Шымкент қаласы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Нұрғали Егембердиев осындай деректермен бөлісті.
–Бұл орталық жалпы бір мезгілде 50 адамды қабылдауға арналған. Онда отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға 8 түрлі әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Олардың арасында тегін психологиялық көмек көрсетуден бастап, құжаттарды рәсімдеу мен атаулы әлеуметтік көмек пен өзге де жәрдемақыларды алуға өтініш беруге дейінгі қызмет түрлері бар, - дейді басқарма басшысының орынбасары.
Басқосуды Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, комиссия төрағасы Шыңғыс Мұқан ашып жүргізіп отырды.
Өңірлік комиссия отырысында «Отбасыдағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасының Шымкент қаласында іске асырылу барысы талқыланды. Бұл туралы қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Мөлдір Кеуенова баяндады. Сондай-ақ, ол отбасылық және гендерлік саясатты іске асыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жоспарларын да таныстырып өтті.
Мұнан бөлек комиссия отырысында әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шаралары туралы қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Біржан Әзімбердиев, отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы тұру туралы Шымкент қаласы полиция департаменті жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Жандарбеков баяндады.
Сонымен қатар Қаратау ауданы әкімінің орынбасары, аудандық комиссия төрағасы Ерлан Бекназаровтың осы бағытта атқарған жұмыстары жөніндегі баяндамасы тыңдалды. Шыңғыс Жұмабекұлы Қаратау ауданындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық комиссияның жұмысын сынға алып, бұл бағытқа баса назар аудару қажеттігін ескертті.
Комиссия мүшелері «International Mediation Center» республикалық қоғамдық бірлестігінің уәкілетті өкілі, халықаралық кәсіби медиатор Гүлизат Сейдазованың да атқарған жұмыстары мен ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Жиынды қорытындылаған қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан алдағы уақытта комиссия жұмысын нәтижелі ете түсу үшін ұйымдастыру шараларын пысықтауды және формальді есептерден бас тартып, нақты мәселелерге назар аудару керектігін баса айтты.