Версия для печати

«Жалға беріп... жалданғандар берекені қашырды» Избранное

Среда, 19 Сентябрь 2018 05:09 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4577 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттің Т.Айбергенов көшесімен жүріп өтсеңіз, Амстердамның Де Валлен кварталынан өткендей әсер аласыз. Айырмашылығы сол қызыл шырағданымен танылған Де Валлен көшелері тек туристерге арналған. Ол кварталда бұзақылықтың кез келген түрін жасап, көңіл көтеруге болады және бұл Нидерланды бюджетін байытып отырған заңды табыс көзі. Ал Т.Айбергенов көшесінде бәрі басқаша...

DSC 4809

«Қайран менің өз үйім – кең сарайдай боз үйім»...

Күндіз жүріп өткенде «КВАРТИРА» деп жазылған кардон қағазды байқамасаңыз, содан сәл әріректе кілтін сықырлата айналдырып отырған ханымдар сағатқа, тәулікке жалға берілетін пәтердің бар екенін айтып дыбыс береді. Егер ол дауысқа мойын бұрсаңыз, «бізде де бар» дегендей тағы 2 адам қосыла жамырайды. Ең сорақысы оларға жақындағанда басталады. Қазақы әдеп пен имандылықтан әлдеқашан адыра қалып, арын саудалағандар арам төсектің түрлі қызметін ұсынудан мүлде арланбайды. Оларға студент қызын жетектеп келіп, қаладан жалға пәтер іздеген әке жолыға ма әлде ұлымен немесе бауырымен келе жатқан әйел жолыға ма, бәрібір. Көзіне көрінгеннің бәрін нәпсінің құлы деп таниды. Одан бөлек пәтерді тәулікке, сағатқа жалға беруді патенттеп алғандардың көше бойын жағалай орналасқан кеңселері бар. «Пәтерді жалға беру» сынды бетперделі қызметтің арғы жағында тән саудасы жатқаны анық. Алайда, полиция қызметкерін шақырсаң, көшедегі кілтін айналдырғанның бірін де таппайсың. Тырағайлап сол маңдағы дүкен мен дәмханаға кіріп ғайып болады. Ал кеңседегілер мұның бірін де мойындамайды. Жеңілжүрістілердің жауапкершіліктен ылғи құтылып кететінінен жергілікті тұрғындар зәрезап болған.
– Айбергенов көшесі 5 үйде тұрамын. Пәтерді жалға беру біздің Конституциялық құқығымызды аяққа таптаумен тең. Себебі, олар ішкілікке сылқия тойып алған адамдарды, кәмелет жасына толмаған жігіттерді, тіпті жас қыздар мен үлкен жастағы ер азаматтарды сол пәтерге сағат сайын, тәулік сайын әкеліп отырады. Олар келіп кеткен соң дәлізде ине, басқа да лас заттардың қалдығы шашылып қалады. Күндіз-түні у-шу. Қабырға арқылы естілетін дыбыстарға адам төзіп болмайды. Теледидарды бар даусына қойып, кейде тіпті таңғы 5-ке дейін сенделіп далада жүреміз. Берекені қашырғаны соншалықты, үйге қонақ шақыру мүмкін емес. Оларға мұндай іспен айналысуға кім рұқсат берді? Неге жергілікті тұрғындардың пікірі ескерілмейді? Неге көршілерінің келісімін алмайды? «Пәтерді жалға беру» патентін қандай негізге сүйеніп алғанын Салық басқармасынан білгіміз келеді, – дейді зейнет жасындағы Мариям апа.
Бір ғана Мариям апа емес, бірнеше пәтерді жалға беруді кәсіп еткендерге жергілікті тұрғындардың барлығы ызалы. Оның біразы бала баққанымен, перзентіне инабаттылық, имандылық, әдептілік туралы ақыл айтуға мысал таппай әбігер болған ата-ана. Ал біразы балаларына кесірі тимесе деп қорқатын жас отбасы мүшелері.
– Психотроптық заттарды қабылдаған адамда ес болмайды. Титтей баланың болашағына балта шауып, қиянат жасамасын деген қорқынышпен өмір сүремін, – деген Марияның сөзін Шырын апа жалғады.
– Қоғамымыз салт-дәстүр, қазақы менталитеттен әлдеқайда алыстап қалғандай сезінемін. Пәтерімді сатуға қойғаныма көп болды, сұрайтын адам жоқ. Кім тұрғысы келеді мұндай жерде? Ал мына жалға берушілер арзанға алып қалғысы бар. Оларға бермеймін, – дейді ол.

215 пәтерді жалға беріп келген

Т.Айбергенов, Ә.Жангелдин көшелері мен Республика даңғылының тұрғындарынан түскен арыз-шағымдарға байланысты аталған аумақта рейд жұмыстары басталды. Рейдке Әл-Фараби аудандық әкім аппаратының және Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қатысуда. Рейд барысында осы мекенжайда пәтерді жалға беретін 31 азаматша анықталды. Олар көпқабатты 17 тұрғын үйде орналасқан 215 пәтерді жалға берумен айналысып келген. Әл-Фараби ауданы бойынша кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Н.Қаңлыбаев жалға пәтер берушілердің барлығы дерлік машығын патенттеп алған жеке кәсіпкер екенін алға тартты.
–Әл-Фараби ауданына қарасты Т.Айбергенов, Ә.Жангелдин көшелерінің бойындағы рейдтік іс-шара 7 қыркүйекте басталды. Нәтижесінде «Айгүл» аялдамасының қос тараптағы дүңгіршегі жеңіл жолмен пайда тапқысы келетіндерден тазартылды. Жол бойында кілт ұстап, пәтерді жалға беретін ЖК делдалдары азайды. Бірқатарын полиция қызметкерлері жауапқа тартып, хаттама толтырды. Дегенмен, делдалдардың көзге көрінбей бой тасалап жүргені анық. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды қалалық ішкі істер департаментімен және Абай аудандық әкім аппаратымен бірлесіп, алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Нұрлан Кенжебекұлы.
Бөлім басшысының айтуынша, пәтерді жалға берушілер өз істерін заңды деп есептейді. «Үй меніңкі, салық төленген» деген сенімділігі басым азаматшалар одан артық жауапкершілікті сезінбейтін де сияқты. Жеке кәсіпкер ретінде бюджетке салық төлеп отырмын деп ойлайды. Мақұл делік. Рейдтік іс-шараға қатыспас бұрын жасалған журналистік зерттеуге жүгінсек, пәтердің ақысы сағатына 2 мың. 12 сағатқа 10 мың. Бұл орташаның төменгі құны. Элиталық пәтерлер бар, ол қымбаттау. Көрінісі сын көтермейтін арзан пәтерлер бар. Сондай-ақ, жалға берілетін пәтер құны оның бөлмелеріне байланысты да өзгере береді. Пәтерді жалға алғаннан кейін қосымша қызметтердің әрқайсысына бөлек ақы төленеді. Кәдімгі сауда, тән саудасы! 215 пәтерде!

Олар кәсіпкер екен...

Осындай лас жолмен табысқа кенелген жеке кәсіпкерлердің салықты қалай төлейтіні де қызықтырмай қоймады.
Бізді қызықтырған сұрақтардың жауабын Әл-Фараби ауданы мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Ғани Шаймерденұлынан білдік.
– Бізде Ішкі істер басқармасы мен салық департаментінің арасында меморандум бар. Сол меморандум аясында шаһардағы учаскелік полицейлер әр айда бізге тәуліктік жалға берілетін пәтерлерді тіркеуге алу үшін олардың тізімін беріп отырады. Мысалы, Т.Айбергенов көшесіндегі 5 үйде 20 пәтер болса, соның 4-і жалға береді. Осы 4 пәтердің жалға берілетінін учаскелік полиция анықтаған соң біз пәтер иесіне баспанасын кәсіпкерлік нысанда пайдаланып отырғанын, ол үшін салық төлеуі тиіс екенін ескертіп хат жолдаймыз. Алайда, пәтер иелері электронды түрде патент рәсімдеп, Заң талаптарына сәйкес табыс көлемін өзі көрсетуге құқылы. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамытуды мақсат еткендер ең аз мөлшердегі пайызбен салық төлей алады. Бұрын жеке кәсіпкер ретінде тіркелу ақылы еді, қазір ақысыз. Кәсіпкердің нақты қанша салық төлейтінін азаматтардың өзі берген жазбаша рұқсатынсыз жариялай алмаймыз. Оларды тексеруге де уәкілеттілігіміз жоқ. Салықшыларға аудиторлық тексеруді кірістер департаменті жүргізеді. Қазір облыс пен қала бөлінді. Енді Шымкенттің өз департаменті толық құрылып, іске кіріссе, бәлкім, сол кезде біраз мақсатты назарға алармыз. Дегенмен, бәрі де салық кодексіне сай жасалады, – дейді, Ғ. Төриев.
Пәтерді жалға берудің кәсіпке айналғаны қызық. Әрине, шырайлы шаһарға қонақ болып немесе іссапармен келіп, 2-3 күнге ғана пәтер жалдайтындарға жайлы баспана қажет-ақ. Әрі шығынын заңдастыру үшін квитанция бере алатын жеке кәсіпкер қызметіне жүгінуі де орынды. Бірақ, тұрғын үйдің де өз заңы бар емес пе? Айтпақшы, рейд кезінде Әл-Фараби аудандық ішкі істер басқармасы қандай әрекет жасағанын да тізе кетейік.

110 азамат қай заңды сақтамады?

DSC 4876

Басқарма бастығы, полиция подполковнигі Сейітжомарт Сейітханның айтуынша, рейд кезінде 110 азамат полиция бөлімшесіне жеткізілген.
– Олардың саусақ іздері алынып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 427, 440, 441, 449, 590, 593, 597, 601 баптарын бұзған 110 азаматқа әкімшілік хаттамалар толтырылды. 9 азамат уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталығына, 4 азамат құжаттарының болмауына байланысты қабылдап-тарату орталығына орналастырылды. Біз бұл шара аясында бақылауды тоқтатпаймыз, – дейді С.Сейітхан.
Журналистік зерттеу болғандықтан ҚР Заңдарын да бір шолып шыққанды жөн көрдік. Сонымен, Т.Айбергенов, Ә.Жангелдин көшелері мен Республика даңғылына қарасты көпқабатты үйлерде орналасқан пәтерді жалға беру бойынша тұрғындардың шағымына байланысты құрылған жоспар қалай жүзеге асты? Кімдер, қай баппен, қандай жауапқа тартылды?
Полиция полковнигі атаған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 427 бабы – «Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзу» жайлы екен. Ал 440 бап – «Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу», 441 бап – «Жекелеген қоғамдық орындарда темекі бұйымдарын тұтынуға тыйым салуды бұзу», 449 бап – «Қоғамдық орындарда тиісу», 590 бап – «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу», 593 бап – Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау, 597 бап – «Көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу», 601 бап – «Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау» сынды әкімшілік құқық бұзушылықтар.

ТҮЙІН

Әрине, рейд – профилактика сынды. Құқық қорғаушыларды көрген «жеке кәсіпкерлер» кәсібін тек заң аясында атқарып жатқан болуы керек. Әйтпесе, полиция қызметкерлері көршілерінің мазасын кетіріп, тәнін саудаға салғандардың үстінен әлдеқашан ҚР Қылмыстық Кодексінің 302 бап – «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді тұтыну үшiн притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және осы мақсаттар үшiн үй-жайлар беру», 309 бап – «Жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау және жеңгетайлық», 310 бап – «Дәрiлiк немесе басқа да құралдарды пайдаланып есеңгiрету үшiн притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау» бойынша қылмыстық іс қозғаған болар еді.
Жауапты қызметкерлер қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдағы уақытта да осы аумақтағы тыныштықты назарда ұстауға уәде берді.

Последнее изменение Среда, 19 Сентябрь 2018 05:18
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.