Версия для печати

Көгiлдiр экрандағы көркемдiк

Суббота, 05 Март 2016 07:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4230 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Эльмира Тұрлыбек. Бұл есімді облыстың көзіқарақты көрермендері жатқа біледі. Биязылығымен, тұнық әсем дауысымен баураған ол 2005 жылдан бастап облыстық «Қазақстан-Шымкент» телеарнасында жемісті еңбек етіп келеді. Әріптесіміздің әлеміне үңіліп, журналистикаға ең алғаш қалай қадам басқаны жайлы сыр суыртпақтаған едік.

IMG 1312– 8-сыныптан бастап «Айғақ» газетін жиі парақтай бастадым. Сонда 10-сынып оқушысы Жадыра Майлыбекованың мақалалары жиі жарық көріп, бір күні арнайы марапатқа ие болды. Сол кезде «мектеп жасында да жазған мақала-әңгімелеріңді газет бетіне жариялауға болады екен ғой» деген ой келді. Тоғызыншы сынып оқитын кезімде «Келінін ұрған қайын ата» деген мақала жазып, редакция поштасына жолдадым. Бір күні аты-жөнім газет бетінде жарқ ете қалды. Үлкен пікірталас тудырды. Содан кейін жазған-сызғандарым өзге де басылым бетінде жиі жарық көре бастады. Бірақ жүрегім журналистиканы қалағанымен, анам бұл талабымды құптамады, әлеуметтік педагогика мамандығына құжат тапсырдым, – дейді Эльмира Тұрлыбек.
Осылайша асқақ арманы алыстан қол бұлғағанымен жігерін жасытқан жоқ. Бар-жоғы 16 жасында «Айғақ» газетінің табалдырығын аттайды. Тәжірибесінің жоқтығына қарамастан басылым басшысы Дулат Әбіш жұмысқа қабылдап, сенім артады. Бір айдың ішінде компьютердің қыр-сырын, ал бір жылдың ішінде газет беттеуді үйреніп жан-жақтылығымен танылады. Екі-үш күн ұйықтамай жүретін кездері де болды. Тізеден су кешіп, жаңбырлы күні Алматы, Ақтау, Атырау, Орал тағы басқа қалаларға пойызбен газет жөнелтетін. Осылайша, ысылды, тәжірибе жинақтады. 2005 жылы «Қазақстан-Шымкент» телеарнасындағы «Көңілашар» таңғы ойын-сауықтық бағдарламаға тележүргізушілер іздеп жатқанын естіп, байқауда бағын сынап көрмекке бел буады. Өндірістік-тәжірибеден өтуге келген жас журналиске телеарнаның сол кездегі басшысы Қалыбек Атжанның «Қайтпайтын қайсар қыз екенсің. Еңбекқорлығыңды дәлелде, сынақтан өтсең жұмысқа қабылданасың» деген сөзі зор жауапкершілік жүктейді.
– Қалыбек Атжан ағадан бастап, марқұм Есмұхамбет Шынтеков, Ғалым Омарханов, Уәли Қыдыр секілді басшылар мен тәжірибелі тележурналистердің мектебінен өттім. Мықтылардан дәріс алдым. Бейнекамера шынайылықты жақсы көреді. Көрермен көзіңнен сыр ұғады. Өмірімді жазу-сызусыз, бейнекамерасыз елестете алмаймын. Өмірлік серігім менің мамандығыма барынша түсіністікпен қарап, әркез қолдау танытады. Сол себепті алаңсыз шығармашылықпен айналысып, өңір тұрғындарын жағымды жаңалықпен қуантып, бала күнгі арманыма қол жеткізгеніме сансыз шүкір етемін, – дейді тележүргізуші.
Тақырыптың мазмұнына терең бойлайтын, жағымды үнімен жанды баурайтын, ізденуден, үйренуден тынбайтын тележүргізушіге «жолың ашық болсын» дейміз.