Оралхан оқулары жаңа таланттарды танытты

Пятница, 30 Сентябрь 2016 08:45 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5929 раз

Шымкентте еліміздің түкпір-түкпірінен келген көркемсөз оқу шеберлері бас қосты. 18 жылдан бері дәстүрге айналған Оралхан Бөкей атындағы сайысқа облыстық және қалалық іріктеу кезеңдерінің 16 жеңімпазы қатысты.

 MG 7805

 MG 7716Прозалық шығармалардан үзінді оқу және поэтикалық туындыны мәнерлеп оқу бойынша сайысқа түскен оларға жазушы Мархабат Байғұт, қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазықызы,
ақын, «Жұлдыз» әдеби журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, филология ғылымдарының докторы, фольклортанушы Кенжехан Матыжанов және «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп баға берді.

– 1998 жылы бірінші рет тіл мерекесін атап өту жөнінде мәдениет министрлігінде шешім қабылданды. Сол кездегі министр Алтынбек Сәрсенбайұлы қалай өтетіні жайлы ақылдасып, сұрау салғанда Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауын өткізуді ұсындық. Өйткені Оралхан жиындарда бас қосқанда «Өзі де Шұға десе, Шұға-ау» деп Бейімбет Майлиннің шығармасынан шашын қайырып қойып, нақышына келтіріп, үзінді оқитын. Ережесін бекіттік. «Атамұра» баспа корпорациясын басқарып жүрген Мұхтар Құл Мұхамедке қоңырау шалдық. Ол қаржылай қолдау көрсетіп, осылайша 1998 жылы бірінші рет байқау өткіздік. Алғашқы жеңімпаз атанғандардың ішінде бүгінде театр сахнасында ойнап жүрген танымал әртістер бар, – дейді Ұлықбек Есдәулет.

Сонымен байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені (180 000 теңге) Алматы облысынан келген Қадыржан Сабырақын қанжығасына байлады.

 MG 7787

– Мен Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылынан келдім. Бұл жерге келгеннің өзі де жеңіс деп білемін. Қатысушылардың барлығы өз облыстарында дара шығып, үмітін үкілеп келген кіл мықтылар. Жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын. Оралхан Бөкейдің «Атау керек», сондай-ақ, Мұқағали Мақатаевтың «Шәмілге жазған хаттардан» шығармасынан үзінді оқыдым. Сөз өнерін, киесін түсінетін жастардың көп екеніне тағы бір көзім жетті, – дейді жас ұстаз Қадыржан Серікбекұлы.

Ал қостанайлық Айдана Камелге жүлделі І орын бұйырса (150 мың теңге), қарағандылық Айсұлу Нұртай ІІ орын (120 мың теңге), Солтүстік Қазақстан облысынан келген Ақмарал Хехнай ІІІ орынды (100 мың теңге) иеленді.

Белсенді қатысқаны үшін Елдос Құлшаровқа (Атырау облысы), Мақсұтбек Абылайға (Шығыс Қазақстан облысы), Бақыт Мыңбайға (Оңтүстік Қазақстан облысы), Айнұр Қапановаға (Павлодар облысы) ынталандыру сыйлығы (50 мың теңге) табысталды.

 MG 7845

Ал қалған 7 үміткерге байқауға қатысқаны үшін 20 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.

Айта кетейік, бұл байқауды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен «Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» ұйымдастырды.