Версия для печати

Шымкентте тепкен доп Еуропа қақпаларында туламақ

Среда, 29 Июнь 2016 06:05 Автор  Опубликовано в Спорт Прочитано 3441 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Ордабасы» Еуропа лигасындағы алғашқы кездесуін Белградта бастамақ. Оңтүстіктің командасы Сербияның «Чукарички» клубымен кездеседі. Алғашқы ойын 30 маусымда Белградта, ал қарымта матч 7 шілдеде Шымкентте өтеді.

uefa«Чукарички» – 1926 жылы құрылған. Өткен маусымда Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңінен іркілмей өткенімен, екінші іріктеу кезеңінде Әзірбайжанның «Габаласынан» екі матчта да жеңіліп, турнирден шығып қалған болатын. Команданы 40 жастағы жергілікті маман Милан Лешняк баптайды. Аталмыш белградтық клуб Сербия біріншілігінің соңғы екі жылдағы қола жүлдегері аталады.

Айта кетейік, жуырда ғана Шымкентке арнайы келген Халықаралық футбол Федерациясының өкілдері Қажымұқан атындағы Орталық стадионның жағдайымен танысқан болатын. Нәтижесінде, ойын алаңының халықаралық талапқа сай келмейтін басты 10 кемшілігін анықтаған. Және аталған кемшіліктерді қалпына келтіру үшін қысқа уақыт мерзімін тағайындаған еді. 

Осы орайда Орталық стадион директорының орынбасары Құрманбек Ордабаев бүгінде аталған кемшіліктер бойынша тиісті жұмыстардың атқарылғанын жеткізді. Атап айтқанда, стадионның сол жақ бетіне бояу беріліп, делегаттардың және матч төрешілерінің бөлмесі талапқа сай қайта дайындалыпты. Сондай-ақ, допинг бақылау орны мен пресс-конференция залы да толық қызмет көрсетуге әзір. 

Сыйымдылығы жағынан ел аумағындағы ең үлкен стадиондардың бірі болып табылатын кешенде қазіргі таңда бағаналардағы жарықпен қамту жұмыстары жүргізілуде. Бұл үшін облыстық бюджеттен 212 миллион теңге қаржы бөлініпті. Дегенмен, «Ордабасы» алғашқы айналымнан сүрінбей өткен жағдайда, келесі кезең ойындарын өткізу үшін Алматының орталық стадионын жалға алуына тура келеді. Себебі, қауымдастықтың ресми өкілдері Шымкенттегі орталық стадионның бүгінгі жағдайын тек бірінші ойынды қабылдауға ғана қабілетті деп таныған.
Бақтияр Байсейітов баптайтын «Ордабасы» командасы бүгінде УЕФА рейтінгісінде 319 орында тұр. Сондай-ақ, ел біріншілігінің ХҮІІІ тур ойындарынан кейін әзірге үздік бестікті түйіндеп келеді. Еурокубок ойындары қарсаңында «Ордабасы» бұған дейін Керекудің «Ертіс» футбол клубында ойнаған грузиялық жартылай қорғаушы Гогита Гогуамен келісім-шартқа қол қойды. Десе де, «трансферлік терезе» ашылғалы бері команда капитаны Азат Нұрғалиев өткен жылғы ел біріншілігінің жеңімпазы «Астана» командасына ауысқан болса, шабуылшы Дәуренбек Тәжімбетов ендігі жерде «Тараз» футбол клубының намысын қорғайтын болады.