Игілік иммунитеті артып тұр Избранное

Среда, 11 Декабрь 2019 04:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 454 раз

Ел Тәуелсіздігінің 28 жылдығы қарсаңында Шымкент қаласында спорттың бірнеше түрі, атап айтқанда волейбол, футбол, баскетболмен айналысуға арналған ойын алаңдары және балалар ойын алаңшалары ашылып, воркаут дене шынықтыру құрылғылары пайдалануға берілді.

 DSC8071

Елбасы тапсырмасы бойынша әзірленген Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі Кешенді жоспары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтқанда, спорт алаңшалары Шымкент қаласының Еңбекші ауданына Түркістан облысының Төлеби ауданынан енген Тоғыс, Маятас елдімекендерінде бой көтерді.

Нысанның ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі Е.Айтаханов жергілікті халықты Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтады.

– Шымкент мегаполис ретінде күннен күнге көркейіп, абаттанып келеді. Сүйікті қаламыз алдағы уақытта да одан әрі гүлденетін болады. Қала аумағына енген елдімекендердің инфрақұрылымдық жағдайы жақсарып, Шымкент – мәдени, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамыған шаһарға айналмақ. Келер жылы Шымкент ТМД елдерінің мәдени астанасы болғандығын, «екінші ұстаз» Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдығын атап өту жөніндегі жоспарымыз солардың айғағы.

Біздің негізгі мақсат – бюджетке салмақ салмай, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктер және жеке инвестициялар тарту арқылы қордаланған мәселелерімізді шешу. Міне, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ашылып отырған спорт алаңшалары тұрғындардың сүйікті демалыс аймағы мен жастардың шынығатын негізгі орнына айналатынына бек сенімдімін, – деді Ерлан Қуанышұлы.

Жергілікті тұрғындар атынан сөз алған Талиба Бурковецкая қала және аудан әкімдігіне алғыс айтты.

 DSC8091

– Біздің Тоғыс тұрғын алабының Мұнайбарлаушылар көшесі қала аумағына енгенге дейін көпқабатты 24 үйдің кәріз жүйесінен шыққан қалдық осы айналаны түгел ластап жататын. Сондай қиындықтарды еңсеріп, коммуналдық-шаруашылықты ретке қоюмен шектелмей, саламатты өмір салтын ұстануға керемет жағдай жасалып отыр. Ең әуелі Шымкент қаласына мегаполис мәртебесін беріп, өңірді дамытуды басты назарға алған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс айтқым келеді. Шымкент қаласының агломерациясына ерекше көңіл бөліп, республикалық қалалар қатарына қосты.

Бүгінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та мегаполистің шалғай елдімекендерінің əлеуетін арттыруды басты назарға алып отыр. Президент тапсырмасына жауапкершілікпен қарап, осы бағыттағы жұмыстарды тұрақты жалғастырып отырған қала әкімі Ерлан Айтахановқа және аудан әкімі Ғалымжан Ілиясовқа рахмет! Біз бұл алаңшаларды күтіп ұстайтын боламыз, – деді ол.

Айта кетейік, спорттық жəне ойын алаңшаларын петропавлдық «Strong servis» ЖШС мемлекеттік жекеменшік əріптестік жобасы аясында салды. «Strong servis» ЖШС директоры Ғани Жұмабаевтың айтуынша, бұл – инвестордың Шымкент қаласындағы өз өнімдерін қолдана отырып салған ауқымды әрі бірінші жұмысы.

Петропавлдық инвестор – 1,2 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсаған. Тоғыс тұрғын алабы, Мұнайбарлаушылар көшесінде 2 футбол (20х40), 1 баскетбол және волейбол (16х30), 1 тренажер, воркаут және балалар ойын алаңшалары орнатылды. Ал Маятас тұрғын алабы, Б.Момышұлы көшесінде 1 ашық спорт алаңшасы (50х90) мен балалар ойын алаңшасы тұрғындар игілігіне берілді.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.