Грек-рим күресінен елордада кадеттер арасында өткен Азия біріншілігінің жеңімпазы Нұртас Қыдырбайға сый-құрмет көрсетілді. Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев жеңімпаз спортшыны қабылдап, сый-сыяпат табыс етті.
4-7 шілде аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өткен күрестен кадеттер арасындағы Азия чемпионатында Шымкент қаласының №15 жекпе-жек спорт мектебінің оқушысы Нұртас Қыдырбай жеңімпаз атанып қайтқан-ды. Нұртас Қыдырбай – болашағынан үміт күттіретін дарынды балуан. 110 келі салмақта белдесетін ол құрлық сайысында қарсылас шыдатқан жоқ. Финалда етжеңді үнді балуанын жеңіп кетті.
Жас балуан №15 жекпе-жек спорт мектебінде 6 жылдан бері жаттығып жүр. Жеке бапкері – Данияр Сәрсенбаев. Бапкері шәкіртінің өте талапшыл, алғыр екенін айтады. Қарсыластарынан жылдамдығы жағынан артықшылығы бар. Елорда кілемінде де шапшаңдығымен қарсыластарынан басым түсті.
Мектеп директоры Ермек Байдуашов та шәкіртіне қолдау көрсетіп қайтты. Бұл мектептің күрес түрлерінен жеңісті дәстүрі бар. Міне, грек-рим күресінен ауыр салмақта тағы бір дарынды балуан шығып отыр.