Версия для печати

Жау оғы дарымаған авиамеханик

Пятница, 16 Январь 2015 04:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4654 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Қартайдым, шаршадым» деп отырған жоқ. Тіпті, бірқатар газет  тілшілерінің есімдерін жаңылмай атап отыр. «Шымкент келбеті» газетін де оқитынын айтып, ерік берсеңіз түрлі тақырыптарда пікірталас жүргізуден аулақ емес. Әсіресе, тәрбие туралы ақыл айтудан жалықпады.

Тілеуімбет ҚожаназаровШымкент қаласында Ұлы Отан соғысының ардагерлері санаулы ғана. Уақыт шіркін олардың қатарын ай санап, жыл санап сиретіп барады. Бір-бір отбасының, қала берді әулеттің қариясына айналған жандардың ұрпағына бейбіт заман тілейді. Жеңістің 70 жылдығы мерекесін көппен бірге тойлауды армандайды.  Қаңтардың 22-не 90 жасқа келетін шымкенттік ақсақал Тілеуімбет Қожаназаров та күндіз-түні Жаратқаннан тілейтіні – бейбіт өмір. Жас кезде сұрапыл соғыстың сұмдығын көрсе де, қартайған шағында әулетінің «еркесі» болып отырған атаның бірі. Оқыған-тоқығаны көп. Облыс, қала әкімдерінің аты-жөндерін жақсы біледі. Күнделікті жаңалықты да құр жібермейді. Қолы қалт етсе, газет-журнал оқиды, теледидар көреді. «Қартайдым, шаршадым» деп отырған жоқ. Тіпті, бірқатар газет тілшілерінің есімдерін жаңылмай атап отыр.  «Шымкент келбеті» газетін де оқитынын айтып, ерік берсеңіз түрлі тақырыптарда пікірталас жүргізуден аулақ емес. Әсіресе, тәрбие туралы ақыл айтудан жалықпады. Сонымен, кешегі бортмеханик, бүгінгі ардагер жайлы әңгімелейік.
...Тілеуімбет Қожаназаров 1942 жылы күзде 18 жасында Қызылорда облысынан әскерге аттанды. Ант қабылдаған соң, Ресейдің Читинск облысы, Онон ауданына жіберілді. Ақсақалдың айтуынша, ондағы 40-50 градусқа жететін аязға өзімен бірге барған өзбек пен тәжік жігіттерінің біразы суыққа шыдамай, қатардан шығып қалған.
– Әскерде авиамеханик болдым. Екі рет соғысқа жібермей қойды басшылар. Айтқан сылтауы – бойым аласа екен. Немістердің бойы ұзын деп қайта-қайта ескертеді. Ол кезде дайындық полкі деген болады, соның 1034-ші запастағы полкында едім. Содан, Иркутскіге жіберіп, дайындықтан өткен соң соғысқа жіберді. Украина, Белоруссия майданында шайқастым. Ұшақта жердегідей емес, тек нысанға бомба тастайсың. Сөйтіп,  Украинаны немістерден азат еттік. 1945 жыл жақындап қалған кезде сәуір айында Сталиннен «Жапонияға екінші фронт ашамыз» деген бұйрық келді. Сонда кеттім. Жеңіске он күн қалғанда «За отвагу» деген медаль алдым. Ұлы Жеңісті біз Жапонияның Харбин қаласында естіп, атап өттік. Елге қайтатын уақыт жақындап, қуанып жүргенімізде, Сталин мен Жуковтан тағы да ерекше бұйрық келді. Онда біздің әскерде тағы да бес жылға қалатынымыз айтылыпты. Ондағы себеп – біздің орнымызға келетін адам жоқ болған екен. Ол кезде бортмеханик болу үшін бір жыл оқысақ, қазір төрт жыл оқиды. 1950 жылдың соңына таман өз елім Қызылордаға оралдым. Нағыз қиындық сол кезде басталды. Әкем дүниеден өткен. Қаңырап бос қалған үйдің бір бұрышында шешем отыр. Әбден қартайған. Я төсек, я жейтін тамақ жоқ. Ол кезде елде қалған  халық қолдағы барды соғысқа жіберіп, өздері нанның орнына кебек жеп күнелтуші еді, – дейді
Тілеуімбет Қожаназаров.
Әскерден келген бойда бес жыл ішкі істер органында жұмыс істейді. Содан соң, Оңтүстік Қазақстан облысына көшіп келеді. Ауылшаруашылығы саласында, Шымкенттегі ет комбинатында бас механик секілді түрлі жұмыстардың басы –қасында жүреді.
Тілеуімбет ақсақал соғыс кезінде екі рет ажалдан аман қалыпты. Жаудың бірнеше метр қашықтықтан атқан оғы жауынгерге тимеді. Ал, екінші оқиға атаның есінен мүлдем кетпейді. Бірде жаралы неміске көзі түседі. Айналасының бәрі қанға боялған. Тапаншаны кезей бергенімде, әлгі фашист ыммен «Өлтірмеші, менің кішкентай екі балам бар» дегендей болды. Жаны ашып, тапаншасын төмен түсірді. Сол кезде артынан келе жатқан кеңес атқышы немістің маңдайынан атып, қолындағы сағатын шешіп алды. Жаудың сағатын таға бергені сол, оны  немістің снайпері қақ маңдайынан атып түсіреді. Сөйтсе, екеуін де снайпер нысанасына алып отырған екен. Тілеуімбет ақсақал екі ажалдан аман қалып, көктегі мен жердегі жаудан қол-аяғы бүтін еліне оралып, бүгінгі күнге жеткеніне тәубе етеді.
Тілеуімбет атаның 10 баласы бар. Ал, Әниша әжей 63 жасында дүниеден озыпты. Екі ұлы да ұшқыш мамандығын алып, бірі – 30, екіншісі – 35 жасында қайтыс болған. Ұлдарының қазасы атаның қабырғасын қайыстырды. Дегенмен, тағдырдың қиындығына мойымай, 22 немере мен 12 шөбере сүйіп, бір шаңырақта қос ұлдың бала-шағасымен өмір сүріп жатыр. Аздап үйінің тарлық еткені болмаса, келіндерінің пейілі кең.

Последнее изменение Понедельник, 02 Февраль 2015 06:50
Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.