнеске арналған үкімет» кеңсесінде кәсіпкерлерді қолдау, көмектесу жұмыстары ұдайы жүргізіліп тұрады, – дейді А.Сәттібаев.

АЛМА ӨСІРУДІҢ ҚЫЗЫҒЫ ҺӘМ ШЫЖЫҒЫ

Пятница, 18 Сентябрь 2020 04:30

 DSC8474

Бау-бақша шаруашылығынан пайда бар ма?

Маңдайын күн сүйген күнгейде тұрсақ та, биыл өзімізде өсетін алманың тапшылығы байқалды. Бар болғанымен, бағасы қымбат. Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметінше, Шымкентте соңғы екі жылда 135 гектарға қарқынды алма бағы отырғызылған. «Жергілікті шаруалар өсіретін жеміс қайда кетіп жатыр? Неге алмадан тапшылық сезіледі?» деген ой мазалағаны рас. Алма бизнесімен айналысу қаншалықты тиімді? Қарқынды (интенсивті) бау дегеніміз не? Қаламызда алма өсірумен айналысатын қанша шаруа қожалығы бар? Осы сауалдар бізді көбірек қызықтырды.

 DSC8391Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының мәліметіне сүйенсек, шаһарда бау-бақша шаруашылығын дамыту үрдісі 2015 жылдан бастау алған. 2017 жылдан бастап диқандар қарқынды алма шаруашылығын қолға алған. Нәтижесінде 2015 жылдан бері жаңадан 333,54 гектар алма бағы отырғызылған. Оның 69,34 гектары дәстүрлі, ал қалған 264,2 гектары қарқынды бау.
Қазіргі таңда қала аумағында бұл салада 20-ға жуық шаруа қожалығы еңбек етуде. Солардың бірі – «Д-Сабыр» шаруа қожалығы 15 гектар аумаққа интенсивті бау еккен. Аталған шаруашылыққа басшылық жасайтын Пәрмен Әлдебаевпен әңгімеміз бізді мазалаған сауал төңірегінде өрбіді.

Бау-бақшадан береке тапқан

Пәрмен Әлдебаев 2006 жылдан бері осы салаға қызығушылық танытып, іздене бастапты. Ала шапанды ағайындарды «нағыз диқан» деп білетін таптаурын көзқараспен Пәрмен ағамыз Өзбекстан жағалап, бау егуді үйренудің жолдарын сол жақтан қарастырады. Ташкенттегі Шредер университетінің Қоқандағы филиалына үш жыл қатарынан қатынайды. Төртінші жыл дегенде сол жақтағы профессор танысы: «Біздікі жеке сектор. Сен одан да интенсивті бау егіп үйрен. Ол үшін Еуропаға шық» деп кеңес береді.
– Қарқынды бау егудің қыр-сырын үйрену үшін Еуропаның Түркия, Польша, Италия, Сербия сияқты елдерінің агроаймақтарын араладық. Маған бәрінен де сербиялықтардың әдісі ұнады. Олар жайдары түсіндіреді және барлығын ақшаға әкеп тіремейді. Тәжірибе алмаса жүріп, білімнің жетіспеушілігінен көп артта қалып жатқанымызды түсіндім. Сосын ала шапанды ағайындарды көп біледі деп ойлаймыз. Негізі интенсивті бау бойынша олардан әлдеқайда ілгері дамып келеміз, - деді Пәрмен Әлдебаев.
Иә, білімнің жетіспеушілігі агросалада да аяқты тұсайтыны жасырын емес. Мәселен, Италияның жер көлемі Тараз қаласының жеріндей ғана шағын мемлекет. Онда диқандар жылына 12 мың тонна алма өсіріп, нарыққа шығарады. Кең байтақ елімізде 17-18 тонна бидай өнімін аламыз деп мақтанамыз. Әсілі, біздің мүмкіндігіміз де, жеріміз де жетіп-артылады. Бірақ өнім өндіруде кемшін тұстарымыз жетерлік. Шымқалаға қарқынды бау өсірудің үлгісін алып келген Пәрмен Әлдебайұлы малдың қиын тыңайтқыш ретінде бей-берекет пайдалануға болмайтынын алға тартады. «Оның бетін целлофанмен жауып, бір-екі жыл шірітіп, сосын пайдаға жаратады. Ал бізде тіке апарып, салады. Сосын бау-бақшаны шөп басып кетеді. Оның проблемалары көп. Одан да тыңайтқыш берген дұрыс», – деді сөз арасында.
Алма шаруашылығын қолға алған Пәрмен Әлдебайұлы сербтер бір рет көшет отырғызған жерге, екінші қайта өнім екпейтінін айтады. Өнімділігі азайып кететінін бір кісідей білсе керек. Ал бізде жыл сайын бір жерге көшет дайындай беретін қожалықтар бар.
Интенсивті баудың 200 жылдық тарихы бар. Бұл әдістің ең басты сыры – көшетте. Пәрмен ағамыздың ақтарылып айтқан әңгімесін саралай келе, дихан көшетке алданбаса, жұмысынан ұтылмайтынын ұқтық. «Көп адамдар көшет таңдаудан адасады да, сары дегені қызыл, қызыл дегені көк болып шығады. Арзан көшетке ұмтылады да, салған ақшасы «ауаға» ұшады. Көшет тамырларының да түрлі өлшемдері болады. Солардың ішінде, мәселен, «М9 106» тамыры Голландиядан шығады. Бағасы - 70 еуро. Сосын көшеттің тамыры топырақтың бетінде көрініп жатуы тиіс. Бізде көбінесе адамдар көшеттің тамырын көміп қояды. Ол дұрыс емес. Қаламызда көптеген тәлімбақ бар. Көпшілігі көшетті базардан сатып алатындықтан, өнімі дұрыс болмайды», - дейді дихан кәсібінің нәзік тұстарына бізді де үңілдіріп.
Интенсивті бау демекші, Кеңес кезіндегі баулардың гектарына 450 данадан артық ағаш еге алмайтынсыз. Ал қарқынды бауда жеміс ағаштарын 2500 данадан 4100 данаға дейін отырғызуға мүмкіндік бар. Дәстүрлі баудан он есе көп десек болады. Одан соң бұрынғы бауда бір көшет 7-8-жылдан кейін жеміс беретін. Адам жеміс алам дегенше күтумен-ақ шаршайды. Тұрақты нәтиже беріп тұрмаған соң бір жылдан кейін-ақ мазасы қашады. Көп адам ары кетсе 3-5 жыл істейді, нәтиже болмаған соң орта жолдан тастап кетеді. «Оданша малым жақсы» дейді. Қанша дегенмен, шаруаға жақын ұлт емеспіз бе?!
Ал қарқынды бау үшінші жылдан бастап өнім береді. Бесінші жылға келгенде агроқолдауын дұрыс істеп, дәрумендерін жақсы жеткізсе, шығынның 70-80 пайызын ақтап береді. Алтыншы жылы кеткен шығын толық жабылады. Жетінші жылы таза табысқа шығасыз. Сосын бір келісін 30 теңгеден сатсаңыз да бәрібір. Өйткені, сіз егіп алдыңыз, ары қарай бейнетіңізге жараса болды. Бір ағаш 30 кг алма береді деп есептесеңіз, 30 кг-нан 90 тонна жеміс шығады. Онда да ең жақсы сорттарын аласыз. «6+», «7+» деген сияқты өлшемдері болады. Майдасын санамайсыз. Бұл маманның кеңесі.
Жергілікті халықтың арасында «интенсивті бау 2-3 жыл жеміс бергеннен кейін, солып қалады екен» деген қате түсінік бар. Бұл туралы маманның пкірін білдік. «Жеміс ағашына тура балаға қарағандай әлпештеп қарайсыз. Керекті тыңайтқыш, дәрумендері дұрыс берілсе болды. Топырақтан сынама алып, Шымкенттегі топырақтану институтына алып барамыз. Жерімізге не жетпей жатқанын бүге-шігесіне дейін айтып береді. Адам ағзасына не жетіспесе, бұларға да солай», - дейді кәсіпкер.
Қызу әңгімелесіп шаруа қожалығына жеткенімізді де байқамай қалыппыз. Расында арасы жиі-жиі, қаз-қатар тізілген бірыңғай алма көшеттері. Шетсіз-шексіз аумақ сияқты көрінеді екен. Бұл алмалар былтыр ғана егіліпті. Биыл екінші жыл, ал қарқынды баудың қағидасына сәйкес, бұл бау келесі жылы, яғни үшінші жылға қараған шағында жеміс береді. Сондықтан, қазір «бұл баудың жемісі неге жергілікті халыққа жетпей жатыр?» деп дабыл қағуға әлі ертелеу.
25 гектар аумақты алып жатқан қожалық әу баста игерілмей құр жатыпты. Пәрмен Әлдебайұлы серіктестерімен бірге осы жерге 100 миллион теңге (оның 4 млн 716 мың 34 теңгесі – мемлекеттік субсидия) инвестиция құйып, 2 шақырым жерден жарық тартып, трансформатор қойған. Ал суды сол жерден бассейн қазып шығарған. Бауды да осы бассейннің суымен суғарады. Бір қарағанда аса үлкен боп көріне бермейтін бассейннің суы 15 гектар жерге жететін көрінеді.
Инфрақұрылымнан бөлек, егіс алқабы болған соң техника да керек. Кәсіпкер трактор, жүйектерге қада, темір, сым сатып алған. Енді алмалардың үстін жабатын тор алуы керек. Негізі Сербиядан келген көшеттер -35 градус суыққа да шыдайды екен. Сонша қаражат жұмсалған қожалықтың өзекті мәселелері де жетерлік. Жалпы біздегі кәсіпорындар электр энергиясының тапшылығынан қиналатыны жасырын емес. «Д-Сабыр» шаруа қожалығы әр маусым сайын электр қуатының әр
киловатына 28 теңгеден жалпы 300 мыңға дейін төлем төлейді екен. Ал индустриалды аймақта электр энергиясына 11 теңгеден төлейді. «Мемлекет электр энергиясы бойынша шілдеден бастап күздің ортасына дейін қолдау көрсетсе дейміз. Өйткені, қазір сатылатын жеміс болмағандықтан, сәйкесінше табысымыз да жоқ», - дейді Пәрмен Әлдебаев.
Мұнда алманың «Айдаред», «Ред делишес», «Джонаголд», «Глостер» сынды түрлері бар. Қожалықта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, науқан кезінде жұмысшылар саны көбейеді. Алайда, сол жалдамалы жұмысшыларды тарту қиындық туғызатыны да айтылды. «150 мың теңге жалақы төлейміз. Сонда да келмейді», - дейді қожалық иесі.
– Оңтүстік жұртшылығы тәтті қызыл алманы, солтүстік қазақстандықтар қышқыл көк алманы жақсы көреді. Әр үйдің 1 гектар бауы болса, 60 тоннадай өнім алады. 100 теңгеден сатса, 6 млн теңге табады. Бір жылда бір отбасы 6 млн теңге табыс тапса, керемет қой, - деп Пәрмен ағамыз әр қазақты тым құрығанда есігінің алдына алма өсіруге үндейді. Өзі алғашында Асар шағынауданындағы 6 соттық саяжайын шағын бауға айналдырған. Қожалықтан қайтар жолда «Есіктің алдындағы интенсивті бау қандай болады екен?» деген оймен П.Әлдебайұлының саяжайына соқтық. Шағын бауда алма да, алмұрт та, шие де, жиде де, жаңғақ та егіліпті. Алмалары жерге төгіліп жатыр-ау. Біз де ауыз тидік. Дәмі жақсы. Ал көшетін Қытайдан әкелген «Шлан» жидесінің көлемі жаңғақтан да үлкен сияқты көрінді. Оны бағбан Күншығыс елінен тәжірибе үшін әдейі алып келіпті.

Без имени-1Алтайдың алмасы

Иә, адамның қолы гүл ғой?! Шымкенттен бес шақырым жердегі Қасымбек датқа ауылының тұрғыны Алтай Жаппаров ауласындағы 20 соттық жеріне өз қаржысына 100 түп алма егіп, сол төңіректі жемісімен қамтамасыз етіп отыр. Өмірін де, алма бағын да еңбегімен көгерткен ол жеміс ағашын егуді 2002 жылы бастаған. Бастапқы екі жылы өсіп-өнуге кеткенін, үшінші жылдан өнім алғанын есепке алсақ, Алтай Сабырұлының алма бағының жап-жасыл боп жайқалып тұрғанына 15 жылдан асыпты. Өзінің айтуынша, алма ағашының әр түбі 100-120 кг жеміс береді. Бірақ, 100 түптің барлығы бірдей жеміс салмайтын көрінеді. Елуі бір жылы, қалған елуі екінші жылы алмасып өнім береді екен. Сонда 50 түптен әр маусымда 200 мың теңгеден жоғары табыс табады. Диханшылықпен хобби ретінде айналысатын азаматтың негізгі жұмысы басқа салада.
Алтайдың алма бағында алманың түрі көп. Онда Қырғызстаннан алып келген «Крепсон», Алматының «Алматинский голден» және «Апорт», Сарыағаштың «Ронетка» деген тәтті алмалары бар. Бұл алмалар сатқаннан бөлек күтіп-баптауға кеткен шығындарын да жабады. Демек, есігіңіздің алды игерілмей бос жатса, алма егіп, айтарлықтай табыс тауып отырсаңыз болады.
А.Жаппаровтың алма бағына қызығушылар көп. Көршілері де өз ауласын кішігірім баққа айналдырып, жемісін жеп жүрген жағдайы бар. Оның үйіне келген көрші-қолаң, таныс-тамырдың сөмкесі бос кетпейді. Алма арқалатып жібереді. Ал өзі осылайша жақын-жуықтың алғысын арқалап жүр.
Ал алмасының бағасы қаладағы көтерме сауда базарларынан әлдеқайда арзан. Ол жақтарда 300-400 теңгеден саудаланса, Алтайдың алма бағынан келісін 150-200 теңгеден аласыз.

Маман тапшы...

20 соттық жерден маусым сайын айына 200 мың теңге табыс тауып отырған бағбан агрономия саласына асқан қызығушылықпен келген. Әйтпесе, негізгі мамандығы - қаржыгер. Жоғарыда сөз еткен Пәрмен Әлдебайұлының мамандығы да агроном емес. Екеуі де «жерге еткен жақсылық жерде қалмайды» деген ұстаныммен өмір сүріп, алма өсірудің қызығы мен шыжығын бір кісідей татқан адамдар. Сыртқа оңай көрінгенімен, алма өсірушілердің де өзіндік проблемалары бар. Бұл осы салада мамандарды даярлайтын оқу орнынан басталады. Елдегі бақ шаруашылығындағы инфрақұрылым мен кадрлардың жетіспеушілігі – күрмеуі қиын мәселелердің бірі.
–Алма өсірумен айналысатын қазақстандық бағбандардың басты мәселесі – білім мен мамандардың жетіспеуі. Жылда еліміздегі интенсивті алма бақтарын дамыту үшін инвестиция және оларға кәсіби күтім қажет. Оған қоса, қазір білікті агрономдардың тапшылығы байқалады. Бұл соңғы 20 жыл ішінде осы саладағы білім беру бағдарламасының жаңартылып, дамымағандығын көрсетеді. КСРО ыдырағаннан кейін ауыл шаруашылық университеттері дәстүрлі бау-бақшаларды өсіру саласында білім беруді жалғастырса, бұл кезде Еуропа мен АҚШ-та интенсивті алма бақтары дамып жатты, - дейді Алматы облысының бағбандар қауымдастығының жетекшісі Арсен Рысдәулетов.
Статистика комитетінің мәліметінше, елімізде сатылатын алманың 50%-ы сырттан келеді. Ал, ішкі нарықты өз алмамызбен қамту үшін бақ көлемін арттыру қажет.
Көзін таба білген кәсіпкерлер үшін алма бағына инвестиция құю – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын табыс көзі.
«Алма бақтары – бұл отбасылық бизнес. Кәсіпкерлер бұл іске басқаша көзқараспен қарайды. Олардың кейбіреулері құйған инвестицияны тезірек еселеп алып, кейіннен сатылымға шығару үшін бақшаны дамытады. Ал, енді бір кәсіпкер ондаған жылдардан кейін балаларының өзі бастаған жұмыстарын жалғастыратындығын біліп, бақшаға көп қаражат бөледі», – дейді сарапшы.
Рас, қарқынды алма бағын өсіру үшін 1 гектарға 50 мыңнан 70 мың долларға дейін қаражат кетеді. Ал, еліміздің әр тұрғыны жылына бір келі алманы тұтынуы қажет. Ол үшін жылына 270 мыңнан астам тонна алма өндіру керек.
«Шымкент қаласының аумағындағы шаруашылықтарда өндірілген алмалар негізінен жергілікті нарықты қамтамасыз етуде», - дейді ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері. Алайда, жергілікті тұрғындардың айтқан шағымынан кейін «қолдағы барды ұқсата алмай отырмыз-ау» деген қорытындыға келдік. Бәлкім, «Егістіктен сөреге дейін» бағдарламасын дұрыстап қолға алу керек шығар. Сонда кәсіпкерлер өз өнімдерін артық шығынсыз және ешбір кедергісіз саудалай алар еді.
Қазақстан алманың отаны саналса да, алма экспорты жөнінен әлемде тек 42-ші орында тұр. Жалпы еліміздегі алма бақ алқаптарының көлемі 34 мың гектардан асады. Бұл көрсеткішті екі есеге ұлғайту үшін сапасы жоғары 3 млн көшет отырғызу керек. Ал оған күнгейдің, жалпы еліміздің климаты қолайлы, күні күліп, суы ағып тұр.

 DSC9557

Отбасы институтын қолдау орталығы ашылды

Еліміздегі Отбасы күні мерекесіне орай Шымкентте «Шаңырақ» отбасы институтын қолдау орталығы ашылды. Қоғамда аз қамтылған көпбалалы отбасылардың күрмеуі көп мәселелері жетерлік.

 DSC9624

Мекеме директоры Фарида Байзақованың айтуынша, бұл орталық – көмекке мұқтаж, қайда барып, кімнен ақпарат аларын білмей қиналып жүрген көпбалалы немесе аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созатын жер. Яғни, кәсіп ашқысы келетінге – кәсіпкерлік, мемлекеттен тағайындалып жатқан жәрдемақы, жеңілдіктер, тұрғын үй мәселесінде – әлеуметтік қолдау , жан шипасын іздегендерге – психологиялық, құқықтық кеңес сұраушыларға – заңгерлік көмек беріледі. Цифрлық сауаттылығын арттырып, нәтижелі жұмыспен қамтып, жан-жақты көмек, қажеттілігіне қарай бағыт-бағдар беріледі. Бұл жердің ең басты артықшылығы – бәрі де «Бір терезе» қағидасымен іске асады. Яғни, енді аз қамтылған отбасылардың өмір сапасы жақсарып, көп балалы аналар қиын жағдайлардан осы орталықпен бірге шығатын болады.
Орталықтың жұмысы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының тәжірибесін негізге ала отырып ұйымдастырылған.
Отбасы күніне орай ашылған ғимараттың жұмысымен танысқан Мұрат Әйтенов өз құттықтауын жеткізді.
– Мемлекетіміздің ең басты мақсаты – әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатын жақсарту. Бүгінгі таңда экономикалық өсімнің арқасында әлеуметтік төлемдердің мөлшері көбейіп, отандық білім берудің деңгейі артып келеді. Қазір қаламыз да күннен күнге көркеюде. Демографиялық көрсеткішіміз артып, тұрғындардың саны 1 миллионнан асты. Күн сайын қаламызда шамамен 70-80 сәби дүниеге келеді. Мереке қарсаңында орталыққа арнайы ғимарат беріліп отыр. Мұнда әкімдікке қарасты басқармалардың мамандары сұранысқа сәйкес кесте бойынша азаматтарға кеңес береді, - деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Меценат, «Береке-А» корпорациясының басшысы Рәшкүл Оспанәлиева: «Көпшілігіміз көпбалалы отбасынан шыққанбыз. Біздің кезімізде мемлекеттен ешқандай жәрдемақы берілмеген. Әр азамат дүниеге перзент әкелген соң жауапкершілігін де сезінсе. Қазіргі таңда жұмыс күші жеткілікті. Құрылыс саласында 50 мың жұмыс орнына адам табылмай отыр. 150 мың теңге айлыққа келмейді. Қазақ жігіттері намысын қайрай түссе екен!.. Көпбалалы әйелін «әкімдікке бар да, талап ет!» деп жіберіп, өзі үйде отыру арға сын. Намысы бар әрбір азамат өз бала-шағасын асыруға міндетті. Ал асыраушысы жоқ отбасылардың балаларына мемлекет көмек беріп жатыр», - дейді кәсіпкер.
Алты баланы дүниеге әкелген көпбалалы ана Қарагөз Алтаева – Нұрсәт шағынауданының тұрғыны. Ол осындай кереметтей орталық ашып бергені үшін әкімге алғысын жеткізді.
Тәжірибелі педагог, ағарту ісінің ардагері Баян Жандосова да осы орталықтан барлық салаға қатысты сұрақтарға «бір терезеден» жауап берілетінін, нәтижесінде аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік жағдайы түзеліп, ажырасу азаятынын, әрбір отбасы мемлекетінің қорғауы мен қолдауын сезінетінін алға тартады. Яғни, түпкі мақсат – аз қамтылған отбасыларға балық беру емес, қолына қармақ ұстатып, олардың санын азайту.
Шымкент қаласында көпбалалы 38 148 отбасы бар. Ал атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар – 26 435 болса, оның ішінде көпбалалы отбасылар саны – 9 428. Әкім жыл соңына дейін осы индикатордың азаюын тапсырды.
Орталық заман талабына сай жабдықталған. Өзін-өзі дамытқысы келген адамдардың ізденуі үшін сөрелерде кітап толып тұр. Бір сәт шәй ішкісі келетіндерге де жағдай қарастырылған. Қан қысымын өлшеуге арналған құрылғы да қойылған. Баламен келгендерге екінші қабатта балаларға арналған бөлме де бар. Бір сөзбен айтқанда, әрбір келуші мұнда мәселесін шешуіне мүмкіндік бар.

 

 DSC9610

 

Мекенжайы:
Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Бәйдібек би даңғылы, 32 а.
Арғынбеков-Бәйдібек би көшелерінің қиылысындағы бұрынғы «Кәсіпкерлікті қолдау орталығының» ғимараты.

ebf139a7-7ef0-4446-805d-2fd27fa0e267

Коронавирус пандемиясы кімге оңай тиді дейсіз?! Қазақстандағы кәсіпкерлерге де салқынын сездірген індеттің соңы коронадағдарысқа әкеп соқтырды. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығына ашылады деп жоспарланған кәсіпорындардың құрылысы кілт тоқтап қалды. Республика бойынша жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 160 жобаны жүзеге асыру жоспарланған еді.

Тіпті, жұмыс істеп тұрған ірі, орта және шағын бизнес компаниялары да тұтынушыларының азаюы, қызметкерлерінің ауыруы және карантиндік шектеулерге орай жұмыс орнына жете алмауынан, шикізат пен импорттық құрылғы алып өтетін шекараның жабық болуы себепті тығырыққа тірелді. Осылайша кәсіпкерлік саласы локдаунға түсті. Бірақ, қараңғы түннің артынан жарқырап күннің шығатынындай, бизнес саласына да жақсы күндер туатын уақыт алыс емес.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауын сезінуі керектігін айтты. Кәсіпкерлерді қолдауға қатысты бірқатар шаралар да қабылданды. Ал Қазақстан халқына жасаған Жолдауында бұл саланы қолдауға қатысты кеңінен тоқталды. «Қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жылға дейін уақыт қажет. Дей тұрғанмен, болашақта көш бастайтын мемлекеттердің бәсекеге түсу қабілеті дәл осындай дағдарыстар мен іргелі өзгерістер кезінде шыңдалады. Қазақстан жаңа әлемде өзінің лайықты орнын алуға тиіс», - деді Президент.
Осы орайда еліміздің үшінші мегаполисі Шымкенттің жағдайының өзге өңірлерге қарағанда едәуір ілгері екенін дәлелдермен айтсақ. Осындайда жазушы Әбіш Кекілбаев «Оңтүстік аман болсын! Бәріміз жабылып Шымкенттің етегінен ұстайық, жағаға өзі алып шығады» деген сөзі еріксіз ойға оралады.
ҚР Индустриалды-инновациялық даму министрлігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, елімізде 2020 жылы жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 160 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалардың барлығы да индустриаландыру немесе кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген. Болжам бойынша республика көлемінде 17 мың жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етуі тиіс болатын. Сол 160 жобаның 30-ы осы жылдың бірінші жартыжылдығында жұмысын бастап кетуі керек еді.
«Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 23,7 млрд теңгеге 900 жұмыс орны бар төрт жоба ғана іске қосылды. Елдегі карантиндік шаралар оларды дер кезінде іске асыру мен өңдеуші саланың инвестициясын игеруге әсер еткені сөзсіз. Бұл бірінші жартыжылдықта 26 жобаның іске асу мерзімінің кешеуілдеуіне алып келді.
Әрбір жобаға сараптама жасалынғанда инвестициялардың 85%-ы – бір ірі өнеркәсіпке салынған салым екені белгілі болды. Жеңіл автокөлік шығарып, 700 жұмыс орнымен қамтамасыз ететін «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС ашылуына 20,3 млрд теңге жұмсалыпты.
Басқа үш жаңа компанияны жұмыс орнының санына (30-дан 120-ға дейін) және инвестиция көлеміне (800 млн-нан 1,5 млрд-қа дейін) қарап шағын деп қарастыруға болады. Ақтөбе облысында қатты ұнтақталған толтырғыш өндіретін «Alina Holding» ЖШС шеберханасы мен мұздатылған жартылай өнімдер өндіретін «Геба» ЖШС зауыты іске қосылды. Алматы облысында «Жетісу Соя» ЖШС мал жемі мен соя майын өндіріп бастады.
Сонымен қатар коронавирусқа орай Қазақстанда мемлекеттік жоспарда болмаған «жоспардан тыс» төрт компания ашылды. Олар жеке қорғаныс құралдарын өндіретін «Bizon» ЖШС, дезинфекциялық құралдар шығаратын тағы үш өндіріс орны: «Топан», «Неохим» және «Sari Suppliers» ЖШС-лары.
Ал Шымкентте 6 мыңнан аса жұмыс орнын құрайтын 125, 6 млрд теңгеге 124 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 69,1 млрд теңгеге 81 жоба іске қосылып, бүгінде 4 мыңнан аса жұмыс орны ашылды. Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысы Береке Дүйсебеков Шымшаһар кәсіпкерлеріне қолдау көптеп көрсетіліп жатқанын айтады. «Мәселен, 200 гектар аумақта «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы табысты жұмыс істеуде. Аймақта 3 мыңнан аса жұмыс орнын құрайтын 90,1 млрд теңгеге 42 жоба іске асырылуда. Бүгінгі таңда 30,8 млрд теңгеге 17 жоба іске қосылып, 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды», - дейді басқарма басшысы.
Мысал үшін 6 шілде – Елорда күнінің қарсаңында 9 инвестициялық жоба іске қосылғанын дүйім ел біледі.
Иә, коронадағдарыс пен карантиндік локдауннан көптеген өнеркәсіп ошақтары жұмысын тоқтатты. Карантин кезінде «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындардың қуаттылығы 2 есеге дейін қысқарған. Алайда, жалпы есеппен алғанда өндіріс көлемі азаймаған, қайта өсім байқалады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биылғы 1-ші жарты жылдықтағы көрсеткіш 2 пайызға дейін еселенген. Кейбір кәсіпорындардың өндіріс қуаты артып, сұраныстары жоғарылаған.
– Бізде көбіне тұрмысқа қажетті тоқыма және тігін өнеркәсібінің өндірісімен айналысатын кәсіпорындар. Олар өз өнімін өткізетін сауда орындары мен нүктелері жабық болғандықтан, өндірісін уақытша тоқтатуға немесе азайтуға мәжбүр болды. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорындардың 80 пайызы іске қосылған. Қалған 20 пайызы жақын күндері жұмысын бастайды», - дейді «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақ басқарушы компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Сариев.
Арнайы экономикалық аймақта орналасқан «AZALA COTTON» ЖШС 2017 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Жіп иірумен айналысатын кәсіпорын жылына 5 600 тоннаға дейін өнім шығарып келген. Алайда, бұл көрсеткіш карантин кезінде біршама төмендеген.
– Бізге көбірек ауыр соққаны жұмысшылардың 50-60 пайызы қала тұрғындары емес, ауданнан қатынағандықтан, карантиндік шектеулердің әсерінен олар жұмысқа келе алмады. Сол кедергі жасады. Сонда да елу пайыз қуаттылықпен жұмыс істеуді тоқтатпадық. Қазір жұмысшыларды қайта әкеліп, жұмысты толық құрамда жалғастырып жатырмыз, - дейді зауыт директоры Бекет Тұрсынханов.
Зауыт бірінші кезеңге жоспарлаған жұмыстарды толығымен аяқтаған. Енді екінші кезеңге аяқ басқалы отыр. Бұйыртса, мұнда мақтадан иірілетін жіппен қатар, синтетикалық сұранысқа ие жіптер де иірілмек. Жоба жанданған жағдайда 200 адамды жұмысқа тарту межесі тұр. Бұл мақсатта орта арнаулы мамандар дайындайтын оқу орнымен арнайы келісімшарт та жасап қойыпты.

Ел аумағында төрт жоба іске қосылса, бір ғана Шымкенттің өзінде 9 бірдей инвестициялық жоба жұмысын бастаған. Бұл салыстырмалы түрде өте жоғары көрсеткіш. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында өндірістік әлеуетімізді толық пайдалану, отандық өндірушілерге жергілікті шикізаттың қолжетімді болуы, кәсіпкерлерді ұйымдастырушылық кедергілерден арылту, квазисектордағы мемлекеттік сатып алудың ашықтығы жайлы жақсы айтылды.
«Кәсіпкерлер мықты қорғанысты сезінуі тиіс. Заңды бизнеске кедергі жасау аса ауыр мемлекеттік қылмыс болып саналады» деген сөз де Президенттің аузымен айтылған-ды. Үшінші мегаполистегі іске асырылған және қайта қосылған жобаларға қарап, олардың «тірілген» тіршілігін көріп, Шымкент коронадағдарыстан қиналмай шығады деген ой түйдік.

Заманға қарай амал бар...

Среда, 09 Сентябрь 2020 05:27

533

немесе кәсіпкер тойханасын мектепке берді

«Қазір тойханалар жабық. Солардың иелерімен сөйлесіңдер. Олардың бірқатарын қосымша білім беру ұйымдарына айналдырай-ық». Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өткен аптада білім саласының есебін тыңдағанда осындай тапсырма берген еді.

Сол кезде білім басқармасының міндетіндегі 4 индикатордың 3-уі, 28 көрсеткіштің 15-і ғана орындалғаны анықталды. Қолға қалам мен қағаз алып, әрқайсысы бойынша нақты ісшара ойластырылды. Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бұл мәселені жақсы зерделепті. Ұсыныс, ой-пікірлерін де қоса айтады.
–Қосымша біліммен қамтылған оқушылардың үлесі» деген көрсеткіш бар. Шымкентте бұл көрсеткіш төмен. Бұл оқушылар бір мезгіл білім алып, бір мезгіл түрлі дағдыларын дамыту үшін ойластырылған, баланың сарқылмас энергиясын өзін дамытуға жұмсату үшін қажет көрсеткіш. Бұл тәжірибе бүкіл әлемде бар, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Қала басшылығының сөзіне сүйенсек, Шымкент қаласындағы мемлекеттік 147 мектептің 19-ы үш ауысымда жұмыс істеп тұр. Оқушылар жыл сайын 12 мың балаға көбейіп отыр. Қосымша білім тұрмақ, негізгі білімді қамту үшін жыл сайын қаншама мектеп салу керек?!
Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында коронавирустың тағы екі жылға созылу мүмкін екенін айтты. Оған дейін қалай болатынын қазір ешкім дөп басып айта алмайды.
Шыңғыс Мұқан келешекте тұрғындар тойды шағын етіп өткізуді әдетке айналдырып, үлкен тойханалар бұрынғыдай сұранысқа ие болмайтынын тілге тиек етті. Оның үстіне, адамдар көпшілік жерге барудан аяқ тартып қалған.
Сонымен Шымкенттегі 134 тойхананың тағдыры не болмақ? Бос тұра бере ме, әлде қоғамға басқалай қызмет ете ме? «Мысалы, маңдайына «Салтанат» тойханасы деп жазылып тұрғаннан, сол ғимаратқа Білім сарайы деп жазып қойса, қандай керемет! Тіпті Білім сарайына иесінің атын берсін», - деген ой айтады Шыңғыс Жұмабекұлы.

 

17 main

 

Шаһар басшылығының осылай дегені сол екен, Нұрсәт шағынауданындағы «Оңтүстік» салтанат сарайының басшысы Есбол Қамбаров сәнді тойханасын мектепке берді. Қазірдің өзінде онда жақын орналасқан №80 мектептің кезекші сыныптарының 530 оқушысы оқиды. Жалпы ғимарат 2500 адамға арналған. Алайда, тиісті органдар тек 500-дей оқушыны оқытуға рұқсат беріпті.
Кәсіпкер мұндай шешімді пандемияға байланысты қабылдапты. Өйткені, карантин кезінде тойхана жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды. Иесі ай сайын 20 млн. теңге шығынға батқанын жасырмайды. Тек асханасы жұмыс істеп, карантин кезінде ауруханалар мен блок-бекеттерге тамақ тасумен айналысқан.
–Тойханада мектеп ашпас бұрын, басқа елдердің тәжірибесін зерттеп, Финляндия, Англия мектептерінде балалар салтанат сарайы сияқты интерьері бар мектептерге баратынын білдім. Бұл қазір кең таралған тәжірибе. Дәл осындай жағдай балалардың мектепке мерекеге барғандай шаттана баруына ықпал етеді. Мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім саласындағы бақылау департаментінен білім беру қызметін жүргізуге лицензия алдым. Салтанатты залдарды сыныптарға ыңғайлап қайта құрдық. Тойхананы мектепке айналдыру кезінде барлық санитарлық нормалар ескерілді, - дейді Е. Қамбаров.
Бұл әкімдіктің тапсырмасымен ашылған мектеп емес. Тойхана иесінің өз қалауы екенін де айта кету керек. Шымкент қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мадина Тұрысбекова жергілікті Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, «Юг House» ЖШС бас директоры Есбол Қамбаровтың 80 млн. теңгеден астам қаржыға халыққа көмек көрсеткенін айтты. Оттегі концентраторлары, ӨЖЖ (ИВЛ) аппараттарын сатып алып, провизорлық орталықтарға берген және тамақтандыруды ұйымдастырыпты. Аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсетіпті. Күні кеше ол Германиядан жеке қаражатына алдырған 35 өкпені жасанды желдетуге арналған аппаратты қалалық №2 ауруханаға тапсырды.
Қазіргі уақытта тойханада салтанатты залдарды сынып етіп қайта құру жалғасуда. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін қосымша 6-11 сынып оқушылары 42 сыныпта оқи алады. Онда 90-нан астам мұғалім еңбек етуде. Керекті жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 300 миллионнан астам қаржы жұмсалыпты.
Кәсіпкер тойханасын мектепке айналдырғанына еш өкінбейді. Ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында жасалған келісімшартқа сәйкес 20 жылға дейін мектептің нысандық мақсаты өзгермейтінін айтты. Яғни, енді «Оңтүстік» тойханасы карантин біткеннен кейін де мектеп ретінде жұмысын жалғастыра бермек. Бұл жобаның тиімділігі сол, кәсіпкер өзіне де, мемлекетке де пайда әкеліп отыр. Мемлекет жаңадан мектеп салу үшін қыруар қаржы жұмсап, оның ішкі-сыртқы шығындарын мойнына алуы керек. Ал жеке ғимараттарды жалға алса, көп қаржы мемлекет қазынасында қалады. Президент жиі айтып жүрген ысырапшылдықтан арыламыз.
– Бұл мектепте оқушылар ақылы және ақысыз сыныптарда оқиды. Ақылы мектептің оқу ақысы айына 100-120 мың теңге көлемінде болады. Балалар таңертеңнен кешке дейін білім алып, күніне бес мезгіл тамақ беріледі, - дейді жеке кәсіпкер. Яғни, кез келген ата-ана мұнда баласын алып келе алады.
...Шымкенттегі «мен» деген зәулім сарайдың мектепке айналарын кім білген?! «Заманды себеп билейді» деген осы-дағы. Коронавирус пандемиясының салдары Қамбаровтай кәсіпкерлерді көзді тарс жұмып, тәуекелдің жел қайығына мінуге итермеледі.
Осы орайда ата-аналар қауымының пікірі екіге жарылып жатыр. Қос тараптың да ойын тыңдай келе басым көпшілігінің баласын үйде онлайн оқытуға мүмкіндігі жоқ екенін бағамдадық. Баласының денсаулығына алаңдаушылар да көп. «Санитарлық талаптар сақталған ба?» деген сауал да қойылды. Дегенмен, әкімдік пен кәсіпкер мұндай қадамға тектен-тек барып отырмағанын ескеру керек сыңайлы.
Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның ойынша, тойханаларды тиімді пайдаланудың жолдары көп. Мәселен, Coworking center, Жастар орталығы, Шығармашылық орталығы, Оқушылар сарайы, IT hub және т.б. мекемелер ашуға болады.
«Айта берсең, тойханаларды жастардың әлеуетін арттыратын орталыққа айналдырудың түрі көп. Мәселен, Алматыда SmART POINT деген сoworking center бар, қазір IT hub-қа айналып кетті. Қазір Қазақстандағы ең мықты IT-жобалар сонда жасалады. Негізі тойханалар, әкім айтпақшы, қосымша білім беру ұйымдарына, жастар орталығы, коворкинг орталықтарға сұранып тұр», - дейді ол.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН.

Үміт өрге тартады. Пессимистік көзқараспен тек теріс ойлай беретін болсақ, кері кететініміз аян. Мәселен, бір үйде мектеп жасындағы 5 бала бар болса, оның бәрінің бір уақытта онлайн оқуға шамасы жоқ.
Нақтысы, ата-анасының да, баласының да мүмкіндігі жетпейді.
Мұны қазіргі күннің мысалынан
көріп жүрміз. Таразының
басында – баланың денсаулығы һәм сауаты. Ал таңдауды әр ата-ана өзі жасайды. .

АБАЙ МЕКТЕБІНІҢ АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУЫ

Среда, 02 Сентябрь 2020 04:06

Биылғы білім күнін Шымкент қаласындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы өте қуанышты нотада қарсы алды. Себебі, аталған мектепке тамыз айында мамандандырылған мектеп-гимназиясы мәртебесі берілсе, екінші басты жаңалық – білім ошағына ұлы ақын Абай Құнанбайұлының есімі беріліп отыр.

701

Шымкентте бейнелеу өнерінің стрит-арт жанрында салынған көше суреттері баршылық. Мұндай суреттер Нұрсәт шағынауданы Арғынбеков көшесі бойындағы көшпелі керуеннің картинасынан бастап көпшілік көп жүретін саябақтарда да кездеседі. Әуесқой суретші Вениамин Шульгин гараждарды стрит-артқа айналдырып жүр. Иә, кәдімгі гараждар мен сарайларға, тұрғын үй қабырғаларына акрилл бояуын пайдаланып, қылқаламмен ғажап суреттер салады.

600

Бірінші байлық – денсаулық десек, бас ауырып, балтыр сыздағанда, сөз жоқ, дәрі-дәрмекке тәуелді болатынымыз түсінікті. Фармацевтика қызметі талайлар үшін табысты нан екені даусыз. Бірақ, бизнес саласының басты бағытының біріне айналған дәріханалардан аттап бассаң аяқ алып жүре алмайтындай болғанымен, коронавирус індеті отандық фармацевтиканың нақты жағдайын көрсетіп берді. Әнебір әзілде айтылғандай, «әжептәуір елу елдің қатарына қосылғалы жатыр едік, парацетамол бәрін бүлдірді».

504

Страница 1 из 31