«Комиссия жұмысын күзде қорытындылайды»
Среда, 31 Май 2023 03:45Шымкент қаласында еліміз бойынша жалғыз саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі жұмыс істейді. Мәдениет мекемесі өткен жылы жаңғыртудан өтті. Қазір музейдің іші де, сырты да жаңа кейіпке енген. Шаһарда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия қарқынды жұмыс жүргізуде. Біз жаңғыртудан өткен музейдің қазіргі жай-күйі және өңірлік комиссия жұмысымен танысу үшін мекеме директорының орынбасары Гүлмира СЕРІКБАЕВАМЕН сұқбаттасқан едік.
Гүлмира СЕРІКБАЕВА, ҚР Мәдениет қайраткері, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары.
– Гүлмира Алдоңғарқызы, алдымен музейдің қазіргі тыныс-тіршілігімен таныстырып өтсеңіз. Жаңғырту жұмыстары қашан аяқталды?
–Бізде күрделі жөндеу жұмыстары 2022 жылы басталды. Жылдың басында демонтаж жұмыстары жүргізіліп, құрылыс желтоқсан айына дейін созылды. Биыл жыл басында жаңғырту жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Жалпы айтқанда, музейдің экспозициясы, негізгі идеясы өзгерген жоқ. ҚР суретшілер одағының төрағасы болған Аманжол Найманбаевтың авторлық туындысы, яғни саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихи тұлғалардың портреттер галереясы өзгеріссіз қалды. Тек қана стендтер ауыстырылды. Ал сырты, аумағы абаттандырылып, көгалдандыру жұмыстарына басымдылық берілді. Су жиналатын қазандығы бар автоматтандырылған суару жүйесі іске қосылды. Сонымен қатар, жаңа жиһаздар әкелінді. Иә, модернизация жұмыстары жоспарға сәйкес іске асырылды.
Алдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай дайындық жұмыстарымыз қарқынды. Бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. 29 мамыр күні Опера және балет театрында «Ғасыр үні» деген қойылымды көпшілік назарына ұсынбақпыз. Оны қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрымен бірлесе қолға алдық. Оған шаһардағы қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ұрпақтарын шақырдық.
Осы мекемеде 8 жылдан бері жұмыс істеймін. Музейге шығармашылық, ғылыми жағынан басшылық етемін. Мемлекет және қоғам қайраткерлері, қарапайым халықтың арасынан саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтарымен тығыз байланыста жұмыс атқарып жатырмыз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні және одан басқа уақыттарда да республика деңгейінде жұмысымыз жалғасып жатыр. Музейдегі 16 480 іс-құжат папкасы әлі де толықтырылуда.
– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жарлығына сәйкес құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Шымкент өңірлік комиссияның қазіргі жұмыс барысынан хабардар етсеңіз.
– Өңірлік комиссияда он бағыт болса, соның біріне өзім жетекшілік етемін. Менің жетекшілігімдегі бағыт – дәстүрлі дін өкілдерінің ақталу мәселесі. Нәтижелі жұмыстарымыз бар. Кеңестік қуғын-сүргін кезеңіндегі дін өкілдері, солар туралы ақиқат әлі де толық айтылған жоқ. Бұл – өте күрделі, тереңдете зерттеуді қажет ететін тақырып. Өткен жылы 8 мыңнан астам құжат зерделенді.
Негізінен, репрессия дін қызметкерлерінен басталған. Сонау 1925 жылдары. Ол кездегі адамдар тек ишан-молдалардың сөзіне құлақ түрді. Ишандар Қазан, Ташкентегі оқу орындарын аяқтаған ілімді, әулиелікке жеткен адамдар ғой. Ол кездерде ишандар өңірді басқарып отырған. Олардың ақыл-парасаты елдің бірлігін сақтау болған. Ұрпақтың болашағына көзінің қарашығындай қараған. Мәселен, Оңтүстік өңірдегі қуғын-сүргінге ұшыраған ең үлкен әулет – Аппақ Ишан әулеті (Мақсұм Сейдахметов әулеті). Олардың әулетінде 30-ға жуық адам қуғынға ұшырапты. Мұны зерттеуімнің барысында бір-бірлеп санап шықтым. Қазіргі деректерге қарап отырсақ, негізінен, сол кезде дін өкілдерін өлтіру, көзін жою тапсырмасы НКВД-дан берілген. Ол жасырын түрде жүзеге асырылды. Біздің өңірімізде де көп дін қызметкерлері қуғынға ұшырады. Қуғын-сүргін құпия жүргізілгеннен кейін ол кісілердің ақталғандары өте аз. Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша саяси қуғынға ұшыраған 100-ден астам дін өкілі анықталып отыр. Таза ишан-молдалармен қатар, олардың арасында шіркеу қызметкерлері де бар.
Менің жетекшілігімдегі топта екі зерттеуші бар. Негізінен, жергілікті ғалымдардың мүмкіндігін пайдаланып отырмыз. Біз жұмысымызды осы жылдың күзінде қорытындыласақ дейміз. Қазір соған дайындық басталып кетті. Зерделеген құжаттардың бәрін Үкіметке жолдаймыз. Жалпы дін өкілдерін ақтау жұмысы өте қарқынды жүріп жатыр. Ай сайын есеп береміз. Президент әкімшілігінде комиссияның республикалық орталығы жұмыс істейді. Таяуда республика бойынша еңбектерді қамтыған 33 том кітап жарыққа шықты. Онда Шымкент қаласына тиесілі, 10 бағыт бойынша жұмысшы топтардың зерттеу материалдары жинағы да енгізілген. Ендігі ретте «Халық жады» деген кітап шығарылмақ. Бұл іске кіріскенімізге де 1 ай болды. Мен өз салам бойынша қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтарымен сұхбаттасып, оны бейнетаспаға түсіру, дайындау жұмыстарына қызу кірісіп кеттім. Бұл кітапты шығарудың мақсаты – халықтың жадындағы естеліктерді сөйлету. Қуғын сүргін құрбандарының ұрпақтары әлі де бар. Ұлы, қызы болмаған жағдайда немерелері арқылы сұқбаттасамыз. Ендігі кезекте бұл материалдар да жаңа кітапқа енбек.
– Шымкент қаласында қуғын-сүргінге ұшыраған тағы қандай ишандар әулеті бар?
– Жақында мынадай бір дерекке кез болдық. Қазіргі Қ.Сыпатаев атындағы №7 орта мектептің директоры қызметін атқарған Тәңірберген Отарбаев деген кісі болған. Бұл – алғашында Ахмет мектебі деп аталған екен. Бұл мектептің алғашқы ұйымдастырушысы, ағартушысы болған Мұса Мылтықбаев деген атамыз да кейіннен репрессияның құрбаны болып, атылған азамат. Ол кісі Т.Отарбаевтан бір жас үлкен әрі туған нағашысы болған. Тәңірберген Отарбаев – негізінен, дін жағынан белгілі адам. Батыр Бауыржан Момышұлының ұстазы, ең қадірлейтін құрметті адамы болған екен. Оның Кенжеқожа дейтін үлкен ілімді ұстазы бопты. Қатынкөпір маңында мешіт-медресе салдырған. Ол кісінің шәкірттерінің бәрі дерлік қуғын-сүргіне ұшырапты. Осы деректің ізіне енді түсіп жатырмыз. Оны Тәңірберген Отарбаевтың қызынан білдік. Ұлжан Тәңірбергенова апа осы әңгіменің басын шығарды. Тәңірберген Отарбаевтың өзі білімді, сауатты осы кісіден алған. Жалпы дін өкілдеріне қатысты мәлімет жинауда тікелей ұрпақтарының, ауыл тұрғындарының көмегі тиіп отыр. Ал, артында іздеушісі қалмағандар туралы мағлұматтар тым аз екен.
Биыл күзде осы жұмысымыз аяқталады деген болжамымыз бар. Дегенмен, жұмыс әрі қарай жалғасын табуы да мүмкін. Ол уақыттың еншісіндегі шаруа. Алда осы комиссияның зерттеу материалдары бойынша үлкен ғылыми конференциялар ұйымдастыру жоспарда бар.
– Қуғын-сүргінге ұшырағандардың нақты саны қанша?
– Жалпы қуғын-сүргіне ұшыраған адамдардың саны – 7277. Солардың ішінен атылғандардың нақты тізімін жасадық. Атылғандар – 2450 адам. Олардың аты-жөні толық белгілі. Бұл мәліметтерді де қайта қарап, зерделедік. Он бағыт бойынша топтардың жұмысы аяқталғаннан кейін, тағы да қорытынды жасалады.
–Әңгімеңізге рақмет!
ЕЛ БОЛАШАҒЫ ОТАНШЫЛ ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛЫНДА
Пятница, 26 Май 2023 04:39Өз елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адам ғана шынайы патриот бола алады. Қазіргі таңда жасөпірімдерді патриоттық сезімде тәрбиелеу, әскерге баруға ынталандыру – жауапты іс. Жастар еліне қорған болуға дайын ба? Бұл көпшілікті ойлантатын мәселе. Таяуда Сайрам тұрғын алабы Е.Юсупов атындағы №104 орта мектептің 10 сынып оқушыларының алғашқы әскери дайындық пәнін жетік меңгергеніне көпшілік куә болды. Тағылымды іс-шарада жоғары сынып оқушылары әскерге баруға дайын екендіктерін аңғартты.
КҮНДЕЛІКТІ ТҰТЫНАТЫН АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ БАҚЫЛАУДА
Среда, 24 Май 2023 05:55Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау, тұрақтандыру бойынша кезекті баспасөз-туры ұйымдастырылды. БАҚ өкілдері, жұмысшы топ алдымен халық тығыз орналасқан Shymcity шағынауданы «Маркет» сауда орталығындағы бағаны бақылады. Онда нан 90 теңге, сиыр еті 2350 теңгеден сатылып жатыр. Сауда нүктесі 2019 жылы ашылған болатын. Мұнда жалпы әлеуметтік бағада 12 тауар түрі бар. Шаһарда бірінші қажетті азық-түлік тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша бірқатар кәсіпкерлік нысандар, сауда желілері, үй маңындағы дүкендер, жергілікті тауар өндірушілермен келісімдер жасалған. «Маркет» сауда орталығының басшысы Ақерке Байтұрсынованың айтуынша, күн сайын дүкенге 250-ге жуық нан жеткізіледі. Күн сайын әлеуметтік бағада 30 кг ет, 1200 дана жұмыртқа сатылады. Алда сауда орталығының үшінші желісін ашу жоспарда тұр.
ЕЛ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТҚАН ЧЕМПИОН
Пятница, 19 Май 2023 04:27Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатының жеңімпазы Махмұд Сабырханды Шымкент әуежайынан жерлестері зор қошеметпен қарсы алды. Іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов, қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, жеңімпаз спортшы білім алып жатқан М.Әуезов атындағы ОҚУ ректоры Дария Қожамжарова, сондай-ақ, спорт мектебінің басшылары, жаттықтырушылар әлем чемпионын құттықтап, құрмет көрсетті. Күтіп алу рәсіміне чемпионның ата-анасы, бауырлары да келген.
«ОРДАБАСЫ» ӨЗ АЛАҢЫНДА ЖЕҢІСКЕ ЖЕТТІ
Пятница, 19 Май 2023 04:25Футболдан Қазақстан Кубогының 1/4 финалдық ойындары аясында «Ордабасы» командасы өз алаңында жеңіске жетті.
BAL TEKSTIL – ШЫМКЕНТТІҢ БРЕНДІ
Среда, 17 Май 2023 04:56Шымкент қаласындағы Көрме орталығында Bal Tekstil ЖШС кілем фабрикасының құрылғанына 10 жыл толуына орай отандық кілем форумы өтті. Отандық кілем өндірісінің дамуына арналған республикалық форумға 400-ден астам бизнес қауымдастық өкілі, кәсіпкерлер қатысты.
ТҰРАН АУДАНЫНДА БИЫЛ 22 КӨШЕ ЖАРЫҚТАНДЫРЫЛАДЫ
Среда, 17 Май 2023 04:53Тұран ауданында инженерлік-инфрақұрылымды дамыту, көшелерді жарықтандыру, әлеуметтік нысандар, балалар ойын алаңшасын салу жұмыстары жоспарға сай атқарылуда. Биыл ауданда 22 көше жарықтандырылып, 22 мыңнан астам тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылады. Ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен танысу мақсатында баспасөз туры ұйымдастырылды.
«Енді соғыс болмасын!»
Пятница, 05 Май 2023 03:55Ұлы Отан соғысының ардагері, батагөй қария осындай ақ тілегін айтты. Жыл өткен сайын қарт майдангерлердің қатары сиреп барады. Олардың әрбір айтқан ғибратты сөзі, өнегелі өсиеті баға жетпес құндылық. Қазіргі таңда Шымкент қаласында Ұлы Отан соғысының 3 ардагері тұрады. Өткен жылы шаһарда 7 ардагер Жеңіс күнін мерекелеген-тін. Қариялар қашанда елдің қазынасы. Жеңіс жауынгерлерінің Отан қорғау мен мен еңбектегі ерлігі өшпек емес.
«Қарттарға қамқорлық үзілмейді»
Биыл Ұлы Жеңіске 78 жыл. Жылдағы дәстүр бойынша қала әкімдігі, мәслихат депутаттары ардагерлердің шаңырағына барып, мерекемен құттықтайды. Ата-әжелеріміздің Отан қорғау мен еңбектегі ерлігі қандай құрметке де лайық.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, елімізде 237 соғыс ардагері қалыпты. Оларға алдағы Жеңіс күніне орай тиісті материалдық ынталандыру қаржысы төленеді. Шымкент қаласы мәслихатының 2019 жылғы 29 наурыздағы шешімі негізінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 360 АЕК көлемінде бір реттік әлеуметтік көмек есепшоттарына аударылады. Яғни, биыл да жергілікті бюджет есебінен 1 242 000, демеушілер есебінен 258 000 теңге, жалпы 1 500 000 теңге қаржы беріледі.
Сондай-ақ, жергілікті майдангерлерге коммуналдық қызметтер төлеміне жеңілдіктер қаралған. Мереке қарсаңында тыл ардагерлеріне 12 АЕК немесе 41 400 теңгеден төленеді. Қалада бүгінде 2183 тыл ардагері бар. Шаһарда қарияларға құрмет көрсету, оларға жан-жақты қолдау іс-шаралары жыл бойы жүргізіледі.
«Ардагерлер – ардақты ерлер»
Шымкент қаласы Қаратау ауданының тұрғыны Мұраталы Төлепбергенұлы мамыр айында 98-ге толады. Өзі әлі тың. Ширақ. 2 ұл, 6 қыздан 10 шөбере, 20-ға жуық немере сүйіп отыр. 1925 жылы 20 мамырда Түлкібас ауданының Жаскешу ауылында дүниеге келген Мұраталы ақсақал 1943 жылы соғысқа аттанып, Брест қамалы, Варшава, Данск, Виссмарк қалалары үшін шайқасты. Қан майдан шебінде жан аямай, ерлік көрсеткені үшін «Ұлы Отан соғысы», «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған.
1950 жылдан 1953 жылға дейін Түлкібас МТС тракторлық бригадасының бригадирі, 1958-1959 жылдар аралығында Калинин колхозында бухгалтер, 1959-1965 жылдары колхоз фермасының меңгерушісі болып істеді.
2014 жылдың желтоқсан айында мемлекет тарапынан Шымкент қаласынан пәтер берілген-тін. Бүгінде перзенттерінің ортасында осы пәтерде тұрып жатыр.
ҰОС ардагері Абылай Қазбаев Тұран ауданының тұрғыны. 1943 жылы Қызыл армия қатарына алынып, Ташкент қаласындағы әскери дайындықтан өтті. 219-ші дивизияның 2-ші гвардиялық-полкінде болған. Харьков, Ворошилов майданында, Беларусь, Латвия, Литва майданындағы шайқастарға қатысты. 1950 жылы әскер қатарынан босатылып, СМУ-4, 1952 жылы Қорғасын зауыты ТЭЦ-2 темірұсташы, машинист-қазаншы болып қызмет етті.
«Батыр шапағаты», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» және бірқатар мерекелік медальдармен марапатталды. Бүгінде 4 немере, 2 шөбере сүйіп отырған бақытты қария.
Әл-Фараби ауданы тұрғыны Мосунова Нина Егоровна 1924 жылы 9 наурызда Татарстанның Урустамак елді мекенінде дүниеге келген. 1942 жыл қазан айында әскерге өз еркімен алынды. Казань қаласында телеграфист мамандығын алып, Горький қаласына ауысты. 1943 жылы Можайск маңындағы соғысқа пулеметші болып қатысты. 1948 жылы ол Қазақстанға, Шымкент қаласына көшіп келді. 1948-1955 жылдары қалалық коммуналдық шаруашылық бөлімінде қызмет атқарды. «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. 2 немере, 5 шөбересі бар.
«Жастар білімді болсын»
Таяуда Мұраталы Төлепбергенұлының шаңырағына бардық. Нұрсат шағынауданы №12 үйде тұратын майдангер бізді қуана қарсы алды. Көпқабатты үйдің алдында күншуақта демалып отырған сәтінің үстінен түстік. 20 мамыр күні 98 жасқа толатын қарт майдангермен аз-кем әңгімелестік.
ҰОС ардагері өзі куә болған тарихтағы зұлмат жылдарды әңгімелеп, жастарды отанды сүюге, білімді болуға шақырды. Батагөй қария еліміздің болашағы жарқын болуын тілеп, ақ батасын берді. Қазіргі жастар бейбітшіліктің, қадірін біліп жүр ме? Қаншалықты елін, жерін сүйеді? Біз осы сауалды қарияға қойдық.
– Шүкіршілік дейміз, қазір Тәуелсіз елміз. Халықтың жағдайы жаман емес. Олардың әл-ауқатын көтеруге әрекет жасалып жатыр. Жастар елін сүймейді деп айтуға болмайды. Қазір әлемдік бәсекеге ілесіп, нарықтың заңдылықтарына бейімделетін заман. Ел азаматтары білімді, отансүйгіш болуы керек. Ендігі кезекте басшы қызметтегі азаматтар халқына адал қызмет етіп, жастарды тәрбиелеуге, жұмысқа, білімге ынталандыруға жұмыс істеуі тиіс. Біз сонау қиын-қыстау кезеңде ұжымшарда еңбек еттік. Егін ектік, мал өсірдік. Халықты асырауға жағдай жасадық. Ендігі кезек – жас ұрпақта. Отандастарым білімді болып, еліміз алдыңғы қатарлардан көріне берсін, – деді ардагер.
Иә, қазір зұлмат жылдар артта қалды. «Өткенге өкінбе, сағымды қума» дейді халқымыз. Халқымыз көп қиыншылықтарды бастан өткерді. Ғасыр жасаған батыр ата ендігі ұрпақтың ондай зұлмат жылдарды көрмеуін тілеп отыр. Берекелі шаңырақтың ұйытқысы болған ардагер еліміздің амандығын тілеп, батасын берді.
«Ұрпақтарымыздың дені сау болсын, өмір жастары ұзақ болып, аман-есен Жеңіс күнінен жеңіс күніне жете берейік. Енді соғыс болмасын! Елімізде береке-бірлік орнасын. Егемен еліміздің іргетасы мықты болып, ұрпақтарымыз бақытты болсын!» деп қадірменді қария батасын берді.
Қанша қиындық көріп, талай зұлматты бастан өткерсе де еңсесі биік, рухты қарияның айтқаны қабыл болғай дедік іштей.