Азия ойындарында ел қоржынына жүлде салған Шымкент қаласы спортшыларының еңбегi елендi. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, және олардың бапкерлерін марапаттады. Шымкентте спортты дамыту бойынша жұмыстар жандана бермек.
18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Индонезияның Джакарта қаласында өткен Жазғы Азия ойындарына Шымкент қаласынан 36 спортшы қатысқан еді. Сайыпқырандарымыз 13 жүлдемен оралды: 3 алтын, 3 күміс, 7 қола жүлде.
Қала әкiмi спортшыларды жеңiciмен құттықтап, сый-сыяпат жасады. Жеңiмпаздардың бапкерлерi де сыйға кенелдi. Ғабидолла Рахматоллаұлы мегаполисте спортты дамытуда барлық жағдай жасалатынын айтты.
– Маңызды сайыста ел намысын абыроймен қорғап, тамаша нәтиже көрсеттіңіздер. Барлықтарыңызға жанкүйер болдық. Осынау жарқын жеңіспен құттықтаймын. Шымкент – спорт орталығына айналуы тиіс. Бізде спортты дамытуда барлық жағдай бар. Шымкентте әлі көп спорттық ареналар салынады. Қысы-жазы спортпен шұғылдануға, ірі халықаралық жарыстар өткізуге күш саламыз. Үшінші мегаполис атағын алғандықтан, біз спортта да үлкен жетістіктерге жетуіміз керек. Алдағы әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында сәттілік тілейміз, – деді қала әкімі Ғ. Әбдірахымов.
Салтанатты жиында жеңімпаз спортшыларға 1 миллион теңге, оның бапкеріне де осындай көлемде қаржылай сыйақы берілді. Күміс жүлдегерлер 500 мың, қола жүлдегерлер 300 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болды. Олардың бапкерлеріне де сәйкесінше құрмет көрсетілді.
Төрт жылда бір келетін додада Шымкент қаласының спортшылары абырой биігінен көрінді. Әсіресе, көркем гимнастшылар 2 алтынмен елді қуантты. Құрама сапындағы Даяна Әбдірбекова мен Алина Әділханова – Шымкент қаласының көркем гимнастика спорт мектебінің шәкірттері. Ескек есуден Инна Клинова да алтын жүлдені қоржынға салды. Сондай-ақ, Севара Нышанбаева (дзюдо), Эльмир Әлімжанов (семсерлесу), Данияр Юлдашев (каратэ), Мария Дмитриенко (стенд ату), Пирмаммад Алиев (батутта секіру), Дмитрий Коблов (жеңіл атлетика), Ерсұлтан Мұзаппаров (белбеу күресі) сынды спортшылар қола жүлде жеңіп алды.