ШЫМКЕНТТЕ ЖІП ИІРУ ӨНДІРІСІ ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ Избранное

Пятница, 06 Декабрь 2019 05:51 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1198 раз

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Шымкент қаласына келді. Сапар барысында Үкімет басшысы «Alliance» Сауда-өнеркәсіп палатасы» ЖШС жіп иіру фабрикасын салтанатты түрде іске қосу іс-шарасына қатысты. Аталған кәсіпорынның жұмысымен танысып, ұжымға сәттілік тіледі.

400

 

– Көп жылдан бері жұмысы тоқтап тұрған фабриканы қайта жандандыруға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастамашы болған «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын, сондай-ақ,
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша берген тапсырмасы негіз болды. Тапсырмаға сәйкес,
Қазақстан және Өзбекстан елдерінің бірлескен үкіметаралық комиссияның 18-отырысында Шымкент қаласында тоқыма кластерін бірлесіп іске қосу туралы келісімге қол қойылды. Жобаны жүзеге асыру барысында инвестор болған өзбекстандық әріптестерімізге алғыс айтамыз. Алдағы уақытта Шымкентте дәл осындай тағы екі фабрика іске қосылады, – деді Асқар
Ұзақбайұлы. «Alliance» Сауда-өнеркәсіп палатасы» ЖШС жіп иіру фабрикасы – «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ және «Alliance Textile» өзбек жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының бірлескен кәсіпорны. Инвестор «Alliance Textile» – Өзбекстандағы тоқыма өнеркәсібін дамытуда мол тәжірибе жинақтаған кәсіпорын. Жергілікті тоқыма өндірісін қайта іске қосу үшін қос тарап жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Коммуналды қызмет желілері тартылып, көп жылдан бері жұмысы тоқтап қалған фабрика 120 жаңа жұмыс орнымен қайта іске қосылды.

402


Премьер-Министр мұндай өндіріс орнын іске қосу Қазақстанның тоқыма кластерін дамытуға зор серпін беретініне сенім білдірді. «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ басқарма төрағасы Ермек Сакишевтің айтуынша, мақта-талшықты өңдеу көлемі жылына 6 мың тоннаны құрайды. Жобаға Өзбекстан тарапынан шамамен 4,6 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған.
– Инвесторды таңдауда оның инвестиция көлеміне ғана емес, осы саладағы тәжірибесін де басты назарға алдық. Сыртқы нарықта өнімі танылған Түркия, Үндістан, Пәкістан, Қытай және
Өзбекстан елдерінің кәсіпорындары қатысты. Біз олардың шикізатпен қамтамасыз ету мүмкіндіктерін де ескердік. Себебі, бұл өнімнің экспортқа шығара алатындай сапасы жоғары болуы тиіс. Тіпті, «Alliance» жіп иіру фабрикасында иірілген жіпті сатып алуға түркиялық әріптестеріміз ниет білдіріп отыр. Фабрика жылына 6000 тонна мақтаны иіруге қуатты. Шикізаттың көбін Түркістан облысы Мақтаарал ауданынан алады. Сондай-ақ, жұмысшылар 4 ауысыммен жұмыс істейді, ал жалақысы 100 мың теңге көлемінде қаралып отыр, – деді Ермек Рахатұлы.
Е.Сакишевтің айтуынша, 2020 жылы Шымкент қаласының тоқыма кластерін қалпына келтіру жөніндегі Жол картасы аясында тағы екі фабриканы іске қосу жоспары бар. Бұл Қазақстанда өңделетін мақта көлемін 2 есеге арттыруды қамтамасыз етеді және 800 жаңа жұмыс орнын құрады.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.